Аймақтар • 25 Сәуір, 2018

Абылайхан заманындағы Қызылжар жәрмеңкесі

740 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Абылай хан мал базарларын, сауда-саттық алаңдарын ашқызу арқылы халықтың әл-ауқатын жақсарту, көрші елдермен бейбіт қатар өмір сүру мақсатын ұстанған.

Абылайхан заманындағы Қызылжар жәрмеңкесі

Көрнекі сурет

Атақты Ақмола, Қарқаралы, Қоян­ды жәрмеңкелері жайлы айтылып та, жазылып та жүр. Ал берісі Ресей, әрісі Орта Азия елдерімен, Қытаймен арадағы сауда-саттықты өрістетудің, алыс-беріс байланысты күшейтудің орталығына айналған Қызылжар жәрмеңкесі туралы жұртшылықтың білері аз. Абылай ханның тікелей бастамашылдығымен бой көтерген Қызылжар жәрмеңкесі туралы зерттеу мақаласында жергілікті өлкетанушы Қайролла Мұқанов былай деп жазады: «Абылай хан қазақ елінің дербестігін сақтау жолында сыртқы жаулармен қалай аянбай күрессе, қазақтардың тұрмыс-тіршілігінің оңалуына да ерекше көңіл бөлген. Көрші елдермен сауда-саттық ісін нығайту оның сыртқы саясатында басты орын алды. Оның тұсында Ресеймен, Қытаймен, Жоңғар, Хиуа, Бұхар хандықтарымен қарым-қатынас айтарлықтай жанданды».

Алысты болжай білетін сұңғыла тұлға сауда-саттық қатынасында тек Орынбор жәрмеңкесімен шектел­мей Сібірдің басқа қалаларымен ара­ласуға да ерекше мән берген. Оның ұсыныстары патша өкіметі тарапынан қолдау тауып, көп ұзамай Ор, Троицк, Ямышев бекіністерінде жәрмеңкелер құрылып, екі ел арасындағы сауда-саттық барынша өрбиді. Қытай жағы да ұлы ханға мол сыйлықтар жіберіп, мемлекетаралық ынтымақтастыққа мүдделілік танытады. Генерал-майор А.Тевкелевтің 1759 жылы Сыртқы істер коллегиясына жолдаған мына хаты назар аударарлық. Онда «Бұл күндері Абылай бүкіл Орта жүзде бас билеуші ретінде танылды. Сонымен қатар оның білікті де білгір екенін және қытайлықтармен қатынас жағдайын ескере отырып ішке тарту керек» деп жазылған. Осы себепті Абылай ханның әскер шебінің командирі Родинге жазған хатындағы әулие Петр қамалы жанынан жәрмеңке ұйымдастыру өтінішіне патша үкіметінің келісуден басқа амалы қалмаған сықылды. Әсі­ресе аспанасты елімен біржола жа­қын­дасып кетуінен сақтанып, тілегін орын­дауға барынша мүдделі болады. 1759 жылы 22 желтоқсанда Петропавл бекінісінде далалықтармен сауда-саттық жәрмеңкесін ашу жайлы жарлық шығып, «Ащы белдеу» әскерлерінің қолбасшысы генерал Фраэндорпқа ресми түрде хабарланады. Оның ашылуына Абылай хан қатысып, жақсылық хабар қазақ даласына тарайды. Ел ішінде «Қызылжар жәрмеңкесі» деген атқа ие болады. Кейде «Абылай хан жәрмеңкесі» деп те атайды. 

Сауда алаңы бекіністің төменгі жағы­на орналастырылып, жағалай керме ағаш­тармен қоршалады. Орыс көпес­терінің лавкалары қаз-қатар тізіліп, сау­да айырбас түрінде жүргізіледі. Келесі жылы Самара, Орынбор, Бұхара, Хиуа, Ташкент, Кяхта қалаларынан, атақты Ірбіт жәрмеңкесінен саудагерлер келе бас­тайды. Есіл өзенінің сол жағын бойлай шығысқа-Қытайға қарай «Абылай жолы» сауда жолы айқара ашылады. Подгорное ауылының маңында Абылайдың мекені орналасып, шөбі шүйгін алқаптарда үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр, отар-отар қой бағылып, жәрмеңкеге шығарылады. Саудагерлер керуені ұбап-шұбап Караванная көшесімен жүріп өтетін болған. Осылайша Қызылжар жәрмеңкесі Ресейден Батыс Сібірге, Орта Азия мен Қытайға дейінгі аймақты қамтыған ірі сауда нүктесіне айналған. 1759-1770 жылдар аралығында алғашқы Айырбас сарайы салынған. Жергілікті қазақтар төрт түлік мал, оның өнімдерін, аңдардың терілерін әкеп сатса, Орта Азия, Қытай жақтан жеміс-жидек, қалы кілемдер, мақтадан, жібектен тоқылған маталар, фарфор ыдыс-аяқтар, Ресейден темір ошақтар, шойын қазандар, түрлі-түсті орамалдар, самауырлар, бидай, ұн, құрал-саймандар жеткізілген. Сауданың күшті дамығаны соншалық, 1777 жылы мұндағы дала тауарларының айырбасы Өскемен, Семей, Жәміш, Омбы бекіністерінің үлесінен артып түскен. 1839 жылы 69679 бас мал сатылды деген дерек те кездеседі. 

Абылайдың басқа елдермен бейбіт мақсаттағы қарым-қатынасын, халқына жасаған жақсылығын ақын-шайырлар дәріптеп өлеңдер арнаған. Мәселен, Шәді төре Жәңгірұлы «Тарихат» дастанында былай деп жырлайды: «Ноғаймен, башқұртпен де татуласты, Дұшпандық бір-біріне еш қылмапты. Хиуаға ілгеріде өзі барып, Сауданың Кіші жүзге жолын ашты». Мұндай мысалдар аз емес.

Сөз соңында Абылайхан Қызылжар жәрмеңкесі арқылы сауда-саттықты дамытумен қатар көп жылдар бойы бейбіт қатар өмір сүру стратегиясын да ұстамдылықпен жүзеге асыра білгенін баса айтқымыз келеді. 

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар