Қоғам • 03 Мамыр, 2018

Экология мәселелері жан жақты талқыланды

3433 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда әлемдік экологияның жағдайы бүкіл жаһан жұртын алаңдатып отырғаны анық. Ондағы сын-қатерлерге қарсы тұру, күрделенген мәселені шешу барша адамзаттың ортақ шаруасы. Иә, осы бір «ортақ» деген ұғымдар ауыр мәселенің «жүгін жеңілдеткендей» сезілгенімен, қауіптің күшін сейілтпейді Демек, мәселені жалпыға сырғыту түйінді тарқатқан емес. Мұны бүгінде түгел әлем түсініп отыр.

Экология мәселелері жан жақты талқыланды

Сол себепті де біз сияқты біраз ел Париж климаттық келісіміне қол қойды. Ал бұл келісімнің талаптары қатаң. Оған сәйкес «жасыл» экономикаға көшу, парниктік газдардың үлесін төмендету мақсаты тұр. Осы ретте үдеден шығуды көздеген еліміз жаңа Экологиялық кодексті қабылдамақ.

Бүгінде әзірленіп жатқан жа­ңа Экологиялық кодекстің тұ­жы­­рым­дамасы жұма күні елодада «Қазақстанның экологиялық ұйымд­арының қауымдастығы» ЗТБ Еуропадағы қауіпсіздік жә­не ынтымақтастық ұйымының Астанадағы бағдарламалар офи­сі­нің қолдауымен өткізген дөң­ге­л­ек үстелде кеңінен тал­қы­ла­н­ды. Оған Парламент депутат­тары, мемлекеттік органдар, ха­лықаралық ұйымдар мен са­рап­­шылар қоғамдастығының өкіл­­дері, қауымдастық мүшелері жә­­не бір­қатар үкіметтік емес ұйым­дар­дың өкілдері қатысты. Жиын «Жа­ңа Экологиялық кодекс – Қазақ­стандағы «жасыл» эко­номика қағидаларын сапалы түр­де іске асыру құралы» та­қы­рыбында өтті.

Жиын барысында «Қазақ­с­танның экологиялық ұйым­да­­ры­ның қауымдастығы» ЗТБ төр­ал­қа төрайымы Әлия Назар­ба­ева, Энергетика министрі Қа­нат Бо­зым­баев, ЕҚЫҰ-ның Аста­на­­да­ғы бағдарламалар офисінің бас­шысы, елші Дьердь Сабо, «Халық­ара­лық жасыл техноло­гия­лар және инвестициялық жо­­балар орталығы» КЕАҚ бас­шы­­сы Рәпіл Жошыбаев жә­не та­­ғы басқалар сөз сөйлеп, тұ­жы­рым­дама төңірегіндегі ұсы­ныс­тарын ортаға салды.

«Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ төралқа төрағасы Ә.Назар­ба­ева соңғы кездері еліміз­де­гі эко­ло­гиялық ахуалдың тө­мен­дегінін көп­теген адам сезі­не­тінін атап өтті. Ал экологиялық мә­селелерді азайтудың бір­ден-бір шешімі – еліміздегі заң­на­маны жетілдіру. Тіпті жаңа заң қабылдаудың уақы­ты келді. Оған мысал, қазіргі қол­да­ныстағы заңға 2017 жылға дей­ін 63 рет өзгеріс енгізіліпті. Ал бұл аз көрсеткіш емес. Сол се­бепті Ә.Назарбаева жаңа заңды қа­был­дау әлемдегі дамыған ел­дер­дің экологиялық саясатына дең­гейлесуге жасалған маңызды қадам деп санады. Ал бұл заң экологиялық күрделі мәселелерді шешіп қана қоймай, жасыл эко­номиканың кең етек жаюына ба­рынша ықпал етпек. Яғни, заң­нама әлеуметтік факторлармен қатар, ел­дің экономикалық өсі­міне де әсе­рін тигізеді.

Қауымдастықтың төралқа төр­­айымы жаңа кодексте «жасыл экономика» терминін бекі­ту керектігін атап өтті. Сон­дай-ақ экологиялық реттеу тә­сіл­­дерін қайта қарауды ұсын­ды. «Мемлекет «жасыл» эко­но­­­микаға өту үшін бизнес­ке ти­­імді ынталандыру шара­ла­­­рын жасауы тиіс», деді Ә.На­зарб­а­ева. Оның айтуынша, Мем­ле­кет басшысының тап­сыр­ма­сымен құрылған «Ха­лық­ара­лық жасыл технологиялар жә­­не инвестициялық жобалар ор­­талығы» жасыл технология­лар­­ды енгізуге әрекет етіп, жасыл бизнес үшін «бір терезеге» ай­­налуы тиіс. Сонымен қатар ол Қазақстан жа­һан­дық және ха­­лықаралық про­цес­тердің қа­ты­сушысы және «жасыл» бас­таманың қолдаушысы екенін атап өтті. Айтуынша, Париж кли­мат­тық келісімі бойынша 2030 жылға қарай парниктік газдың шы­ғарылуын 15%-ға төмендету мін­детін жүзеге асыру еліміздегі бел­гілі бір қатерлердің алдын алмақ.

«2020 жылдан бастап отандық биз­нестің алдында жаңа талап­тар туындайды. Мұндай ұлт­тық міндеттерді орындамау қа­зақ­стан­дық тауарлардың әлем на­ры­ғына шығуын шектеп, сонымен қа­тар басқа да экономикалық сан­кциялардың қабылдануына әке­луі мүмкін», деді ол. Осыған орай жа­ңа Экологиялық кодекске «жасыл» экономика терминін және оны жүзеге асыру принциптері мен механизмдерін заң жүзінде енгізуді, сондай-ақ үлестіру мен сату жүйесін қайта іске қосуды ұсынады.

Жиында Энергетика министрі Қ.Бозымбаев жаңа Экологиялық кодекс тұжырымдамасы 2018 жыл­дың маусымына дейін дай­ын болуы тиістігін айтты. «Ел­ба­сының «Төртінші өнер­кә­сіп­тік революция жағ­дай­ын­да­ғы дамудың жаңа мүм­кін­дік­тері» атты Жолдауына сәй­кес ұлттық экологиялық заң­на­­ма­­ны өзектендіру бойынша сіз­дер­мен бірлесе үлкен жұмыс ат­қаруымыз қажет. Қазақстан 2016 жылы ЭЫДҰ-ның саяси құ­ралы – Жасыл өсу туралы дек­ларацияға қосылды. Осы дек­ларацияның аясында біздің жұ­мысымыз «жасыл» инвестиция­ларды ынталандыру, «жасыл» өсуге және осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге кедергі келтіретін ме­ханизмдерді жою арқылы «жа­сыл» өсу сая­сатын дамытуға ба­ғытталып отыр», деді министр. Сондай-ақ ол ұлттық заңнаманы же­тіл­діру жә­не оны қоршаған орта­ны қор­ғаудың халықаралық стан­да­рттарының бірыңғай жүйесіне енгізу бойынша мемлекет алдында жаңа мақсаттар тұрғанын атап өтті.

Министр қазіргі таңда Қазақ­станда экология саласында жұ­мыс істейтін үкіметтік емес ұй­­­ымдардың арасында Ә.На­зар­­­баева басқаратын «Қа­зақ­­стан­­ның экологиялық ұйым­да­­­рының қауымдастығы» шо­ғыр­­­ландырушы күш саналаты­нын, сондай-ақ Энергетика ми­нис­тр­лігі құзырлы орган ре­тін­де қор­шаған ортаны қор­ғау са­ла­сын­дағы барлық мәсе­ле­лер бой­ын­ша үкіметтік емес ұйым­дар­мен ты­ғыз қарым-қатынас орнатуды қалайтынын айтты.

Негізінен еліміздің заңна­ма­сын­дағы экологиялық нор­малардың көп­шілігі, әсіресе өн­ді­рістік кәсіп­орын­дарға қатысты та­лаптар әбден ескір­гені белгілі. Тіпті кейбірі қор­шаған ортаны қорғау шараларын толыққанды жүзеге асыруға кедергі болып отыр. Нақтысында, қолда­ныс­та­ғы Экологиялық кодекс аймақ­тар­дағы экологиялық мәсе­ле­лер­ді шешуден гөрі, бюд­жет қар­­жысын көбейтуге бағыт­тал­ған екен.

Өкінішке қарай, кә­сіп­­орындардан алынған эко­ло­­гиялық төлемдердің басым бө­­лігі қоршаған ортаны қор­ғау ба­ғы­тындағы жұмыстарға емес, бас­қа салаларға жұмсалуда. Сон­­дықтан жаңа кодексте эколо­гия­­лық айыппұлдардан түскен қа­ражатты мақсатты пайдалану, олар­ды есептеу әдіснамасына, қол­­дану ережелеріне қатысты өзге­ріс­тер енгізіледі деген үміт бар. Бұ­дан бөлек, кәсіпорындарды «жа­­сыл» технологияны енгізуге, өн­ді­рістік қалдықтарды, соның ішін­де, техногенді минералды тү­зілім­дерді қайта өңдеуге ынта­ландыру қажет. Ескерілуі тиіс ма­ңызды бағыттардың қатарында өн­дірістік қалдықтарды басқа­ру­ды, экологиялық реттеу меха­ни­змдерін, экологиялық аудит жүйе­сін жетілдіру жұмыстары бар. Дөңгелек үстел барысында, міне осы мәселелер қызу тал­қ­ыланды.

Бұл жаңа Экологиялық ко­дек­стің басты міндеті – еліміз­де­гі жасыл экономиканың үлесін арт­тыру болып отыр. Себебі бү­гінде Қазақстанның барлық энергия балансының 1 пайызы ғана жаң­ғырмалы энергия көздеріне ти­есілі. Ал Үкіметтің жоспарына сәй­кес ол 2020 жылға қарай 3 пай­ызға, ал 2050 жылы 50 пай­ыз­ға дейін жетуі керек.

Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан»