Әдебиет • 03 Мамыр, 2018

Қайғының емі немесе Кекілбаевқа көңілқос айту

5391 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Өзара қарым-қатынас, адам көңілін аялауда бір ғана көңіл айту дәстүрінің өзі қазақтың қойыны кісілік құпиясына толы таңғажайып әлемінің ерекше көрінісі дер едік. Оның да сегіз қыры, сексен сыры бар. Біреудің ішке түскен қайғысын шығарса, біреудің бүгілген белін жазып, түңілген түрін оңайды. Біреуге қатты, біреуге тәтті айтылады. Бәрі қазаның жағдайына, кісісіне қарап ішкі биік парасатпен өлшенеді.

Қайғының емі немесе Кекілбаевқа көңілқос айту

Үлкендерден естіген әңгіме. Бірде жалғызының қазасының қайғысынан ас ішпей, әрі қарап жатып қалған Баймұрат деген кісіге біраз адам келіп көңіл айтады. Үкілеген жалғыз үмі­ті желге ұшқан жаралы жү­рек жүзін елге қаратпастан әрі қараған күйі жата беріп­­ті. Үш күн өтеді, төрт күн өте­ді, ас­ ішпейді. Бұл хабар да ауыл ара­сына тарайды. Бесін­ші күні бесінде үйге жасы жет­піске кел­­се де, әлі шыр еткен нә­рес­­те көрмеген Жанғазы дей­тін ақсақал келеді. Дұғасын қа­­йыр­ған соң сөз бастайды: «Жә, Байеке, өткенде елмен бірге көңіл айтып шыққанмын. Он­да да балаңды осы ел өл­тір­гендей теріс қарап жатып алдың. Өзі тұрар деп үн­демей кетіп едім. Құдайға әлі өкпелеп жатыр деген соң қай­та келдім. Әй, Баймұрат тың­да сөзімді! Көзімнен сорам ағып Құдайдан бала тілегелі мі­не, 50 жыл болды, үміт те үзіліп жапырақсыз қу дарақтай қуарып отырғанымды бүкіл ел біледі. Маған Алла тағала бір шыр еткен беріп, көзім қанып бір көрсем, кеңсірігім жарып бір иіскесем, алақаным толып арқасынан ұстап кеудеме бір бассам, шіркін-ай, сарайым ашылар еді, зарығым басылар еді, содан кейін Алла қайта өзі алып кетем десе арманым жоқ еді...

Саған Құдай бермеді ме, берді. Былдырлаған тәтті тіліне құлақ құрышыңды қандырып, апыл-тапыл бас­қан аяғын қызықтадың, алыс­тан келгенде құлындай құлды­раңдап алдыңнан шықты. Құ­шақ­тасаң құшағың толардай азамат қылды, ат жалын тартып айбыныңды асырды. Осының бәрін көрсеткен Құдай тағалаға өкпе артып теріс қарап жатқан бұл жатысың қай жатыс? Аллаға елден артық қылған қызметің, өткізіп қойған дүниең бар ма еді, бұл фәни жалғаннан шыр еткен көрмей зарығумен өтіп бара жатқан мына бізден бір жерің артық болмаса орныңнан тұр, шүкір қыл!»,  деп тоқтайды. Сонда Баймұрат орнынан тұрып: «Сөзің сүйектен өтті ғой Жан­ғазы-ай, Жаратқанға назым жоқ, жанға батқан соң жатыр едім, тұрдым міне, тұрдым», деп келіп, Жанғазыны құшақтап еңкілдеп жылаған екен дейді...

Бұл өзін мысал ете отырып оның ба­сын­дағы барды ба­ға­латып, шүкірін айт­ты­рып кө­ңілін емдеу болса, кейде «бұған сабыр етпесең Алла бұдан да ауыр қайғы береді?» деп енді қал­ғанының тілеуін тілетіп, қай­ғылы көңілін емдей­ді. Бұған елге белгілі тұлғалар арасында бол­ған көңіл айтуларды да мысал етуге болады.

Аты алты алашқа белгілі Илья­ Жа­қановтың баласы қай­тыс болған­­да белгілі журналист Анар Төлеу­ханқызының анасы Күләнда апа: «Алла тағала: «Пендеме көтерсін деп жүк артамын, көтерсе кө­ңілін ағартамын, көтермесе тағы артамын» дейді екен. Халқымыз «Қайғыны нар көтерер, ақылы бар көтерер» , депті та­ғы да. Бас­қа түскен ауыртпалықты сынбай көтере білу де парасаттылық, са­бырлылық, Жаратқанға неге бұлай еттің дей алмайсың», деп көңіл айтқан екен. Ардақты ананың көңіл айтуын жан жү­ре­гімен қабылдаған Илья аға­мыз көңіліне тоқтау болған бұл сөздерді кейін қайталай айт­қызып жазып алған екен.

Ал, арғымақтай атылып тұрған Сағиы дүниеден өткен алаштың ардақтысы Асанәлі Әшімовтың жалғаннан қалған көңілін тағы да сол жақсылар бұрынғыдан қалған «бұл сенің ғана қайғың емес» деген тәсілмен емдегенін де естіп едік. «Үкіліген үміті Әбіші қайтыс болғанын естіген Абай үйде отыра алмай, Ақшоқының басына шығып кетіпті. Қайғы жанын жегідей жеп, жер-көкке сыймай күңіренген Абайдың қасына елдің не бір жақсы-жайсаңы келіп көңіл айтса да, үнсіз мелшиген қалпы төбеден түспей отырып алыпты. Бір кезде қасына Қиясбай келіпті: - Абай аға! Ел Әбіш деген ақылды баласынан айырылып қалды. Елге көңіл айтпайсыз ба? – депті. Сонда Абай таңырқаған бейнеде басын шайқап: - Қазақтың қара тіліне сендей шешенді көрсем, бұйырмасын! – деп көз жасын тиып, Қиясбайды өзі қолтықтап, ауылға қарай беттеген екен». Абайдай алыптың тағдырындағы бұл әңгіме де біраз жұрттың аузында құлағында. Асанәлідей ауыр қайғы басқан азамат ерге әйгілі сөз зергері Зейнолла Қабдолов Қиясбайдың осы сөзін мысалдап көңіл айтып, еңсесін көтерткен деседі.

Кешегі Базар, Назарынан айы­­рылып: «Омырауымнан үзі­ліп түсті екі түйме-ай, ой дүние-ай» деп зарланып отыр­ған Ке­ненге атының жалын құшып еңіреніп келіп көңілқос айтқан қырғыздың бір­туар ақыны Ос­пан­құлдың жоқтау жыры білген жанға екі адамның ғана емес, екі бірдей халықтың бір-біріне деген ыстық көңіліне қойылған мәңгілік ескерткіш болып қалды емес пе!?.

Сол үрдіс үзілмеген екен. Іш­ке қат­қан мұзды еріткен, тағы бір оқиға қазақ­тың Маң­ғыстаудай маңғаз, алып жүректі аяу­лысы Әбіш Кекілбайдың ба­ласы Әулет қайтыс болуына байланысты болған екен. Әй­гілі Алмас Алматов жырау ар­ғы ақын, жыршы-жыраулардан қалған үлгімен абыз Әбішке арнап көңілқос айтыпты.

«Алмас аға көңілқосын жаз­ғаннан кейін маған көрсетіп, «мұ­ны сен ай­тасың» деді», дейді жыр­шы Амандық Кө­меков. «Айтып көрдім, Әбіш ағаға арнал­ған сөз біздің жүректі қа­лай қозғамасын, көңілді босатты. Алмас аға: «бірден жетіп бар­маймыз, жөнін тауып жосынмен келе жатқанымызды ай­туымыз керек» деп, Әбіш аға­мыздың жақын досы Сайын Наз­арбекке хабарлас­ты. Ол кісі «келе қалыңдар» деп, алдымен сонда бардық. Көңілқос жырымыз барын айттық. Содан Сайын ағамызды алдымызға салып алып Әбіш ағаның шаңырағын бет­ке алдық. Алдында Сайын аға­мыздан «көңіл айтып келген адамдармен амандасқан соң ұзақ отырмай өз бөлмесіне кіріп кетеді» деп естігенбіз.

Аман-саулық аяқтағаннан кейін сәл үнсіздік бастала бергенде Алмас жырау сөз бас­тады: – Ардақты Әбіш аға, өзіңіз білетін сөз ғой, «ағайын мен ағайынның арасын майын­ мінген ат айы­рады, оқыл­ма­ған бәте айырады» дейді екен. Кешіккенімізге айыпты­мыз, ол жайында соңыра айта жа­тар­­мыз, «қазалы үйдің боса­ғасында жыл тәулігіне дейін арыстан жатады» дейді екен бұрынғылар, бір келе алмаған адам уақыт өткен сайын ызбарланған сол арыстанның айбатынан жас­қанып шегіншектей береді екен. Алланың дидарласуға жазған күні бүгін екен, Әулеттің има­­­ны саламат болсын, деп ты­­ныс­тады. Әбіш аға сөзін қа­был алғандай ишара жасады. Сөйтті де, қазақы жосынмен жөн сұрады. Алмас аға өзі­нің ата тегін айтып еді, Әбіш аға­мыз әрі қарай таратып ала жө­нелді. Не дерсіз, екеуі бірін-бірі қостай жұптап толықтыра тарихтың біраз қатпарларын ақтарып барып дамылдады. Әбіш аға ашылып са­ла берді.

Шай келіп, жылқы қасы­нас­қандай жақындық жүз берген уақыт­та Алмас ағамыз: «Әбіш аға, өзім Сырдан Астанаға келіп, жыршы-термешілер тәрбиелеп жүргенде «Маңғыстаудың жыры қашан Астанаға жетеді Алмас?» деген бір сөзіңіз ойым­нан кетпей қойды. Содан мы­­нау Амандық ініңізді 50-ге келген шағында студент қылып, өзі­нің кәсібіне сай жыршылық дип­ломын алдырып, содан ке­йін Астанадағы Қазақ Ұлт­тық өнер университетіне қыз­мет­ке алдырдық. «Астанаға кел» деп досыңыз Мырзатай Жол­дасбеков аға да айтқан екен, сөйтіп, Амандық Маңғыс­тауыңызды көтеріп Астанаға келді. Мінеки, осы жұмыс реттелмей тұрып сізбен жүздесуге жүзіміз шыдамады», деп тоқ­тап еді, Әбіш аға риза болып, Клара жеңгемізге: «Клара, Әу­лет дүниеден өткелі осы үй­де домбыра тартылмап еді, ел­дің қос ұзаны келіп отыр ғой, дом­быраны әкелші» дегені.

Домбыраны алған Алмас аға, іштей баптанып отырса керек, бастай жөнелді. Әбіш аға ұйып тыңдап отыр. Басын изей, тамсанып қояды, бір кезде көзі жасаурады. Алмас аға үшінші жырды аяқтағанда Сайын ағамыз «Алмас ініңіздің Сізге арнаған кеңіл­қосы бар екен. Соны тың­­­дасаңыз», де­ді. Бұл жырды Алмас аға Маң­­­ғыстаудың мақам-сазына кел­тіріп, мен орын­дайтындай қы­лып жазған екен, тапсырма бо­йынша мен айттым.

«Ассалаумағалейкум!

Арыстан жал айбатты,

Алашқа сүтін азамат!

Адамдықтың ақ туы,

Жалғаннан жөнеп кеткенше,

Қолыңда ерлер аманат.

Халыққа «Абыз» оғлансыз,

Адасқанға жанға жол айт­қан,

Тілеуін тілеп саламат», деп басталатын Маңғыстаудың зарлы әуеніне иленген сойқан жыр созыла шығып, екпін ала көтеріліп барып:

«Қалыңға түскен құсыңды,

Қанатынан қайырып,

Жатсыз ба аға азалап?!» деп қайырып келесі сөзге өтпекке кезекті домбыраға берген тұс­та Әбіш ағаның көзінен жас бұр­шақтай жөнелді.

«Кезекті нәубет келгенде,

Балдан тәтті ажал оқ,

Омыртқадан қадалат.

Уайым қақпан құрулы,

Тасты тескен тамшыдай,

Уыты бойға таралат.

«Ерге берген қайғыны,

Ел көтерер» – деген, бар,

Ойлаңыз аға саралап» дегенде абыз ағаның жасы мейірімді жүзін жуып алып денесі сол­қыл­дай жылады. Жырдың со­ңын ала:

«Қуанбадым – «туды» – деп,

Жұбанбадым – «өлді» – деп,

Азасын сойып қазалап!?» дейтін дүниеден перзентсіз өт­кен Палуанқұл деген кісінің сөзін келтіреді. Қандай ауыр сөз. Сон­дай халдегі Палуанқұлдың өзіне ақсақалдардың айқан:

Тәубашыл ерге бас берем,

Жылаған көзге жас берем,

Дегенді, Алла – жамағат!

Алладан болсын панаңыз,

Етіңіз – барға қанағат...» деген сөзін айта келіп:

Сол айтқан сөзді зерлесек,

Әулеттен өрген ұрпағың,

Болғайда аға саламат.

Тәубаңыз болсын таяныш,

Ұл-қызың өскен саяңыз,

Келмесін қайтып жаманат.

Дұғадан ізде бағланды,

Еншісі ердің сол болар,

Алладан бұйрық – аманат!» деп тоқтағанда Әбіш аға тең­селіп кетті. Көз жасын сүрте орнынан тұрып Алмас ағаны құшақтады: «Осылай еді ғой, Ал­масжан-ау! Осылай еді ғой! Шал­дармен бірге кетіп еді ғой бұл дүние, жоғалмай, жоғалтпай бұл дүниені қалай сақтағансың, айнала­йын! Осылай айтатын еді ғой мәпелеп» деп Алмас ағаны алып құшағына қайта-қайта бас­ты. «Мәпелеп, аялап» деп тағы қайталады. Мына жақта Клара апамыз жыласын. «Әулет өлгелі көзінен тамшы жас шықпап еді, күйігі ішіне түсіп кетті ме екен деп қорқып едім, шықты ғой, айналайын, шықты ғой» деп ебіл-дебілі шығып жылап жүр, Әбіш ағаға орамал әкелді.

Абыр-сабыр басылып, ет же­лініп, шай ішіп отыр­ға­нымызда Әбіш аға шынымен де Әулет дүниеден өткелі көзі­нен жас шықпағанын өзі айтты. «Мен өзімнің бұл жағдайыма қатты таң қалдым. Кино көр­сем көзімнен жас шығып кете­тін көңілшек адаммын ғой, қа­­лай екенін түсіне алмадым. Ес­тігенде көзімнен жас шықпа­ған кезде «жүзін көргенде жылармын» деп ойлап едім, жоқ жас шықпады. Жанымның жар­тысындай аяулы балама өз қолыммен топырақ салып жатқанда да жылай алмадым. Міне, қанша уақыт өтті, бір тамшы жас шықпап еді, Құдайдың құдіретімен осы бүгін сендер келгенде бір толқып, көзіме анда-санда бір лық етіп жас келіп қалғандай болып еді...», деді.

Көзінен жас шыққаннан кейін бе жадырап сала берді. Тіп­ті қуанып, баладай мәз болды. Сол отырғаннан алты сағат отырдық. Кетерде бізге шапан жауып, есік алдына дейін шыға­рып салды. Шығарып са­лып тұрып тағы құшақтады. «Әбе­ке, Алмаспен аптасына бір кезігіп тұрыңызшы, мұндай көңілденгеніңізді көрмегелі қашан? Тамаша отырыс болды ғой» деп жатыр Сайын досы. Міне, қазақтың көңілқос, көңіл айтуы дәстүрі Әбіш ағаның шерін осылай шығарып, жасын осылай төгіп еді. Қазірге дейін менің көрген соңғы көңілқосым осы. Сыртқа шыққаннан кейін тіл ұшыма өзінен-өзі «нарды нар ғана тұрғызады екен ғой» деген сөз келді. Ол Алмас ағаға арналған сөзім еді».

Бұл әңгімені жыршы Аман­дық аға Көмеков осылай айтып еді, бәлкім осыдан да әсерлі ай­тып еді...

Мінеки, «ой түбінде жатқан сөз шер толқыса шығады» дегендей қаншама ғасырлар бойы халық жасаған сара салт, нешеме дәуір тегершігінен өткен дара дәстүр теңіздей терең Әбіш­ті осылай толқытыпты.

Кезінде Арқада өткен атақ­ты Ерден­­нің жалғыз баласы қайтыс болғанда, аяқ жетер жер­дегі ел түгел келіп, көңіл айт­са да басын көтермей, сар­төсек боп сарғайып жатып ал­­ған оқиғасын біраз жұрт бі­леді. Сонда суық хабар тигеннен кейін Сыр бойындағы Досбол мен Шоқай ел арасы шал­ғайлықтан жетінші күні жетіпті. Үйге кіріп, көңіл айтып, бет сипаған соң арғы бергіні ақтара сабырға шақырып Дос­бол сөйлейді. Ерден оған да мызғи қоймайды. Сонда Шоқай дауға түсер адамдай қатулана шарта жүгіне отырып:

«Ей, батыр Ерден! Басыңды көтер жерден! Құдайға құдірет­тімін деп, Мейманасың тасып кеткен екенсің кер­дең?! Мыңды айдаған әкең Сандыбай да қара жерге енген! Оны мына Шо­қай көзімен көрген! Әулие болсаң, әкеңді де, балаңды да алып қалуға әлің қане, келген?! Көкті бу көтереді, жүйрікті ду көтереді, өлімді ер көтереді, ауырды нар көтереді?! Ер емес пе едің талай құқайды көрген?! Тағы да айтамын басыңды көтер жерден?! Құнсыз беріп, пұлсыз алды, нең бар еді Құдайға берген?!» депті. Сонда Ерден төсе­гінен басын көтеріп: «Уа, асып туған асылдар! Қайғырсаң да қан­шама, өлі артынан өлмек жоқ. Құрдымға хайыл кеткен соң, екі айналып келмек жоқ! Көтермесем басымды, көңілім өксік қаяулы! Ардақтыларым едің аяулы, саңлақтыларым едің санау­лы! Көңілде қайғы, шемен-шер, төбелерің көрінбеген соң, күтіп жатыр едім, өздеріңдей асыл ерлерді жараулы!»,  деп, құшақтаса көрісіпті. Сонда атақты Ықылас қобызын күңі­рентіп «Ерден» деген күй шы­­­ға­­рыпты. Оның өзі анау «Ақ­сақ құланнан» жалғанған желі­дей болып бүгінге жетті. Осы ­«Ерден» күйі негізінде Жезқазған өңірінде жыл са­йын республикалық дәс­түрлі қобызшылардың бай­қауы өтіп келе жатыр. Сонда қ­ара­ңызшы, Ерден бұларды күтіп жатыр ғой, ара жолдың алыстығынан аптадан кейін келген күнде де көңіліндегі назы айтылып жатқан жоқ па?!.

Міне, бір-бірінің қаяулы кө­ңіл­­­деріне асыл сөзбен дем беріп, жүз көрісіп, жүрек жылытысып, қайғысын бөлісіп, алдамшы дүниенің арзан күл­кісіне алданбай бұл фәни жал­ғанда адам кө­ңі­лінен құнды нәр­сенің жоқ екенін дәлелдеп кеткен асыл­­дар үлгісі. Бұл – салт, бұл – дәстүр. Біздің ай­­тып отырғанымыз соның мысалда­ры ғана. Бұл күнде не­бір көңіл­жақын, қайғыңа ортақ­тасуы тиіс деген адамдарымыз қарға адым жер­де тұрып бет көруге, жүз­бе жүз көңіл айтуға бармай әлеу­меттік желіде отырып «иманы саламат болсын» деп пікір жазған мың сан бейтаныс адамдардың арасына сіңіп жоғалып жатқан жоқ па?!. Торқалы той, топырақты өлімде керек­ дейтін ағайынның арасын жалғап, азаматтың қайғылы көңілін емдеп жазатын көзге көрінбес қанша желі үзілді бұл күнде, қаншама сөз жоғалды. Қайран қазақтың дара болмысы сол қолға білінбес, көзге көрінбес нәзік те қуатты осындай жүздеген желілермен жоталанып тұрған екен-ау...

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Ұқсас мақала:

Қайғының емі: естірту немесе «алтын кімдікі болады?»