Аймақтар • 04 Мамыр, 2018

Шымкенттің тарихи орталығы жаңарады

543 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өңірге қатысты тарихи деректерге сүйенсек, Шымкент қаласындағы алғашқы әлеуметтік нысандар бүгінде «ескі қалашық» аталып кеткен мөлтекауданда салыныпты. Осы «ескі қалашық» аумағын және  ұзындығы 78 шақырым болатын «Қошқар ата» өзенін бүкіл халықтық игілікке айналдыру мақсатында бірқатар жобалар жүзеге асырылмақ.

Шымкенттің тарихи орталығы жаңарады

«Ескі қаланы жаңғырту» жобасы аясында өзен жағалауында «Қошқар ата» тұрғын үй кешенінің құрылысы үш кезеңнен жүргізіледі. Жоба бойынша, 208 мың шаршы метр болатын 3976 пәтерлі 61 көп қабатты тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, «Қарасу» және «Қошқар-ата» өзендерінің бойы абаттандырылады. Өзен жағалауы халық серуендейтін демалыс орнына айналады. Бүгінде аталған жоба аясында Ордабасы алаңынан Өзбек көшесіне дейінгі өзен бойымен жүріп өтетін 300 метр аяқ жол көгалдандырылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілген.

- Өзеннің жағалауын абаттандыруды тек қана экологиялық тазалық деп түсінбеу керек. Мұнда туризм индустриясы деген үлкен мәселе жатыр. Қонаққа келген шетелдіктердің тамашалауына сәулетті ғимараттар аздық етеді. Олар негізінен тарихи-мәдени жерлерге көбірек қызығушылық танытады. Осы ретте Қошқар ата өзенінің үлкен мәнге ие екенін түсінуіміз керек. Яғни, осы арқылы туристерді көптеп тартуды көздеп отырмыз, – деді қаланың жаңа келбеті бойынша жасалған жобалармен танысқан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев.

Өзен бойын заңсыз иемденген 96 жер учаскесі анықталып, қажетті жерлер мемлекет қажеттілігіне қайтарылуда. Сондай-ақ, Д.Қонаев даңғылы «ескі қалашық» арқылы ұзартылады. Яғни, жол құрылысының I кезеңінде Түркістан көшесінен Әйтеке би көшесіне дейін, ұзындығы 580 метр, ені 42 метрді құрайтын жол салынса, II кезеңде Әйтеке би көшесінен Володарский көшесіне дейін, ұзындығы 480 метр, ені – 42 метр болатын құрылыс жұмыстары атқарылмақ. Сондай-ақ, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында облыс аумағында қайта жаңғыртуды талап ететін ескерткіштер қатарына енген «ескі қалашықта» археологиялық қазба жұмыстарының бірінші кезеңі басталған. Тарихи деректерге сәйкес, бұл аумақта ХIII ғасырда салынған цитадель бар. Жалпы «ескі қалашық» Шымкенттің тарихи бөлігіне айналмақ.

Айта кетейік, жағалауында Қошқар ата кесенесі орналасқан өзен 2010 жылы жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын аумақ мәртебесін алған болатын. Одан бергі уақытта өзеннің бастауынан Ордабасы алаңына дейінгі аумаққа шамамен 1,5 шақырым жерде қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, абаттандырылды.

Еркін ДОСЫМБАЙ,

Оңтүстік Қазақстан облысы.