Аймақтар • 24 Сәуір, 2018

«Қабан» қозыға үрке қараудың қажеті жоқ

934 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазір болмашы нәрсені әлеуметтік желілерге жазып, дабырайтатындар аз емес. Жанкелдин ауданындағы Тәуіш ауылында өлі туған қозы туралы тараған хабарды да соның қатарына қосуға болады. 

«Қабан» қозыға үрке қараудың қажеті жоқ

Тәуіш ауылының тұр­ғыны Ақпан Досановтың қора­сындағы бір қойдың шала туған қозысының басы үл­кен, астыңғы жақ сүйегі жетіл­мегендіктен оны бір қарағанда қабанға ұқсатады. Бірақ таби­ғаттың мұндай «ауытқуы» малдың ішінде ілуде болса да кез­десетінін білетін шаруа оны ауылдағы мал дәрі­геріне көрсетуді де мақсат тұтпай, көміп тастайды. Бірақ неме­релері жетілмей, шала туған қозыны телефонымен суретке түсіріп алады, уатсап арқылы сүт пісірім уақытта-ақ дүйім жұрт­қа таратып үлгереді.

Біз осы «қабан» болып туған өлі қозының анық-қанығын білу үшін Жанкелдин аудандық «Мал дәрігері» мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорнының директоры Әбілбек Сейт­қа­зиевпен хабарласқан едік.

– Ауыл тұрғынының қора­сындағы қой қай қабан­мен будандасыпты? Құлақ естімеген жағдайды жұрт айта беретін болды ғой. Әлеуметтік же­лілерде Байқоңырдан ұш­қан Ресей зымырандары таратқан радиация салдары дегендер де табылып жатыр. Мұндай жағдай бұ­рыннан кездесетін құбылыс. Шаруа қорасындағы қошқарын өзгертіп отыруы керек. Қан туыстығы бар малда мұндай құ­былыстар болып тұрады. Өзім­нің көп жылғы жұмыс тәжірибемде екі басты немесе сегіз аяқты қозының туға­нын көргенмін. Еркек малды өзгертіп отырмаған жерде осындай тұқымның жетілмеуі, азғын­дауы бола береді, – дейді Әбілбек Сейтқазиев.

Төрт түліктің жағдайын бес саусақтай білетін қазақ уақ малдың еркегін ауыстырып отыр­ған. Тағы бір қызығы, ілуде бір болса да, ірі қара мен жыл­қының төлін егіз тууы кез­десіп тұрады екен.

– Негізі ірі қара малдың егіз тап­қанын ырымшыл қазақ жақтырмаған. Сиыр егіз бұзау, бие егіз құлын тапқанда бір тө­лін өлтіріп, көміп тастаған жағ­дайлар да кездескен. Немесе егіздің біреуін өзгеге сыйлап жі­береді екен. Ал Торғайда жыл­қының егіз құлын тууы жиі кездесіп жүр. Менің байқауым­ша, мұндай құбылыс жылда кездеспейді. Ал кейбір жылдары сиыр да, жылқы да егіз таба­ды. Биыл Торғайдың өзін­де екі жылқының бауырында егіз құлын шапқылап жүр, кә­дімгі құлындар, ешқандай ауыт­қуы жоқ , – дейді Әбілбек Сейт­қа­зиев.

Ауылдың мал дәрігерлері «қабан» қозының себебін жұрт­ты дүрліктірмей дөп басып айтып берді. Ал жылқы мен сиыр егіз туды деп несіне үрке­міз? «Қой егіз туса, шөптің басы айыр шығады» деген ғой шаруа бақ­қан аталарымыз. Айт­пақшы, «Бардың есебі табыла­ды» дегенді айтқан да сол аталары­мыз.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы,

Жанкелдин ауданы