Қазақстан • 24 Сәуір, 2018

Қазақстанның жас ғалым-педагогтарының I Республикалық Слеті өтеді

405 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бейсенбі күні Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Қазақстанның жас ғалым-педагогтарының I Республикалық Слеті өтеді. 

Қазақстанның жас ғалым-педагогтарының I Республикалық Слеті өтеді

Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған жиынға ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, отандық жоғары оқу орындарының ректорлары мен мемлекет және қоғам қайраткерлері, жас ғалымдар қатысады деп күтілуде.

Басқосу барысында Қазақстан жас педагог-ғалымдарының Қауымдастығы құрылмақ. Қауымдастықты құру Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа арнаған Жолдауы негізінде жасалды.

Қауымдастықтың құрылтайшысы – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті.

Қауымдастықты құрудағы басты мақсат – мемлекет пен қоғам дамуына белсенді қызмет ететін, жаңаша тұрғыда ойлай алатын жас педагог-ғалымдарды біріктіру, олардың диалог алаңын құру. Сонымен қатар, білім мен ғылым саласындағы өзекті мәселелер бойынша жас педагогтардың жүйеленген пікірлерін мүдделі тараптарға жеткізу, оқыту мен тәрбиелеудің тиімді технологияларымен алмасу, ғылыми-зерттеулер жүргізу. Және шетелдік жоғары оқу орындары, колледж, мектептердің жас педагог-ғалымдар Халықаралық Қауымдастықтар, одақтар, кеңестермен байланыс орнату да қарастырылған.

Қауымдастыққа мүше ретінде 35 жасқа дейінгі жоғары білім беру жүйесінде қызмет ететін, педагогика саласында ғылыми зерттеу тәжірибесі бар оқытушылар тіркеле алады.

Сонымен қатар, шара барысында латын әліпбиін үйрету орталығында шеберлік класы, «Ақтұмар» мұражайы: тарих беттерінен» тақырыбындағы көрме және «Көркем галерея: оқытудағы шабыт» атты кескіндеме және гобелен бойынша шеберлік класын өткізіледі. Сондай-ақ, Кешенді химия-биология ғылыми зерттеу орталығы, «Жаңартылған энергия көздері» зертханасы мен Психология-педагогикалық түзету кабинетінде Қыздар Университетінің ғылыми зерттеу жобалары көпшілік назарына ұсынылмақ.

Оқу орындары жас ғалымдарының физика, IT, география, филология, хореография салалары бойынша шеберлік сыныптары да ұйымдастырылмақ.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»