Аймақтар • 01 Мамыр, 2018

Таразда Қазақстан-Италия шеберлерінің көрмесі өтті

395 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тараз қаласында Жамбыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен алғаш рет «Көне Тараз жаңғырығы. Еуразияның мәдени көпірлері» атты Қазақстан-Италия шеберлерінің көрмесі өтті. 

Таразда Қазақстан-Италия шеберлерінің көрмесі өтті

Халықаралық көрмеге италияндық шыны әрлеуші Джорджио Спеццамонти, суретші Светлана Коста, итальяндық суретшілердің Қазақстандағы ресми өкілі Құралай Сқақова және «Асыл-Дизайн» сән үйінің бас дизайнері Айдархан Қалиев қатысты.

Аталған көрмені Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы Нұржан Календеров сөз сөйлеп ашып, Қазақстан мен Италия шеберлерін мәдениет пен өнер арқылы біріктіріп, тығыз ынтымақтастықтың жемісі ретінде ұйымдастырылып отырған шараның маңызына тоқталды. Бұдан соң шетелдік қонақтарға қазақы дәстүр бойынша сый-сияпаттар табысталды. Өз кезегінде итальялық атақты шыны әрлеуші Джорджио Спеццамонти мен суретші Светлана Коста сөз сөйлеп, көне Тараз жерінде ұйымдастырылып отырған көрмеге ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Джорджио Спеццамонти венеция шынысынан жасалған «Қызғалдақ» туындысын және Светлана Коста Астана қаласын бейнелеген картинасын Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне тарту етті. Көрме барысында жерлесіміз, «Асыл-Дизайн» сән үйінің бас дизайнері және «Нео-фольклор» стилінің негізін салушы Айдархан Қалиев киім топтамаларынан дефиле көрсетілімін көпшілікке ұсынды.

Көрмеге келушілер итальяндық әйгілі шыны жасау шебері Пино Синьореттоның, Америка мектебінің өкілі, шыны шебері әрі дизайнер Шенг Карина Сесилияның шыны бұйымдарынан жасалған жәдігерлерімен қоса, Джорджио Спеццамонтидің венециялық шыныдан жасалған, қазақтың ұлттық ою-өрнектерімен өрнектеліп, алтынмен апталған вазасы мен қызыл камзол бейнесімен көмкерілген әрі күміспен күптелген ыдыстарын, сондай-ақ әлемге әйгілі Астана қаласын бейнелеген Светлана Костаның «Жаңа қаланың күн шуағы», «Түнгі Астана оттары», «Әлем құсы» туындыларын тамашалады. Көрме барысында итальяндық қонақтарға көне Тараз өлкесінің тарихи орындары таныстырылып, Айша бибі, Бабаджа хатун кесенелеріне, «Көне Тараз» орталығына және Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне экскурсиялар ұйымдастырылды.

Жалпы, «Көне Тараз жаңғырығы. Еуразияның мәдени көпірлері» атты халықаралық көрменің Тараз жерінде ұйымдастырылуы кездейсоқ емес. Тараз шаһарының өрлеу кезеңі болып саналатын ІХ-Х ғасырларда мұнда шыны өндірісі ерекше қолға алынып, көркемдігі жоғары бұйымдар Ұлы Жібек жолы арқылы Шығыс елдерге және Еуропаға кеңінен тараған. Сол себепті өткен тарихты қайта жаңғыртып, Қазақстан-Италия арасындағы шеберлік ынтымақтастықты арттыру мақсатында өткен көрме итальялық суретшілерге Тараз тарихын әйгіледі. Сонымен қатар, аталған көрме алдағы бір ай бойы Тараз тұрғындары мен қонақтары үшін қызмет көрсететін болады.

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар