Бокс • 24 Сәуір, 2018

Қазақ боксының дарабозы – Нұржан Сманов

1160 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Олимптің ал­тынына бір адам лайық болса, ол – Нұржан Сманов еді. Бұйырмапты. Бір кездері бү­гінгі қазақ серкелерінің екі аяғын бір етікке тығып жіберген жампоз мемлекеттік қызметті қойып, өз кәсібімен айналысып жүр. Бокстан кейін де әділетсіздікті көп көрді. Ешкімге шағынуды білмейтін арда азамат атын ақтап алғанымен, «батыраштардың» тірлігі жүрегінде шемен болып қатқаны анық. Ол – қазақ боксының дарабозы еді-ау.

Қазақ боксының дарабозы – Нұржан Сманов

Алматыда халықаралық жарыстар жиі өтіп жатады. Қазақстан құрамасының сапынан Болат Жұмаділовті, Нұржан Смановты және Ермахан Ыбрайымов пен Ар­кадий Топаевты көргенде кө­зің тойып, арқаңнан ауыр жүк түскендей жеңілдеп қаласың. Бұлар шын мәнінде әлемдік деңгейдегі саңлақтар болатын.

Әсіресе, Нұржан Сманов. Шаршы алаңда өте ақылды жігіт. Қарсыласының ойын көзінен оқып қояды. Соқ­қы­лары ауа қармап қала берген соң ананың дәсі қайтып қа­ла­ды. Қасқырдың алдына түс­кен қояндай бүгежек қағады. Қылар қайраны жоқ, жеңіліп тынады.

Қазақстан тәуелсіздік алып, етек-жеңін жинағанда осы Нұржан Сманов құра­ма­ның капитаны болды. Олимп шыңын осы Сма­нов  бағындырады дескен жұрт.

Қазақ боксы тарихында бір боксшының бармағы шайнау­лы кеткен болса ол да осы біз мақтауын  жеткізе алмай отырған Нұржан Сманов.

Бір салмақта қарайлас Ер­махан Ыбрайымов, Аркадий То­паев, Қанатбек Шағатаев, Ма­рат Жақиев, ағайынды Бер­ді­бековтер болды. Қазақ­стан боксының келешек жұл­дыздары, ол кезде көкөрім бозбалалар.

– «Кім мықты, мен мықты» болып бір салмақта өзара таласып жүреміз, – дейді ер көңілді Ермахан. – Бірде анау жеңеді, бірде мынау жеңеді. Бір күні «Буревестник» спорт қоғамынан жарысқа Нұржан Сманов келді. Кіл мықтылар Нұржаннан алдымыз нок­даун, артымыз нокаут алып, 63,5 кило салмақтан тырағайлап қаштық. Біреу салмақ қуып, тө­менге түсті, біреу ауырлады. Үміті жоқтары қолғабын ше­геге ілді. Бәріміз таласып жүр­ген салмақты басыбайлы Нұр­жанға беріп кеттік.

1987 жылдан бастап бокста Нұржан Смановтың дәурені жүр­ді. Ол 15 жасында Кеңес Ода­ғының чемпионы атанып, КСРО спорт шебері атағын алды.

18 жасында Еуропа чемпионы, Еуропаның «Үздік бок­сері» атанды. 1988 жылы Халық­аралық дәрежедегі КСРО спорт шебері, 1995 жы­лы «Қазақстан Респуб­ли­ка­сының еңбегі сіңген спорт шебері» атағын алды. Он бес жыл бойы ұлттық құраманың 63,5-67 кило салмағында нөмірі бірінші боксшысы болды. КСРО-ның 4 дүркін чемпионы, Азия және Азия ойындарының 2 дүркін чемпионы, Еуропа чемпионы, Әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері, 1996 жылы Атлантада өткен олимпия ойындарында бесінші орынға табан тіреген. Өзінің 15 жылдық спорттық карьерасында 52 медаль жеңіп алған. 35 алтын, 9 күміс, 8 қола ме­даль­дардың иегері.

Бір атақты боксшыға же­те­тін даңқ пен дақпыртқа ие болғанымен, осының бәрі Нұр­жан Смановтай дарабозға аздық ететін еді. Бұл біздің ғана емес жанкүйерлердің де пікірі. Оның алдында адам айтса нанғысыз, түсініксіз жағ­даяттар болды. Біз айтқалы отырған жағдай Атланта Олим­пиадасының алдында болған.

...Ташкентте Азия чемпио­наты өтіп жатыр. Нұр­жан­ның көңілінде анау айт­қан­дай толқу жоқ. Қазір өзі­мен беттесетін Нариман Атаев­ты бір кісідей біледі. Мық­ты қарсылас, сыралғы жігіт. Соң­ғы жылдары екі рет кездесті. Екеу­інде де өзі басым түскен. Ұрыс мәнері Қанатбек Шаға­таевқа ұқсағанымен соққы­лары әлсіздеу. Нұржанның шар­шы алаңға шыққанда кей­біреулердей шиыршық атып орнында байыз таппай аласұру ғадетінде жоқ. Ауаны осып-осып бірнеше мәрте соққылар жасап, әлгінде қызынған денесін жекпе-жек жағдайына бейімдеді. Кеше ерте жатқан, жақсы сергіп қалыпты. Тоят тілеген бүркіттей басын жан-жағына бұрып тұрып, өзіне қадалған от жанарды байқап қалды. Залға жалт қараған. Көпшіліктің ортасында отыр­ған қара киімді екі әйелді байқап үлгерді. Еріндері кү­бір­леп бұдан көзін алмайды. Көздері шоқтай. Нұржан өзі­нің сәл талықсығанын сезді. Ре­фе­ридің ортаға шақырған үнін талып естіді. Бұнысы несі?!

Есін жиса бәрі Қазақстан құрамасына жаттығуға беріл­ген бөлмеде отыр. Үстін қара тер басып кетіпті. Мойнына ас­қан орамалы да шылқып кеткен. Жайшылықта жайраңдап бір-бірін іліп шалып отыратын жігіттер ауыздарына су толтырып алғандай үнсіз. Біреуі мұ­ның бетіне қарай алмайды. Көпшілігі қабағымен жер шұқып отыр.

– Мен жеңдім бе?

Ешкім селт етпейді. Көр­дей тыныштық. Бапкері Са­фиул­лин жауар бұлттай түнеріп отыр.

– Нұрғали аға, не болды, мен жеңдім бе?

Ақсары жүзі нарт болып қызарған Нұрғали Са­фиул­лин бір жігітке иек қақ­қан. Өлмегені қара жер. Жек­пе жекті түсірген таспадан көр­гені бұл екі қолымен басын тұм­шалап алыпты. Әншейін­де бұл жақындағанда ұлы қор­ғанысқа кететін Атаев бокс қапшығын ұрып жүргендей қа­лауынша соғады. Өмірінде соққыдан құлап көрмеп еді. Нариман бір емес екі рет сұ­латып түсірді. Мына сұм­дық­ты көргенде ұяттан, намыстан өзегі өртеніп көзінен жанартаудай болып жас бұрқ ете қалды. Бір ыстық ағын миын шаншып түсіп табанына дейін жай оғындай жарып өтті. Өкіріп жылағысы келген, өз-өзін зорға ұстады.

Рингке буырқанып шық­қаны есінде, құлағына рефе­ридің ортаға шақырғанын талып естігені есінде. Әрі қарай қалай болды, түк те есінде жоқ. Кейіннен қара киінген екі әйел есіне түсті. Кімнің айтқаны есінде жоқ, біреу Атаевтың шешесі қара магиямен айналысады деп еді. Ешкімнің обалын мойнына алғысы келмейді бірақ, сол оқиға жүрегіне өшпестей жара салып еді...

Содан кейін-ақ жолы оң­ғарылмай қойды. Атланта Олимпиадасына барды. Ылғи жолын кесе беретін ку­балық қабылан Хуан Эрнандес Сьер­раның асуынан өте алмады. Салмақ қуу қиынға түскен соң 71 килоға ауысқан.

1997 жыл. Күрес, бокс дегенде ішіп отырған асымызды тастап жүре беретін Қыдырбек досым екеуміз Шымкентте өтетін Қазақстан чемпиона­тына баратын болдық. Асты­мызда сол замандағы маши­наның қоразы – «жигули». Қыдырбектікі. Жолды да ман­дытып білмейді екенбіз. Қордайға келгенде оңға бұрылудың орнына тіке кетіп Қырғызстанға өтіп кетіппіз. Қас қарайған шақ еді. Таң сібірлегенде ғана тізгінімізді тарттық. Қарабалта қаласында жүр екенбіз. Бүгінде бөтен машинаны мың шоқып бір қарайтын кеденшілер мен шекарашылардың бірде-біреуі «қайдан жүрген пен­десің­дер» демепті-ау. Қайырып жолға салды. Шымкентке кел­дік. Ермахан Атланта Олим­­пиа­­дасында қоладан салым сал­ған. Бұл ол кезең үшін бас ай­налдыратын жетістік. Олим­пия ойындарында ширек фи­налдан қайтқан Нұр­жан Сманов бір салмақ ауыр­лап Ерма­ханның ең басты қарсыласы болып тұр. Жан­күйер­лердің назары осы жекпе-жек және кәрі тарлан Серік Өмірбеков пен жас пері Мұх­тархан Діл­да­бековтің айқа­сына ауған. Нұр­жанның әкесі Дәніқұл аға қасымызда отыр. «Нұржан мені көрсе, тол­қып білгенінен жаңылып қалады. Көрінбей отырайын». Алпамсадай кісі екі батыр шаршы алаңға шық­қанда бетіне төсеген жар­ты бет па­раққа сыйып кет­ті. Бір шетінен сығалап қарай­ды, қайран әке. Нұржан клас­сикалық бокс мектебінің хас шебері. Опыра ұрып кейін тай­қып кету мәнерінде жоқ. Бір мезетте ұруға рұқсат етіл­ген барлық нүктелерді қайыс­тыра соғып санап береді. Ер­ма­хан көсіп ұрғанда талды­рып жығатын нағыздың өзі. Нұржан алымдылау болды. Рефери қолын көтерді. Бірақ болашақ Олимпия ойындарының жеңімпазына өзін мойындатқан жампоздың жолы бәрібір оңғарылмады. Е.Хасановты еске түсіруге арналған халықаралық жарыста финалға шығуға тиіс болған. Алдында екі көкөрім бозбала тұрды. Нұржанға қар­сылас бола алмайтынын бәрі білді. Бірақ сол екі боз­баланың арқа тірері мықты болатын. Нұржанды жарыс­қа жеткізбей алып кетіп шүй­десінен пистолеттің дүмімен ұрып талдырып, қаладағы бір шағын аудандағы орындыққа отыр­ғызып кетіпті. Кім екенін білдік. Шырылдап «Жас Алаш­қа» жаздық. Біз­дің білгені­мізді ол да білді. Кез­дестік. «Мен емес» деді. Сен­ген рай таныттық. Өйткені қолмен ұстап алған жоқпыз, куә де жоқ.

Бокспен қоштасар алдында Нұржан өзін талай қымбат медаль, атақтан айырған Хуан Эрнандес Сьерраны Алматыда өткен спаррингте нокдаунға түсірді. Бірақ ресми жарыс емес, оқу-жаттығу жиы­ны болатын. Сондықтан еш жерге жеңісі тіркелген жоқ.

Мәскеу Олимпиадасының алтынын отызға қараған ша­ғында алған Жақсылық Үш­кемпіров ағамыздың финал­дағы жеңісінен соң «басқа­ларға доғаша өзі иіліп келіп тұратын жеңіс, мен алақа­нымды ашсам зым-зия жоқ болады. Осыған көрініп тұр екен-ау» деп жылағанын кі­таптан оқыған едік. Олимптің ал­­тынына бір адам лайық болса, ол – Нұржан Сманов еді. Бұйырмапты. Бір кездері бү­­гінгі қазақ серкелерінің екі аяғын бір етікке тығып жібер­ген жампоз мемлекеттік қыз­мет­ті қойып, өз кәсібімен айна­лысып жүр. Бокстан кейін де әділетсіздікті көп көрді. Еш­кімге шағынуды білмей­тін арда азамат атын ақтап ал­ғанымен, «баты­раш­тардың» тірлігі жүрегінде ше­мен болып қатқаны анық. Ол – қазақ боксының дарабозы еді-ау.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы