Қазақстан • 25 Сәуір, 2018

Шұбайқызылда қызғалдақ фестивалі өтті

2570 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Ұлы Жібек жолы ғасырлар бойы Еуропаны Азиямен, сондай-ақ Қазақстанды Нидерландпен байланыстырады. Осы байланыстар біздің елімізге қызғалдақ гүлін әкелді. Қызғалдақ Нидерландқа кең тарап, гүл саудасында ең өтімді өнімге айналды. Қазір қызғалдақ нидерландықтардың нөмірі бірінші экспорттық тауары. Сол үшін сіздің елге қарыздармыз»,  Нидерланд корольдігіне жасаған ресми сапары кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа сол елдің ханшайымы Беатрикс осылай деп ризашылығын білдіріпті. 

Шұбайқызылда қызғалдақ фестивалі өтті

Иә, әлемге танымал қазақтың қызғалдағы Оңтүстікте өседі. Осы апта Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданында «Ақсу-Жабағылы алауы, Шұ­байқызыл жалауы» атты рес­публикалық қызғалдақ фес­тивалін ұйымдастырумен бас­талуы осының айғағы. Бүкіл түркі әлемінің киелі төрі, қа­сие­тті, әулиелі орны болып та­бы­латын Түркібасы төбе­сінің күншығыс жағындағы ға­жайып төбе – Шұбайқызыл шоқысы деп аталады. Қазіргі Түл­кібас ауданының атауын Түр­кібасы етіп қайта өзгерту туралы ел Үкіметіне ұсыныс хат жолданғаны жөніндегі қуанышты хабарды естіп жиынға келген жұрттың көңілі бір жадырап қалды. «Түркі және Түркеш қағанаттары тұсында Түркібасы төбесіне орда тіккен қағандар Шұбайқызыл шоқысына да көздің қарашығындай қарап, ұрпақтарға мирас, аманат етіп қалдыруды өсиеттеген. Біраз ғасыр бұрын Ақсу-Жа­бағылы мен Шұбайқызылдың қызғалдағын, сарғалдағын Грейг, Кауфман қызғалдағы атандырып, Нидерланд (Голландия) еліне, Еуропаға әкеткен. Шын мә­нінде голланд, нидерланд қыз­ғалдақтарының жаратылған жері, өскен төрі, шыққан төркіні – Шұ­байқызыл, Ақсу-Жабағылы және Қазығұрт пен Қаратау!» – дейді Шұбайқызыл тарихын зерттеген тарихшылар. 

Осы арада айта кетелік, ғасыр бойы «Красная горка», кейіннен «Қызыл төбешік» деп аталып келген жерге, қарымды қаламгер Мархабат Байғұттың бастамасымен «Шұбайқызыл шоқысы» атауы қайта берілген болатын. 1977 жылдан бері бұл жер мемлекеттің қарауындағы аймақ болып саналады.
Фестивальге облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, мәслихат депутаттары, зиялы қауым, үкі­меттік емес ұйымдар өкілдері, туризм саласындағы кәсіпкерлер мен туристік компаниялар, шет­елдік қонақтар, қылқалам ше­берлері, фотосуретшілер, ақын-жазушылар және жастар қатысты. Алқызыл қызғалдақтың ең әдемілері Алатау мен Қа­ра­­­таудың қауышқан жері – Түлкібас ауданының Ақ­су-Жа­бағылысында және Шұбай­қызыл деп аталатын теңдесі жоқ төбеде өсетінін фестивальдің ашылу салтанатында сөз алған өңір басшысы айрықша атап өтті. «Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында өткізіліп отырған іс-шара жастарды табиғатты аялап қорғауға шақыру арқылы жаңа қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге белсене атсалысу мақсатында өткізіліп отыр. Шұбайқызыл шоқысы еліміздің «Қызыл кітабына» енгізілген грейг қызғалдағы ең көп өсетін аумақ. Бұл қызғалдақтар Қазы­ғұрт, Төлеби, Бәйдібек өңір­леріндегі таулы аумақтарда да кез­деседі. Қызғалдақ гүлі қа­зақ халқының түсінігінде – көк­темнің, жаңа өмірдің, көрікті тіршіліктің жаршысы болып есеп­теледі. Осындай әсем таби­ғатты аялап, туған жер­ді қадірлеу баршамыздың мінде­тіміз», деді облыс әкімі. 

«Текті төрім – Түркібасым» деген театрландырылған – хорео­графиялық қойылыммен бастау алған іс-шарада «Шырайлым – Шұбайқызылым» жас қалам­герлер байқауының жеңім­паз­дары марапатталды. Атал­мыш байқау 2013-2015 жылда­ры өткізіліп, биыл қайта қолға алынып отыр. Бұған дейін аудан­дық, облыстық деңгейде өтіп келген шара ауқымы кеңейіп респуб­ликалық деңгейде ұйым­дастырылды. Жас қаламгерлер байқауында бас жүлдені оң­түс­тікқазақстандық ақын Әлім­жан Әлішер иеленсе, 1-орынға аста­налық Қарлығаш Хабай, 2-орынға жас жазушы Абылайхан Есім­бай мен Нұртас Тұрғанбек лайық­ты деп танылса, 3-орынды Ұлықбек Бек­ұзақұлы, Арайлым Мұ­ратәлиева, Суанатилла Сейітов сынды жас қаламгерлер иеленді. 

Сондай-ақ фестиваль барысында қылқалам шеберлері және фотосуретшілердің көрмесі мен мемлекеттік табиғи парктер шеруі ел назарына ұсынылды. Шұбайқызылға «Қызғалдақ» белгісі орнатылды. Іскер әкім Нұр­бол Тұрашбеков тізгін ұс­таған аудандағы іс-шара осы­­лайша жоғары деңгейде ұйым­дастырылды. 

Айта кетелік, қызғалдақтың өте сирек кездесетін 13 түрі қор­ғауға алынып, еліміздің «Қы­зыл кітабына» енгізілген. Соң­ғы жылдары оңтүстіктің әсем табиғатын тамашалауға ке­летін шетелдіктердің қатары да арта түскен. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірге 270 мыңнан аса турист келген. Олар тұмса та­биғаттан бөлек, тарихи, ар­хи­тектуралық және архео­логия­лық ескерткіштерге ерек­ше қызығушылық танытқан.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан» 

Соңғы жаңалықтар