Аймақтар • 24 Сәуір, 2018

Оңтүстікте «7-20-25» бағдарламасы бойынша 104 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр

566 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шымкент қаласы Тұлпар мөлтек ауданында бой көтерген «Тұлпар» тұрғын үй кешенінде 3 қабатты көппәтерлі екі тұрғын үй пайдалануға берілді.  Oңтүстікқазақстандық 72 отбасы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша баспаналы болды. 

Оңтүстікте «7-20-25» бағдарламасы бойынша 104 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр

Тұрғын үйлер «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы шеңберінде «Самұрық Қазына» АҚ-ы және «Ақмойнақ» ЖШС-і қаражаттары есебінен бірлесіп салынды. Жалпы аталған тұрғын үй кешенінде 3 қабатты 36 пəтерлі екі үй, 5 қабатты 48 пəтерлі екі тұрғын үй бой көтерген.  

- Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуі бойынша облыста ауқымды жұмыстар атқарылуда.Үндеудің бірінші бағыты «7-20-25» бағдарламасын өңірде жүзеге асыру үшін жеке салушылар арқылы 104 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 16 тұрғын үй жыл қорытындысымен пайдалануға беріліп, барлық пәтерлерді «7-20-25» бағдарламасы арқылы тарату көзделуде»,-деді пәтерлер кілті табыс етілген салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Ж.Түймебаев.

Жеке инвесторлар бүгінде бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыру шеңберінде тұрғын үй құрылысын салуға қызығушылық танытуда. Сәуір айында құны 7,9 млрд.теңге болатын 14 көпқабатты тұрғын үй (768 пәтер, 53,2 мың ш.м.) құрылысына екінші деңгейлі банктен несие алған жеке құрылыс салушыға Өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімімен 7 пайыздық субсидия беру қолдау тапты. Аталған тұрғын үй құрылысы биыл пайдалануға беріледі.

Еркін ДОСЫМБАЙ,

Оңтүстік Қазақстан облысы