Өнер • 27 Сәуір, 2018

Алтынай Асылмұратова: Балет – қаршадайымнан қаныма сіңген өнер

1047 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Ресейдің халық әртісі, РФ Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Астана Опера» театры балет труппасының көркемдік жетекшісі, Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры Алтынай Асылмұратовамен сұхбат. 

 

Алтынай Асылмұратова: Балет – қаршадайымнан қаныма сіңген өнер

Паң өнердің падишасындай ару Алтынайды алыстан аялап, асқақтаған абырой-беделіне сырттай сүйсінгенімізбен, жақынырақ танысып, тілдесудің сәті түспей-ақ қойған.

Ашық аспан астындағы музейдей әр тасында тарих таңбаланған Санкт-Петербург қаласындағы атақты Мария театрының прима балеринасы атанып қана қоймай, Анна Павлова, Галина Уланова сияқты аттары аңызға айналған сахна саңлақтары түлеп ұшқан А.Ваганова атындағы Орыс балет академиясының көркемдік жетекшісі ретінде көп іс тындырған қандасымыз, Ресейдің халық әртісі, РФ Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алтынай Асылмұратова айдынына қайта қонған аққудай атамекеніне оралғаны мәлім. Бүгінде ол ел мәдениетінің еңселі ордасы іспетті «Астана Опера» театрының балет труппасына басшылық жасайды. Асқан талантымен айдай әлемге танылған қазақтың қадірлі қызын Елбасының өзі елеп-ескеріп, екі рет Ақордада қабылдады. Қазақстан өнерінің өсіп-өркендеуіне қомақты үлес қосатынына сенгендіктен елорда төрінде есік ашқан Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры етіп тағайындады.

Біз таяуда екі тізгінді еркін ұстап, ерекше құлшыныспен еңбек етіп жатқан ерек тұлғамен жүздесіп, емен-жарқын сұхбат құрған едік.

– Алтынай Әбдуахимқызы, тарихи отаныңызға табан тіре­гелі де біраз болды. Көңіл кү­йіңіз қалай, алған әсерлеріңіз ше?

– Туған жеріне туын тік­кен жанның жайнаң қағып жүр­­­меске қақысы жоқ. Өзімді өте жақсы сезінемін. Астананың аума­лы-төкпелі ауа райына да үйреніп қалғандаймын. Алға­шында арқыраған аязы мен ақ­түтек боранын көріп аздап абыржығаным рас. Ұлықтауға лайық ұлтымыздың ұлағатты қасиеттерімен қайта қауышып жатқаныма қуаныштымын. Мұн­дағы мамыражай ахуал,­ айна­ламдағы адамдардың ақжар­қын мінезі ұнайды. Басқа жақ­тардағыдай бірін-бірі баса-көк­теу көріністері байқалмайды. Кісі­ліктері кіршіксіз, пейілдері кең. Осының бәрі – халқымыздың рухы биіктігінің, тамыры терең­дігінің, сан ықылымдық салт-дәстүрін сақтай білгендігінің ар­қасы. Тегінде қайырымдылық, мейірімділік жайлаған жерге жа­ман­дық жоламайды.

Әсіресе отбасылық құн­­ды­лық­тар­дың әспеттелетіндігіне тән­­тімін. Демографиялық дүм­пу деңгейі жоғары екен. Дағ­дарыс дендеп, даму тежелген тоқ­саныншы жылдары Ресейде жүкті әйелдерді көшеде сирек көретінбіз. Сіздерде бәрі бас­­­қаша. Сүйкімді сәбилерін ай­­налып-толғанған ерлі-за­йып­тыларды ертелі-кеш жиі кез­дес­тіресіз.

Сөздің шыны керек, Санкт-Петербургте туып-өскен қызым Ас­танаға бауыр баса қояр ма екен деп ептеп қобалжыған едім. Обалы нешік, Анастасия жаңа ортаға тез-ақ бейімделді.

– Жә, жиеннің жайы белгілі болды. Қанша айтқанмен, на­ғашы жұрты емес пе, жатсына қоймас. Ал енді күйеуіңіз қайт­ті?

– Ол да «бөтендігін» білдірген жоқ. Біздің театрда репетитор. Жастарға бидің қыр-сырын үй­ретеді. Аты-жөні – Константин Заклинский. Ресейдің еңбек сіңірген әртісі. Жақсы жар, сүйік­ті әке. Оның қолдауы болмаса, мен осындай дәрежеге жетпес едім.

– Кім болса да іргелі іске кі­рі­сер алдында белгілі бір жос­­пар­лар құрады. Ендеше ай­ты­ңызшы, ойға алған мақ­са­тыңыз орындалды ма?

– Әрине мен мұнда құралақан келгенім жоқ. Балеттің ұңғыл-шұңғылын бір кісідей білемін. Кәдеге жаратар кәсіби тәжірибем бар. Жүзеге асырмақ жоспарым жеткілікті. Солардың ең бас­ты­­сы – балет әлемінің кейінгі екі ғасырдағы іліп алар інжу-мар­­жан­дарын іріктеп, көкірегі ояу көрерменнің олжасына айнал­дыру. Классика, неоклассика дейсіз бе, бәрін. Әлемнің әйгілі хореографтарын шақырып, сүбе­лі спектакльдер қойсақ, тасымыз­дың өрге домалағаны емей немене?! Бірақ бұл тым қымбатқа тү­сетін ләззат.

Осы ойымды алғаш театр басшыларына айтқанымда көңілді ептеген күдік күптеген. Өйткені кез келген мәселенің шешілуі қашанда қаржыға келіп тірелетіні әмбеге аян. Оның үстіне «анау жоқ, мынау жетіспейдінің» заманы...

Әйтеуір әзірге айымыз оңынан туып тұр. Бірсыпыра жобаның басы қайырылды. Дүниежүзілік деңгейдегі дүлдүл шығармалар репертуарымыздан ойып орын алуда. Алдымен Минкустың «Бая­деркасын» қойдық. Сахна сәні­мен италиялық сценография сү­лейлері айналысты. «Оскар» сый­лығының лауреаты, костюмдер жөніндегі суретші Франка Скуарчапино үздік киім үлгілерін ұсынды. Одан соң осы үрдіспен «Париж Тәңіранасының соборын», «Манонды» сахналадық. Бұлардың премьерасына кезінде осы дүниелерді қойған әйгілі Кен­нет Макмилланның жесірі Дебора ханым қатысты. Ол осынау орны бөлек туындыларды қоюға ниет танытушылардың бәріне бірдей рұқсатын бере бермейді. Ал біз­дің жұмысымызға ағынан жарылып, алғысын жаудырды. Тіпті «Мен дәл мұндай керемет көр­кемдікті ешқайдан көрмедім» деп төбемізді көкке жеткізгенін қай­терсіз. Одан артық қандай баға керек.

Алдағы уақытта алқалаған әлеу­мет­ке «Жизель» мен «Кор­сарды» ұсынбақпыз. Қазір соған қызу дайындық үстіндеміз. Іле-шала неміс маманының жетек­шілігімен заманауи хореография кешін өткізудің әзірлігіне кірісеміз. Ұлттық нақыштағы балет жасауға талап қылмақпыз. Қа­сиетті қазақ топырағында кө­рер­мен көңілін көншітер музыка жазатын композитор жеткілікті екендігіне күмәнім жоқ. Режис­серлер де табылатынына се­нім­дімін. Әртүрлі стильдегі балет­терді меңгеруге мейлінше ден қоймақпыз. Нәтижесін уақыт көрсетеді.

– Тфә, тфә, тіл-көзіміз тас­қа. Шаңырақ көтергеніне көп уақыт болмағанымен, «Астана Опера» жалпақ жаһанға танылып үлгергеніне таңданбасқа шарамыз жоқ.

– Бұл ретте қазақстандық өнерсүйер қауымнан сүйін­ші сұрар­лық жағымды жаңалық­тарымыз аз емес. Жалпы, біздің міндетіміз төл мәдениетімізді төрге сүйреу ғой. Ендеше ме­рей­лі миссиямызды межелі же­­ріне жеткізуден неге аяна­йық. Барымызды салып бақтық. Төгілген тердің төлеуі қайтты. Шетелдік гастрольдерге шы­ғып, репертуарымыздағы сүбе­лі шығармаларды талғамы биік­­ жұртшылыққа тарту еттік. Был­тыр Қытай, Италия, Оман­дағы сапарларымыз сәтті аяқтал­ды.­ Талай шедеврді тамашалап,­ таң­дай тақылдатқан тақуа көрер­меннің жоғары бағасын алдық. Мақтау естігенді кім жек көрсін. Кәдімгідей қанаттанып қайттық. Өз қазанымызда қайнай бермей, өзгелердің тезіне де түсіп тұрған жөн. Онсыз өреміз өсіп, өрісіміз кеңеймейді.

Жекелеген әртістеріміз де дарын, қабілетімен дараланып та­ланттарды жазбай танитын білікті балет мамандарының ыс­тық ықыласына бөленді. Мәсе­лен, биыл болашағынан үл­кен үміт күттіретін жетекші солис­теріміз Бақтияр Адамжан мен Мә­дина Баспаева Мәскеудегі кіл жұлдыздар жиналатын Кремль­ галасына шақырылды. Ал­­­­­ғаш­­қы аяқ алысынан-ақ «бо­лар баланың» болмысын бай­қатқан Бақтиярымыз күні кеше ғана Санкт-Петербургте топ жарып, мәртебелі «Dance open балет» сыйлығының лауреаты болып оралды. Сондай-ақ Серік Нақысбеков Пермьдегі «Арабеск-2018» байқауының жеңім­паздары қатарынан көрінді.

Әртістеріміздің әрбір же­тіс­­ті­гі мерейімізді өсіріп, мәр­­­­те­бе­мізді көтереді. Олар ар­қы­лы жан-жаққа «Астана Опе­ра»­ театрының жақсы аты жа­йы­лады. Маңдайымызға бас­қан мақтаныштарымыздың халық­аралық аренада мойындалуы абыройымызды асқақтатады. Қыз-жігіттеріміз шақырған жерлерге барсын, бақтарын сынап байқасын. Тек мұндағы негізгі жұмысына зияны тимесе болғаны.

– Театр сыншыларының өз­­де­ріңіз туралы жазғандарын оқып, айтқан ой-пікірлеріне құ­лақ асасыз ба?

– Қалай түсінсеңіз де еркіңіз біл­сін. Әдетте белгілі бір премьерадан кейін бұқаралық ақ­парат құралдарында жарияланатын рецензияларды оқуға әуестігім шамалы. Орынды сын-ескерт­пелерді әрине ойда ұстаймын. Одан тиісті қорытынды шығаруға тырысамын. Біле білсек, ең әділ сыншы – көрермен. Өйткені олардың ықыласын сатып ала­ алмайсың. Көрсеткеніңді ұнатқан-ұнатпағаны жүздерінде тұра­ды.

– Жөн. Енді өзіңіз басқара­тын жаңа оқу ордасының жай-жапсарына тоқталсаңыз. Бір жағынан – театр, бір жағынан – академия. Екіге жарылып, есіңіз шығып жүрген жоқ па?

– Қалай болғанда да артылған сенімді ақтауға тиіспін. Балет маған қаршадайымнан тәртіпке бағынуға, жауапкершілікті сезі­нуге үйретті. Бір істі бастасам, ая­ғына жеткізбей жаным жай тап­пайды. Кейде тәулікте 24 са­ғат қана барына өкінемін. Өзі­ңіз айтқандай, амалсыз екіге жа­рыл­ғанда кейде уақыт құрғыр жетпей жатады. Дегенмен де бойымдағы қажыр-қайратымды игі идеяларды жүзеге асыру үшін тиімді жұмсауға тырысамын. Жас академиямыз аяғын апыл-тапыл басып, әйдік өнер әлеміне беттеп барады. Шаруа шаш етектен. Біздің академия – Орталық Азиядағы балет кадрларын даярлайтын жалғыз жоғары оқу орны. Сыртымыздан қызыға қараушылар көп. Шәкірттерімізге дос сүйініп, дұшпан күйінердей керемет жағдай жасалған. Бұл үшін Президентімізге алғысымыз шексіз. Сөз реті келіп тұрғанда айта кетейін, Қазақстанда халық­тың әл-ауқатын арттыру, рухани жаңғыру, бақуатты тірлік кешу бағытындағы Нұрсұлтан Әбіш­ұлының еңбегі ұшан-теңіз. Әсі­ресе мәдениеттің өркениет талаптарына сай дамуына даңғыл жол ашылған. Олай болса, ондай қамқорлықты бағалай білгеніміз дұрыс. Біз Астананың 20 жылды­ғына байланысты шаралар легін бас­тап жібердік. Кәсіби балет мек­теп­тері арасында фестиваль ұйымдастырмақшымыз. Оған жан-жақтан танымал тарлан­дарды тартпақпыз. Солар­дың қатысуымен шеберлік сабақ­тарын өткізсек балаларға үлгі-өнеге болары даусыз. Қадірлі қо­нақтар да еліміздің еңсесі қалай көтерілгенін көрсін.
Ең сүйсінерлігі сол, ака­де­мия­мызға келушілер таңданыс­тан тамсанып, бастарын шай­қайды. Сондай сәттерде кеуде­мізді мақтаныш кернейді. Ай­нал­дырған екі жыл ішінде өрен­деріміз Бейжіңге, Уфаға, Бакуге барып, өнерлерін көрсетіп қайт­ты.

Енді ғана егілген ағаш ертегі­лердегідей едел-жедел жеміс беретіндей жағдайға жеткізетін сиқырлы таяқша жоқ. Еңбектің өн­бегін көрмекке уақыт керек. Бұйырса, ол күндерге де же­тер­міз. Қазақстан балеті әлемдік рыноктан лайықты орнын алу үшін қолдан келгенді жасауға ұм­тылып жатырмыз. Мәдениет және спорт министрлігінің қол­­да­уы­­­мен бес құрлықтың бе­дел­ді педагогтерін алдыртамыз. Таяу­да Ресейден Ульяна Ло­пат­кина, Ирек Мұхамедов сынды саңлақтар келіп, оқушы­лармен кездеспек.

– Әнеубір кезде әңгімелес­кенімізде, кіндік қаныңыз там­ған Алматыны армансыз аралағыңыз келетінін айтқа­ныңыз есімде қалып қойыпты.

– Арада жылдар айналғанда асқар Алатаумен амандасудың сәті түсті-ау ақыры. Көптен жолым түспей сағынып жүруші едім. Алған әсерімді айтып жет­кізе алмаспын. Алматы тіптен ажарлана түсіпті. Сәулетті құры­лыс­тар сән-салтанаты жанар арбайды. Ғажап! Аспанға мойын созған зәулім ғимараттардың арасынан өзімнің екі қабатты ескі үйімді іздедім. Алып-ұшып Төлебаев пен Киров көшелерінің қиылысына жеттім. Құдай-ау, құйтақандай ғана болып үйіміз орнында тұр екен! Бұзылмапты. Көзімнен жас шығып кетті. Бала кезімізде асыр салып ойнаған ашық алаңқай мүлдем тарылып кетіпті. Өнебойымды өзгеше сезім билеп, өткен-кеткен есіме түсті.

Ал әке-шешемнің ізі қалған Абай атындағы опера және балет театрына күрделі жөндеу жұ­мыс­тары жүргізіліпті. Соған қара­мастан өзіме кішкентай кезімнен таныс бөлмелерді қиналмай таптым. Театр іргесіндегі гүл­зар­лар­д­а үй-ішімізбен үнемі қы­дыратынбыз. Жолдың қарсы бетін­дегі «Алматы» қонақүйі де көзіме оттай басылды.

Білесіз бе, мен өзімді ба­қыт­ты­мын деп есептеймін. Отбасы­мыз тату-тәтті тірлік кешті. Ата-анам мені алақандарына са­­­­­­­лып аялап өсірді. Әкем Әб­дуахим Ленинградтағы хорео­графия училищесін бітірген, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі болатын. 1958 жылы Мәс­кеуде өткен Қазақстан мәдение­тінің онкүндігіне қатысып, «Ха­лық­тар достығы» орденімен марапатталған. Қолынан кітап түспейтін. Білмейтіні кемде-кем. Кез келген тақырыпта кеңінен көсіліп сөйлейтін. Орысша өлең жазатын. Мен оны мектептегі сыныптастарыма оқып беретінмін. Ал анам Галина Николаевна Не­ва жағалауының қызы. Наға­шы атам Николай Сидоров та балет маманы болатын. Тағдырдың бұралаң жолдарымен талай жер­дің дәмін татып, ақыры Ал­матыға тұрақтаған. Жалғыз қызының қамын жеп, жанынан екі елі қалмапты. Бала жасынан балетпен «ауырыпты». Алайда ата-анасы ұлдарының ұшып-қонып билеп жүргенін қа­ламапты. Олардың ойынша, бұл еркектің айналысатын кәсібі емес. Содан тауы шағыл­са да талабы қайтпаған өршіл өрен Петербургтегі үйінен қа­шып, арманына апарар жолды Мәс­кеуден іздейді. Ақыры аңса­ған мақсатына жетіп тынады. Қазақстан мәдениетінің өркендеуіне әжептәуір еңбек сіңірді. Дастарқан басындағы әңгімелерде ылғи балет жайлы, Семенова мен Уланова және басқа жайсаңдар жайында ше­жіре шертетін.

– Көзкөргендердің бәрі әке­­ңіздің жігіттің сұлтаны, ше­ше­ңіздің әйел біткеннің әде­місі болғанын айтып, ауызда­ры­ның суы құриды...

– Иә, екеуі тым жарасымды жұп еді. Өнердің егіз өріміндей сахнада қатар самғады. Әттең, жалғанның жарығымен ертерек қоштасты. Жазмыш солай болған соң, шараң қайсы?!.

Қос ғашықтың отау құруын әуеліде әжем құп көрмепті. Мен ол кісіні түсінемін. Қанаттыға қақтыр­май, тұмсықтыға шоқтыр­май өсірген ұлы күйеуімен ажы­расқ­ан, оның үстіне бір бала­сы бар орыстың келіншегіне үйлен­гелі жатса қайдан жақтыртсын. Қабағынан қар жауып, түсін бермей түксиіп, қатты қапаланыпты. Тек мен туғанда әдейілеп пер­зентханаға барып, немеремді әке­ліңдер деп әлек салыпты. Со­­дан қызыл шақа мені иіскеп, қат­қан көңілінің көңін жібіткен көрінеді. Кейін тіл табысып кет­ті. Жарықтық, ауруы әбден ас­қынып, жақын-жуықтарымен ба­­құлдасқанында келінінің басынан сипап, баяғы мінезі үшін кешірім сұрапты. Бикен «апашкам» бір ауыз орысша білмейді, мен болсам қазақша қақпаймын. Соған қарамастан екеуіміз үнсіз ұғынысатынбыз. Ажарлы бейнесі арада қанша уақыт өтсе де әлі көз алдымда тұр.

– Өзіңіздің асылдың сыны­ғы, алтынның үздігі екеніңізді бі­летін шығарсыз?

– Елден ертерек кетіп, өмі­рімнің басым бөлігі Ресейде өт­­кендіктен ағайыннан ажырап қалғаныма қамығамын. Сондықтан көп нәрсені біліңкі­ремеймін. Дегенмен тегін жердің қызы еместігімді әлдебір ішкі түй­сікпен сезетінмін.

– Ендеше тыңдаңыз, Сіздің Жезқазған жақтағы ағайын-туыс­тарыңыздан естіп-білген­дерімді баяндап берейін. Ата­ме­кеніңіз – Қарағанды облы­сындағы Ақтоғай өңірі. Арғы аталарыңыздан батыр да, бағлан да, би де шық­қан. Бабаңыз Асыл­мұрат мыңғырған бай бо­лыпты. Кеңестік кәмпескеге ұшы­рап, артынан қызыл өкімет Қарқаралыда атып тастапты. Ал оның немере бауыры Нар­ман­бет Орманбетұлы – Алашқа аты мәшһүр ақын. Орыс отар­шылдығына қарсы отты жырлар жазған. Сірә, кейінгі үрім-бұтағынан сіз секілді аса танымал өнерпаз шығып, Ресейдің даңқын дүрілдететінін болжай алмаса керек. Ал атаңыз Әбіл­бек дәулескер домбырашылар сапын­да Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркес­трін­де ойнаған. Өкінішке қарай 1942 жылы соғыста опат болған.

– Солай деңіз... Рахмет! Жа­сырып қайтейін, жас кезімізде еш­теңенің қадірін білмедік. Ал қазір алтын бастауларымды аң­саймын. Сіз маған ата-тегімнің шежіресін тауып берсеңіз тамаша болар еді.

– Хош. Қанына тартқан қа­рын­­дастың ақ ниетінен ай­нал­дық. Байқауымызша, екі ­жұр­тыңыз да өнерге таласы бар әулеттер екен. Ендеше әртіс бол­­масқа амалыңыз қалмаған сияқты ғой өзі.

– Көзімді ашқаннан көргенім – театр. Ес білгеннен естігенім – балет жайындағы әңгімелер. Отбасымыздың достары да – сол саланың өкілдері. Тіпті балеттен басқа әлем барынан бейхабар болғанмын-ау, осы. Жалпы, балет – қаршадайымнан қаныма сіңген өнер.

Бірақ үйдегілер балет үйір­ме­сіне баруымды қоштай қоймады. Сірә, қызығынан қиындығы басым бишілік тағдырдың өзіне тән ерекшеліктерін ескергендіктен періштеге балаған перзенттерін алдағы шығармашылық азаптарға қимаған тәрізді. Қолымнан жетектеп апарып музыка мектебінің пианино класына кіргізіп жіберсе де, бәрібір балетке аңсарым ауа берді.

Алған бетімнен қайтпай­ты­нымды аңдаған ата-анам ары-бері ақылдасып мені Ленин­градтағы хореография мектебіне апаратын болып шешті. Тамыз айында артынып-тартынып ақ түндер қаласының қақпасын қақтық. Келсек қабылдау емти­хан­дары бітіпті. Соңынан біл­генімдей мамам әдейі солай іс­тепті. Амалдың жоқтығын алға тартып, Алматыға алып қайт­­пақшы болған ғой. Құ­жат­тарымызды құшақтап сыртқа қарай беттегенімізде қарсы алдымыздан жылы жүзді бір тәтей жолығып, жөнімізді сұрады. Мәселенің мәнісін ұққан соң біз­ді бірден мектеп директорына ертіп апарды. Арғы жағы айтса нанғысыз оқиға. Қысқасы, сол күні оқуға қабылдандым. Бақытыма қарай, пешенеме бале­риналық «тәтті тамұқ» бұйы­рып­ты.

– Хореография училищесін бітіре сала С.Киров атындағы опера және балет театрына қа­был­дандыңыз. Ондағылар қа­лай қарсы алды?

– Бағым жанып, өңім тү­гіл түсіме кірмеген киелі шаңы­рақ­тың босағасын аттағанымда бақыттан басым айналғандай керемет күй кештім. Бірінен бірі өтетін Колпакова, Комлевадай корифейлердің тұғырдан түспе­ген кезі. Сондай-ақ Терехо­ва, Кунакова, Ченчикова, Мезен­цевалардың дәуірлеген тұсы. Солардай мықты солистер тұр­­ғанда жетекші партиялардан дәмету құлашың жетпесті құшақ­тауға ұмтылғанмен бірдей-тін. Көптің бірі болып кордебалетте жүрген жерімнен белгілі пе­да­гог Ольга Моисееваның на­­зарына іліксем керек, бауырына тартып, баули бастад­ы. Жанкешті жаттығулардың же­місі көп күттірмеді. Есімімді ел­ге танытқан тұңғыш рөлім – «Аққу көліндегі» Одетта мен Одиллия. Ең қызығы мен оны бірінші рет Париж төрінде ойнадым. Сәттілікті қойсаңшы бұл, труппамыздағы тісқаққан әр­тіс аяқ астынан ауырып қалып, сценаға сарыауыз балапандай менің шығуыма тура келгенін әркез еске аламын. Тұсауымды кесіп, тұғырымды биіктеткен Марийнкада қойылған классика­лық туындылардағы басты бейнелердің барлығына жуығын сомдағанымды мақтан тұтамын.

– Әріптесіңіз Фарух Рузи­ма­тов екеуіңіз кеңестік балет­ бишілері ішінен келісім­шарт бойынша шетелге ба­рып­ өнер­ көрсеткен алғаш­қы қар­лы­ғаш­тар екендікте­ріңіз­ден ха­бар­­дармыз.

– Қайта құру тұсында қо­ғам­ды тұмшалаған «темір шы­мылдық» түрілгенін пайдаланып, мұхит асқанымыз сол уақыт үшін шынымен айды аспанға бір-ақ шығарғандай үлкен жаңалық-тұғын. КСРО-дан «қашып» кеткен Михаил Барышников басқаратын Нью-Йорктің Эй-Би-Ти труппасына қабылданғанымызды, Лондонның Корольдік «Ковент-Гарден» және Марсельдегі Ро­лан Пети театрларында ке­лі­сім­­шарт бойынша жұмыс істе­генімді мәртебе санаймын. Атақ-даңқтары аспандаған Ро­лан Пети, Кеннет Макмиллан, Морис Бежар, Наталья Мака­рова, Рудольф Нуреевтей май­тал­мандардың алдын көріп, тәр­биесін алғаным бүкіл өміріме бағыт сілтер темірқазық болғаны талас тудырмайды.

– Өнердегі, өмірдегі ұстана­тын қағидаңызды білсек...

– Оны бір ауыз сөзбен түйін­деу қиындау. Асылында, өнер атаулымен іңкәр жүрекпен, ізгі ниетпен, кіршіксіз аппақ ар-ұятпен айналысқан абзал. Себебі ол ақша табудың, мансап қуудың құралы емес. Оның басты талабы – адалдық. Сен өнерді сүйесің бе, әлде өнердегі өзіңді сүйесің бе? Алдымен осыны айқындап алуың керек. Екеуі екі түрлі дү­ние. Өнерсүйер қауымға рухани ләззат сыйлауға міндеттісің. Үнемі ізденіс үстінде болмасаң, то­қырауға түсесің. Болдым-тол­дым деген күні зейнеткерлік де­­малысқа кеткенің жөн. Мен өзім­нің ізбасарларыма осы ойды қайталаудан ешқашан жалыққан емеспін.

Әңгімелескен 
Талғат БАТЫРХАН,
«Егемен Қазақстан»

Астана