Үкімет • 27 Сәуір, 2018

Қазақстан-Франция: Ынтымақтастық жалғаса береді

746 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Қазақстан мен Францияның стратегиялық әріптестігінің 10 жылдығына орай өткен дөңгелек үстел отырысына қатысты. Жиынды Франция-Қазақстан сауда-өнеркәсіп палатасы ұйымдастырды.

Қазақстан-Франция: Ынтымақтастық жалғаса береді

Дөңгелек үстелде Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевпен қатар Қазақстандағы Франция елшісі Филипп Мартинэ, Франция-Қазақстан сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Жерар Фриес және палатаның басқа да мүшелері болды.

Ынтымақтастық кездесу барысында екі тарапқа да өзекті саналатын – ауыл шаруашылығы, агроөнеркәсіп кешені, білім беру мен білікті кадрларды дайындау және де «Цифрлы Қазақстанның» дамуы мәселелері аясындағы тақырыптар талқыланды. Сондай-ақ Франция-Қазақстан сауда-өнеркәсіп палатасының 2 жылдық қызметінің нәтижелері айтылды. 

«Өткен жылы Қазақстан мен Франция арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығын атап өтсек, биыл елдеріміз арасындағы стратегиялық әріптестіктің 10 жылдығы. Осы жылдар бойы Франция біздің досымыз әрі сенімді әріптесіміз болғаны барынша маңызды. Біз экономика, білім, ғылым, бизнес, туризм сынды бірқатар бағытта ынтымақтастықтамыз. Бүгін осы залда Қазақстанда жұмыс істейтін француз бизнесінің өкілдері отыр. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстан Үкіметі сіздерді бағалайтындығын әрі барлық деңгейде қолдау көрсететіндігін атап өткім келеді», деді Қазақстан Премьер-Министрі дөңгелек үстел барысында. Сонымен қатар ол Франция Қазақстанның Еуропадағы негізгі сау­да әріптестерінің бірі екендігін баса айтты. «Бүгінде Қазақстанда француз капиталының қатысуымен 140-қа жуық бірлескен компания жұмыс істейді. Олардың қатарында Alstom, Airbus сынды ірі компаниялардың өкілдері бар. Біз француз бизнесі Қазақстанда өзін барынша жақсы сезінгенін қалаймыз және бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз», деді Б.Сағынтаев. Үкімет басшысы қазіргі уақытта Франция азаматтары Қазақстанға визасыз келе алатындығын, екі елдің арасында тікелей әуе рейсі ашылғандығын атап өтті. «Қазіргі уақытта Қазақстан өз дамуының өте қызықты әрі қарқынды кезеңінде тұр. Өткен жылы экономика өсімі 4 пайызды құрап, өнеркәсіптің тұрақты өсімі тіркелді. Біз осы оң динамиканы сақтап, арттыруға ниеттіміз», деді Үкімет басшысы.

Биыл екі ел арасында стратегиялық әріптестік орнағанына 10 жыл. Бұл әріптестік 2008 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Францияға ресми сапарының нәтижесінде қол қойылған шарттан бастау алған еді. Негізінен екі ел арасындағы жаңа форматтағы кезекті даму өрісі 2000-шы жылдардың басында басталды. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда Франция елімізде көлемі бойынша үшінші ірі инвестор-мемлекет болып саналады. 

Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»