Қазақстан • 30 Сәуір, 2018

Елге оралғандарға – жеңілдіктер

458 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

 Жуырда газетіміз ақыл-ойдың сыртқа ағылу көшіне назар аударып, шетелде оқитын студент жастардың ішінара елге оралмайтындығын мәселе ретінде көтерген еді. («Жастар эмиграцияға кетіп жатыр ма?», «ЕҚ», 10.04.2018 жыл). Сөйтсек, мұндай проблема Қытайда да бар екен. Енді көршіміз осы мәселені қалай шешіп жатқанына назар аударайық. 

Елге оралғандарға – жеңілдіктер

«Синьхуа» агенттігінің хабарына қарағанда, Қытай үкіметі шетелде білім алған жастардың елге оралуын ынталандыру мақсатында жаңа бағдарлама әзірлеуді қолға алған. Соның ішінде олардың жеке бизнестерін ашуына және инновация енгізулеріне жеңілдіктер жасалмақ. Бұл туралы ҚХР Мемлекеттік кеңе­сінің отырысында қабылданған ресми шешімде айтылған.

Жеңілдіктердің қатарында шетел­­де оқып келген жастар үшін жер­гілікті жерлердегі сертифи­кат­тау про­цедураларының оңайлаты­ла­тын­­дығы, тіркелімге тұрудың жеңіл­де­т­ілетіні, сондай-ақ осындай маман­дар­дың балаларын біліммен қамтамасыз етуге де жағдай жасалатыны көрсетілген.

Қытай премьері Ли Кэцян өзінің сөзінде шетелде оқыған жас­тар­дың негізгі бөлігі қазіргі кезде елге оралып жатқанын атап өткен. Білім министр­лігінің мәліметіне қарағанда, 1978 жыл мен 2017 жыл­дар аралығында сыртқа шығып оқығандардың 83,7 пайызы, яғни 3,1 млн адам елге оралған. Ал 2017 жылы елге оралғандар саны 480,9 мың адам болған, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 11,2 пайызға артық екенін ол өз сөзінде тілге тиек еткен.

Дегенмен бұл елде де аталған проблема орын алып отырғандығы көрініп тұр. Сондықтан да елге оралуды ынталандыру бағдарламасы қолға алынған сияқты. Біздің елге де осы тәжірибені пайдалану керек.

Айта кететін жайт, Қытайдың мамандарды елге оралту бағдар­лама­сында шетелден келген мамандар үшін стартаптарды қаржыландыру, сауда белгілерін тіркеуді жеңілдету, экспортқа өтінім беру процестерін оңтайландыру және ғылыми-тех­нологиялық жұмыстарды коммерцияландыруды қолдау шаралары да қарастырылған. Сонымен қатар елге оралған мамандар үшін толық көмектер көрсетілуі үшін қоғамдық қызметтер жүйесі құрылады екен.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»