Медицина • 27 Сәуір, 2018

Қазақстанда жас педагог-ғалымдардың қауымдастығы құрылады

1052 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Қазақстанның жас ғалым-педагогтарының I республикалық слеті өтті. Тұңғыш рет ұйымдастырылған слетке Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова, отандық жоғары оқу орындарының ректорлары мен жас ғалымдар қатысты.  

Қазақстанда жас педагог-ғалымдардың қауымдастығы құрылады

Суретті түсірген Сәрсенбек ҚЫЗАЙБЕКҰЛЫ

Баспасөз мәслихатында Қазақстан жас педагог-ғалым­дарының қауым­дастығы құрылатыны мәлім болды. 

– Қауымдастықты құрудағы басты мақсат – мемлекет пен қоғам дамуына белсенді қызмет ететін, жаңаша тұрғыда ойлай алатын жас педагог-ғалымдарды біріктіру, олардың диалог алаңын құру. Сонымен қатар білім мен ғылым саласындағы өзекті мәселелер бойынша жас педагогтардың жүйеленген пікірлерін мүдделі тараптарға жеткізу, оқыту мен тәрбиелеудің тиімді технологияларымен алмасу, ғылыми-зерттеулер жүргізу және шетелдік жоғары оқу орындары, колледж, мектептердің жас педагог-ғалымдардың халықаралық қауымдастықтары, одақ­тары, кеңестерімен байланыс орнату да қарастырылған, – дейді Қыздар универ­ситетінің ректоры Гаухар Алдам­бергенова.

Бүгінде білім беру жүйесінде үлкен өзгерістер жүріп жатыр. Осы орайда еліміздің жас педагог-ғалымдары көптеген ғылыми халықаралық, жоғары басылымдарда ғылыми мақалалары жариялануын, сондай-ақ, инновациялық патент иегерлерін, көптеген оқулықтар мен монографиялары жарық көргенін мақтанышпен айта аламыз. 

Өкінішке қарай бүгінде кейбір жас ғалым-педагогтардың еңбектері мен креативті идеялары көп жерде еленбей, назардан тыс қалып жатыр. Осыған байланысты Қазақстан жас ғалым-педагогтары қауымдастығы ашылуда. Біз үшін бұл есте қалатын маңызды күн, – деді Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Жас ғалымдар кеңесінің төрайымы Мөлдір Абдраймова. 

Қауымдастыққа мүше ретінде 35 жасқа дейінгі жоғары білім беру жүйе­сінде қызмет ететін, педагогика саласында ғылыми-зерттеу тәжірибесі бар оқытушылар тіркеле алады.

Жас мұғалімдердің жаңа қауым­дастығының жоспары көп. Жаңа ұйым Астанадағы республика ұстаздарының тамыз конференциясына қатысып, жас педагог-ғалымдардың секциясын құруды көздейді. Жас ғалым-педагогтардың халықаралық (аты әлемге белгілі клас­сикалық универ­ситеттердің бірі Кем­бридж уни­верситеті, Оксфорд универ­ситеті) дең­гейде ғылыми-тәжірибелік конференция, форумдар ұйымдастыру мен тәжірибе алмасуға септеседі. Жазғы мектептер ұйымдастыру, оның ішінде ағылшын тіліне көңіл бөлу сынды басқа іс-шараларға атсалысады. 

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ