Театр • 30 Сәуір, 2018

Петропавлда – Қарағанды комедия театры

546 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры бірнеше күндік гастрольмен Мағжан елінде болды.

Петропавлда – Қарағанды комедия театры

Өнер ұжымы солтүстікқазақстандық көрермендерге  «Джазда тек қана қыздар», «Ханымның қылықтары», «Труффальдино», тағы басқа қойылымдарды тарту етті. Сонымен қатар балаларға арналған музыкалық ертегілер де ұсынылды.

Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры– еліміздегі мюзикл және оперетта жанрында қойылым қоятын бірден-бір ұжым. 40 жылдан астам тарихы бар өнер ордасының репертуарында 300-ден аса шығарма бар.  Өңірге гастрольмен хор, балет, оркестр, жеке орындаушылар келді. Мюзиклдермен қоса кішкентай көрермендер Күлбике мен Алладин ертегілерін қызыға тамашалады. 

«Труффальдино» Ресейде де қойылып, музыкалық сыншылар мен  көрермендер тарапынан лайықты бағасын алған болатын.  Бүгінгі қойылым көз жауын алар керемет костюмдермен, өлең жолдарымен астасқан әуендермен, би қимылдарымен ерекшеленді», дейді Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының директоры Амантай Ыбыраев.

«Карло Гольдонидың өшпес мұраларының бірегейі саналатын Труффальдино» мюзиклі «Екі мырзаға — бір қызметші» атты пьесасы негізінде сахналанды. Классикалық туындыда да қос қожайынға бір уақытта қызмет еткен Труффальдино есімді қызметші айласын асырып, табыс көзін молайтпақ болады. Екі жақтан жалақы алуды көздеген оның  аңғалдығы мен адалдығы, өз иелеріне деген құрметі шек-сілені қатырады. Адамдардың қоғамдағы шынайы  бейнесі, күнделікті өмірі, мінез құлқы шығарманың басты  тақырыбы десе де болады. Сол дәуірдегі Венеция стилі барынша сақталғаны байқалады.

Әртістердің айтуынша әр қойылымды көрермендер ыстық ықыласпен қабылдаған.

Өмір Есқали

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы