Қазақстан • 26 Сәуір, 2018

Қазақстан футбол федерациясының кезекті ХVІІ конференциясы өтті

563 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Астанада Қазақстан футбол федерациясының кезекті ХVІІ конференциясы өтіп, шара аясында көпшілікке ел футболын дамытуға бағытталған «Алға, футбол! Алға, Qazaqstan!» бағдарламасы таныс­тырыл­ды. Аталған бағдарлама төрт жылға яғни, 2018-2022 жылдар аралығына жоспарланған.

Қазақстан футбол федерациясының кезекті ХVІІ конференциясы өтті

Кезекті конференцияға Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбековтен бастап, бас хатшы Азамат Айтқожин, ұлттық құрама жаттықтырушысы Станимир Стойлов және ел футболының бар­лық атқамінерлері мен аймақтық футбол­дың өкілдері қатысты.

Алқалы жиынның шымылды­ғын Әділбек Жақсыбеков ашып, қазақ­тың даңқты футболшысы болған Тимур Сегізбаевтың рухына құрмет көр­сетіп, бір минут еске алумен бас­тады.

– Тимур Санжарұлының есімі ел футболының тарихында ал­­тын әріп­термен мәңгілікке жазы­лып қалады. Алдағы уақыттарда оны еске алуға бағытталған әртүрлі жоб­а­­ларды қолға аламыз – деді ол.

Сондай-ақ Ә.Жақсыбеков жиынға қатысқан әріптестері мен бүкіл қазақ футболының жанкүйер­лерін Қазақстан футболы күнімен құт­тықтады. Осыдан тура 16 жыл бұрын Қазақстан маңызды қадам жасап, Еуропа футбол қауым­дас­тық­тарының одағына (УЕФА) қа­был­данған-ды. Осы уақыт ара­лы­ғында Қазақстан футболы Еуропа турнирлерінде айтарлықтай табыс­тарға қол жеткізді.

Қазақстан футбол федерация­сының бас хатшысы Азамат Айт­қожиннің пайымдауынша, «Алға, футбол! Алға, Qazaqstan!» бағдар­ламасы ел футболын жаңа деңгейге көтеріп, ойыншылардың деңгейін жақсартуға көмектесе-ді. Сондай-ақ аталған бағдарламаны дайындауға отандық футбол мамандарымен қатар, бірнеше шетелдік танымал футбол сарапшылары атса­лыс­қанын атап өтті. 

«Бұл бағдарлама Қазанның «Рубині» мен Алматы­ның «Қайраты­ның» құрамында 10 жыл­­дан аса доп тепкен Павел Чере­панов басқаратын жұмыс тобы және Құрбан Бердиевтің белсен­ді қатысуымен дайындалды. Соны­мен қатар біз Еуропа елдері­нің, оның ішінде Германия, Италия, Ис­па­ния және басқа да федера­ция­лардың әдістемелері мен бағ­дарла­маларымен танысып шықтық», деді А.Айтқожин.

Сонымен қатар Айтқожин ел футболын дамыту үшін алдымен жас­өспірімдер мен балалар футбо­лын дамыту керектігін және өңірлердегі футбол орталықтарын жетілдіру қажеттігін айтты.  «Феде­ра­ция ауылдық жерлерде фут­бол­мен шұғылданатын бүкіл қазақ­стан­дықтарға мониторинг жасады. Қазірдің өзінде 200 мыңнан аса бала тіркелген. Сондай-ақ 2022 жылға дейін бүкіл мектептерде арнайы футбол сабақтары өтетін болады. Қазірдің өзінде 203 мектепте футбол сабақтары өтіп жатыр», деді А.Айтқожин.

Конференция аясында шараға қатысушылар «Алға, футбол! Алға, Qazaqstan!» бағдарламасына өз ұсыныстары мен пікірлерін айтып, федерацияның атқарушы комитетіне жаңа мүшелер сайлады.

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар