Аймақтар • 24 Сәуір, 2018

Атырауда аймақтық кітапханашылар форумы өтті

1106 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кітапханашы – жай ғана кітапханаға келгендерге қызмет көрсетуші емес. Ол – парасаттың шырақшысы. Ой-өрісі кең, білім қазынасын мол жиған жан ғана руханият ордасына тұрақтап қалады. Көркем әдебиет арқылы қоғамдық сананы қалыптастыруға болады. 

Бұл ретте кітапханашыларға артылатын міндеттің жүгі ауыр. Атырауда өткен «Кітапханадан – ағарту орталықтарына: жаңғырудың жаңа мүмкіндіктері» республикалық форумында кітапхана ісін кемелдендіру жайы айтылды.

Атырауда аймақтық кітапханашылар форумы өтті

Кітапхана мен оқырман арасындағы алтын көпір

Форумға Атырау, Маңғыс­тау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан келген 100-ден астам кі­тапханашы мен Ұлттық акаде­миялық кітапхана басшысы­ның міндетін атқарушы Нұржан Жол­дыбалинов қатысты. Соңғы жылдары әлемнің 20 елінде қазақ әдебиеті орталығы ашылды. Қазір кітапханалардың алдында бірыңғай электронды кітап қорын құру және барлық қазақстандыққа қолжетімді ету міндеті тұр.

– Елбасының «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасының аясында Ұлттық академиялық кітапхана қазақ халқының тарихына, мә­дениетіне қатысты шетелдік кі­та­п­ханалар қорындағы құжат­тарды зерттеп, жинақтау ісін қолға алды. 3D-кітапхана құру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Ұлыбритания, Өзбекстан, Франция, Татарстан, Түркия, Башқұртстан, басқа да елдердегі кітапханалардан құжаттар алын­ды. Ұлттық академиялық кітап­ханада атаулы залдар ашыла бас­тады, – дейді Н. Жолдыбалинов.

Мемлекет басшысының тап­­сырмасымен қолға алын­ған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы кітапханаларда да жүзеге асады. 2020 жылға дейін барлық қазақстандық кітаптар цифрлы форматқа ауыстырылады. Қазір еліміздегі барлық кітапханалар осы мақсатта жұмыс істеуде. Бірыңғай қазақстандық электронды қор құру міндеті де аталған бағдарлама аясында жоспарланған.

– Ұлттық академиялық кі­тап­­ха­наның алдында кітап­ханашының имиджін, беделі мен кәсіби біліктілігін көтеру міндеті тұр. Кітапхана мен оқырманның арасындағы алтын көпір – кітапханашылар, – деп атап өтті Н.Жолдыбалинов.

Міндет – жаңа заман талабына сай болу

Шарада аймақтардан келген кітапханашылар тәжірибе алмас­ты. Ғабдол Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми әмбе­­­бап кітапхана басшысы С.Із­мұхамбетова барлық кітапхана қоры цифрлы жүйеге өтуі тиіс деген Үкімет тапсырмасы лайық­ты жүзеге асып жатқанын айтты. «Кітапхана қорындағы си­рек әдебиеттерді сақтау және оқыр­манға қолжетімді ету мақ­сатында ғасырлар қойнауы­нан сыр шертетін 700-ге жуық әдебиеттің «Сирек басылымдар» атты деректер базасы жа­сақталып жатыр», дейді Сара Салахатдинқызы. – Цифрлы форматқа 1137 дерек көшірілді. Дәстүрлі жұмыс түрлерімен қатар оқырман-пайдаланушылар үшін «Құжаттарды электронды жеткізу», «Виртуалды анықтама қызметі» іске қосылды». Аты­рау облыстық кітапханасы Ұлтт­ық кітапхана құрастырған авто­маттандырылған ақпараттық Web-РАБИС жүйесін алғаш­қы­лардың бірі болып пайдаланып отыр».

– Атыраудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің кітапхана меңгерушісі А.Демішова жас оқыр­мандар және ата-аналар клубтары құрылғанын айтады. «Кітапхананы оқу залы, мультимедия залы және зерттеу залы деп үшке бөлдік. Қазір қорымызда 28 000 кітап бар. Үш тілде көркем әдебиет жинақталған, оқытушыларға арналған әдістемелік материалдар да жеткілікті», дейді ол.

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылы­ми­ кітап­ханасының бөлім мең­­геру­шісі Қ.Райымбаева «Кітапханаларды жаңғырту: өркениетке енудің жаңа белесі» тақырыбында жасаған баяндамасында облыс бойынша жалпы кітап қо­ры 3 млн 830,6 мың данаға жет­кенін айтты. Аймақтағы ауыл­дық кітапханаларды көп­функ­циялы мекемеге айналдыру, соның ішінде ауыл кі­тапханасы мен коворкинг орта­лықтарын ұйымдастыру бойын­ша атқарылып жатқан шаралар қатары аз емес. Биыл Алға ауданы Есет батыр модельді ауылдық кітапханасын, Темір ауданындағы Кеңқияқ модельді ауылдық кітапханасын, Ырғыз ауданындағы Қызылжар модель­ді ауылдық кітапханасын жаң­ғырту жоспарланған. С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Деректі мұраны цифрландыру» жобасы аясында цифрландыру бойынша электронды цифрлы форматқа көшіру үшін Эларскан кітап терминалын қолдана отырып, өңір тарихына қатысты 41 536 құжатты өңдепті. «Кітап – та­уар ғана емес, халықтың рухани қазынасы, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы жинақталған ақыл-ойының сақталып тұрар алтын қоймасы, осы қойманы тек оқырманға қажетті кітаппен толтыру керек. Сонда ғана кітапханаға келушілердің санын көбейте аламыз», дейді Қ.Райымбаева.

Маңғыстау облысы Бейнеу аудандық жасөспірімдер кі­тап­­ха­­на­сының меңгерушісі А.Түгелова «Кітапханалар мәде­ниет және бос уақыт өткізу ор­талығы ретінде» тақы­рыбын­да, Ж.Молдағалиев атын­дағы Ба­тыс Қазақстан облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы өлкетану бөлімінің жетекшісі С.Сағынтайқызы жаңа жобалар туралы баяндама жасады.

Ғ.Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында өткен жылы «Фа­риза Оңғарсынова» кабинеті ашыл­ған еді. Атыраулық жас қаламгерлердің басын қосқан «Фариза жұлдыздары» клубының жетекшісі, ақын Ә.Дәулетбаева шара аясында шеберлік сыныбын өткізді.

Форум жұмысына Атырау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы С.Сабыр қатысып, қоғамдағы кітапханашылар рөлінің  жылдан  жылға маңызға ие болып келе жатқанына тоқ­талды. Кітапханалар жұмысын жаңғыр­тудың өзекті мәселелері, маман­дардың кәсіби деңгейі мен зама­науи келбеті, кітапханалық ресурстарды цифрлы форматқа кө­шіру, ауыл кітапханаларын жаңғырту мақсатында жасалуы тиіс жұмыстар туралы ойлар қозғалып, пікірлер айтылған шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағ­дарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылды. Онлайн тәртібінде өткен форум жұмы­сында шет аймақтардың да кітап­ханашылары өзара тәжірибе алмасып, сұрақ қоюға мүмкіндік алды.

Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ