Аймақтар • 24 Сәуір, 2018

Үржар ауданында «Ақперлі» бәйге алаңы ашылды

717 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тарбағатай тауының ең биік шыңдарының бірі «Ақперлі шыңы» деп аталады. Қай жылы туып, қашан қайтыс болғаны беймәлім Ақперлі деген кісінің бойында көріпкелдік қасиет болған деседі.

Үржар ауданында «Ақперлі» бәйге алаңы ашылды

Фото: автор

Дүниеден өтерінде: «Мен сендерге найзағай жарқылдатып, күн күркіретіп маза бермеймін ғой. Мені етекке жерлемеңдер. Тарбағатайдың ең биік шыңына апарып қойыңдар» деп аманат қалдырыпты ұрпақтарына. Жергілікті жұрттың айтуынша, «Ақперлі» шыңының басына бұлт үйірілсе, міндетті түрде күн күркіреп, жаңбыр жауады екен. Сол маңнан мал айдап өткен адамдар дұға қылмай, малдары қырылып қалған жағдайлар да болыпты.

Жақында Үржар ауданының Бестерек ауылы маңында өмірі зерттеп-зерделеуді қажет ететін осынау жұмбақ тұлғаның құрметіне «Ақперлі» деп аталатын бәйге алаңы салтанатты түрде ашылды. «Ауданымызда ұлттық спорт түрлері кең қанат жайып келеді. Жыл басында республикалық бүркітшілер сайысы да осы Бестерек ауылында өткені белгілі. Қолдарынан ұялы телефондарын тастамайтын бүгінгі жастар бір уақ таза ауада серуендеп, атқа мінсе деген ниетпен ашып жатырмыз бұл бәйге алаңын», дейді іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі Саят Байқадамов.

Қарлы шыңдары менмұндалап алыстан көзге түсетін Тарбағатай тауы баурайындағы бәйге алаңының бір айналымы - үш шақырым. Бұл күні бәйге алаңының ашылу құрметіне орай тай, құнан, ат жарысы ұйымдастырылып, жиналған жұртты бір серпілтіп тастады.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Үржар ауданы,

Бестерек ауылы