Руханият • 26 Сәуір, 2018

Еркіндік пен енжарлық

547 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Адамды  қалың  ой арбағанда, әсіресе  сол ойы бар болғыр  ақырзамандық көңіл күйдің ауылына қоңсы қонғанда түйінін таппай кәдімгідей дағдаратынымыз бар.  Оралхан Бөкейдің «Атаукересіндегі» Таған сияқты «Неге біз осы?..» деген сынды  сауал байыз таптырмайды. Сосын тұлғалардың бұрынғы айтқандарына үңілесің, өткеннен жауап іздейсің...

Еркіндік пен енжарлық

Алаш тарихындағы кемеңгер қайраткер­лер­дің бірегейі Әлихан Бөкейханның «Бөтен кісі қазаққа ешқайдан ештеңе жақсылық әкеп бермейді» деп айтқаны бар екен. Бір ғасыр бұрын айтылғанымен, замана сауалына сай осы тұжырымды қайта жаңғыртудың орайы келіп-ақ тұрғаны. Өйт­кені соңғы сәтте инвес­тиция  ұғымымен қазақ жерінің байлығын игеруге деген бөтен де іргелі жұрттың ықы­ласы күшейе түсті. Олардың қазаққа қан­шалықты бауыры езіліп бара жатқанын қайдам, алайда біздің биліктегілердің  солардың алдына түсіп «алақайлап» жүргені  көбірек алаңдатады. Шетелдіктер қаржысын салып, ел экономикасын өркендетуге үлес қосып жатса, әңгіме басқа ғой. Өкінішке қарай  әуелі  материалдық игілігіңді пайдаланып, сосын  рухани  байлығыңа қол салып, дәстүріңді бұзып,  рухыңды әлсіретуге кіріссе ше?

Соның бір айғағындай, жақында теріс­кейдегі бір іргелі жоғары оқу орнының басшысы инвестор алдында құрақ ұшып, айтар сөзінен жаңылған-ды. Инвестор келіп жатқан елден оқулық жеткізілсе болды, сол елдің тілінде жастарды оқытамыз, кадрларды инвестордың ана тілінде дайындаймыз дегені тағы бар. Шетелдіктерің қас-қабағына қарап жалтақтайтындай  соншалықты алақан жа­йып отырған сорлы ел емес сияқты едік қой.  Әлде әлгі ректор Елбасының дамыған отыз елдің қатарынан табылуға деген талпынысын  басқаша түсіне ме? Құдай-ау, қазақ жеріне ат басын тіреген инвестор атаулының барлығына өз тілінде кадр даярлайтын болсақ,  біздің мемлекеттік тіліміз әдіра қала­ды емес пе? Теріскейде төл тілімізді төрге оздыра ал­май отырғанда, бөтен тілде кадр даяр­­лау қанша­лықты маңызды екенін түсіне алмадық...

Мемлекеттік мүддеге, ұлттық танымға  қабыс­пайтын осындай  қисынсыз әрекет­терден кейін  Бөкейханның байламына тоқтамай көрші. Одан кейін ұлы Абайдың айтқаны да бар емес пе: «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,  Әуре етеді ішіне қулық сақтап. Өзіңе сен, өзіңді алып шығар; Еңбегің мен ақылың екі жақтап». «Өзіне сенгендер» ғана  елін өрге сүйрейтіні анық. Олай болса, ұлттың данасы мен қайраткерінің айтқандарын қазіргідей басқа жұрттың барлығы  Қазақ еліне «аңсары ауып» тұрған тұста жадыға мықтап тоқып алғанға не жетсін!

Ұлттық таным демекші, осы қасиеттің өзі бағзы бабалардан жалғасып келе жатқан ата дәстүрге деген адалдықпен астасып жат­са керек.  Шаңырақтағы үлкендердің ғиб­ратты әң­гімесін, олардың қимылындағы ұлт болмысына тән нышандарды барлық ұрпақ санасына сіңіріп өседі емес пе. Отбасындағы осындай тағылымды өнеге ұлт ертеңінің  тұл­ғалық мінезін қалып­тастырады.  Халық дәстүрінен ауыз­данған­дар ата дәстүріне адалдық танытумен қатар, елдікке залал келтіретін әрекеттен  бойын аулақ ұстайтыны түсінікті ғой. Бас­қалай айтқанда, туған босағасында бойы­на сіңген ізгі қасиеттер адамның туған халқы үшін қалтқысыз еңбек етуіне септігін тигі­зеді.  Яки қазақтың тағы бір ұлтжанды қайрат­кері Сағат Әшімбаевша айтар болсақ, «Туған босағасын сағынбаған, туған жерін еш­уақытта сағына алмайды. Туған жерге деген махаббаттан да адамның моральдық бейнесі көрінеді. Туған жерге деген махаббаттан туған халқына деген ұлы махаббат басталмақ».

Негізі кейбір басшылардың  білімі – бірі кем дүние.  Әлде енжарлығы басым. Ой­ланбай сөйлегендерге, ұлт  мүддесін  аяқ асты еткендерге қарата осылай айтпағанда қайтеміз? Тарихи тұлғаларымыздың  тағы­лым­­ды да танымдық  туындыларынан бей­хабар жандар басқарған саласын ұшпаққа шығарады деп айту тағы қиын. Өйткені  хал­қы­ның өткенін білмейтіндер оның бо­ла­шағын баянды етеді деу  күпірлік қой. Осы орайда тағы бір ақиық ақынның тұжы­рымына тоқталғанды жөн көрдік. «Кім өзіндік бет-бейнесін сақтай білсе, əу баста Жаратушысының пешенесіне жазған ұлттық ерекшеліктері мен салт-дəстүр мәдениетіне ие бола білсе, жеңіс сол халықтың жағында. Сондай ұлттың ғана мерейі үстем болады». Сабыр Адай деген ақиық ақын сөзінің бір парасын осылай қайырады.  Жеңіске жететін халықтың темірқазық-ұстанымын  тағы да еске салғанымыз бұл.

Әңгімеміздің басында  соңғы кезде  санамызды пессимистік ойлар кезіп жүрге­нін айтқан болатынбыз. Ғасырлар бойы бодандық бұғауында болған халықтың  ұрпағы ретінде әлемде болып жатқан оқиға­ларға, оның ішінде қазақ қоғамында болып жатқан мәселелерге күмән-күдікпен қа­рауы­мыз заңдылық та шығар?! «Мың рет өліп-тіріл­ген халық» ендігі жерде «өлетін» болса, оның «тірілуіне» қандай кепілдік бар? Сондықтан дүниеден өткеніне бірер жыл болған алаштың абызы Әбіш Кекілбаевша қайырар болсақ, «Еркіндік енжарлықты кешіре алмайды».

...Ендеше қай мәселеге де ұлттық тұр­ғыдан сергек қарағанымыз жөн-ау...

Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»