Қазақстан • 25 Сәуір, 2018

Астанада орталық сараптама кеңесінің кезекті мәжілісі өтті

279 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия жанындағы Орталық сараптама кеңесінің кезекті мәжілісі өтті.

Астанада орталық сараптама кеңесінің кезекті мәжілісі өтті

Мәжілістің негізгі тақырыбы – қазақ тіліне аударылған жаңа оқулықтарды әзірлеу барысын, ғылыми мазмұнын талқылау. Тарих, философия, психология, антропология, мәдениеттану, дін­тану, лингвистика салалары бойынша әзірленген оқу­лық­тардың ғылыми редактор­ларының баяндамаларында аталған оқулықтарды оқу бағ­дарламасына енгізудің басым­дықтары айтылды. 

Баяндамаларды талқылау барысында сарапшылар білім беру жүйесінің бәсекеге қабі­леттілігін көтеретін жобалар­ды енгізуге мән беруді, елі­міздің білім беру саласын оқу-әдістемелік материалдар­мен қамтамасыз етудің тұжырым­дамасын қайта қарауды ұсынды.

«Әлемдік деңгейде танымал оқулықтарды қазақ тіліне ті­келей аудару барысын­да ұлт­тық жадыны да естен шығар­мау қажет. Қазіргі уақытта «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқу­лық» жо­басы аясында екі ба­ғыт­та жұмыс істеген абзал. Бірін­шіден, аталған оқулық­тарды аудару есебінен әлемдік стандарттар деңгейіне жетуіміз қажет. Екіншіден, бізге ұлттық жадымызды сақтап қалу ма­ңызды. Өйткені жаратылыс­тану ғылымында ұлт жоқ. Био­логия, физика, химия сынды са­лалардағы кітаптарды ер­кін аударуға болады. Ал қо­ғам­дық-гуманитарлық ғылым­ға келгенде біздің ұлттық құндылық­тарымызды, салт-дәстүрімізді, ұлттық жадымызды ескеруіміз қажет», деді Ұлттық ғылым ака­демиясының академигі Болат Көмеков. 

Оқулықтарды аудару жұ­мысына белсене араласқан филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлы оқу­лықтарды аудару барысында пайда болған мәселелер мен сұрақтарға тоқталып, термин аудару барысында әртүрлі пікірлер мен даудың болғанын айтты. «Ғылым үшін кәсіби пікір­­таластар пайдалы. Ол жеті­луге, өсуге көмектеседі. Шыны керек, оқулықтарды аудару барысында қазақ тілінде сөйлем құ­рау қиындық тудырған жоқ. Негізінен ұғымдар мен тер­миндердің қазақша баламасын табу ауыр болды. Бір термин үшін екі-үш күн пікір­лесу, талқылау болды. Тура мағы­насында аудармашылар күні-түні жұмыс істеді. Бұл үл­кен­ еңбек. Гуманитарлық ғы­лым­­дардың оқулықтары, оның ішінде тіл біліміне байланыс­ты кітаптар студенттер үшін де, оқытушылар үшін де пайдалы болады», деді Шерубай Құрманбайұлы.

Сарапшы-ғалымдар жаңа оқулықтарды еліміздің барлық жоғары оқу орындарына бейім­деуді жеделдетудің, оларды оқу үдерісінде қолдану бойынша практикалық семинарларды өткізудің қажеттілігін баса айтты.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар