Театр • 04 Мамыр, 2018

Өскеменде «Шолақ қол келіншек» қойылымы сахналанды

658 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өскемендегі облыстық драма театрда ақын, ойшыл, дін қайраткері, халық ағартушысы, Қытай қазақтары арасында ұлы Абай мұрасын алғаш танып, насихаттаған Ақыт қажы Үлімжіұлының «Шолақ қол келіншек» атты әпсанасы сахналанды.

Өскеменде «Шолақ қол келіншек» қойылымы сахналанды

Байлық пен кедейлік, тектілік пен тоғышарлық, жомарттық пен сараңдық секілді мәңгілік тақырыптарды арқау еткен туынды тек қарынның қамын ойлайтын Қарынбай, бар болса аспайтын, жоқ болса саспайтын, барды емес, арды байлық санайтын Бектас және ақылды, инабатты Ғазиза образдары арқылы барынша ашыла түскен деуге болады. Оқиға негізінен осы үш тұлға төңірегінде өрбиді. Жаны жомарт Бектастың әкесі өмірден өтеді, текті әкеден қалған байлықты ол тіленшіленіп келген кедей-кепшікке таратады, қалғанын Ғазизаның есерсоқ күйеуі Қарынбай жандайшаптарымен бірге тонап, тартып алып, өзін көгала қойдай етіп сабап кетеді. Киерге киімі, ішерге асы қалмаған Бектас базар жағалап, мейманасы тасыған Қарынбайдың алдына келгенде қолшоқпарлары дым таттырмайды. Үмітін үзіп сыртқа бет алғанда жүрегі мейірімге толы Ғазиза жаны ашып, үстіндегі қымбат бағалы камзолын шешіп береді. Шиеленіс, айқай-шу осы жерден басталады. Қарынның ғана қамын ойлайтын Қарынбай бұған төзсін бе? Ашуға мініп, «береген қолың осы ма?» деп өзінің сүйікті жары Ғазизаның оң қолын шауып тастайды. Онымен қоймай, қорғансыз келіншекті далада қалдырады. Қысқарта айтқанда, қолсыз қалған келіншекті жалғызбасты қария тауып алып, үйіне апарады, ас-ауқатын береді, бар мейірімін төгеді, ең соңында өзінің қолынан айрылуға себеп болған бұрынғы тіленші жігіт – кейінгі саудагер, керуенбасы Бектаспен кездесіп, шаңырақ құрады.

Қойылымның бір ерекшелігі, Ақыт қажы Үлімжіұлы сахнада бой көрсетіп, нақылға толы өлеңдерін оқиды. Елі үшін жасаған еңбегі ерен болса да, біз үшін әлі де беймәлім тұлғаның рөлін сомдаған театрдың белді актері Қанат Ниязбеков ғұлама бейнесін бедерлеу оңайға түспегенін айтады. «Қиындық болды. Қиындық болғаны – біздің Ақыт бабамызды жөнді білмейтіндігімізде. Сондықтан Дәулеткерей Кәпұлы секілді кейіпкеріміз жайында ғылыми жоба қорғаған азаматтарға жүгінуге тура келді. Соның өзінде Ақыт қажыны толық білдік, таныдық деп айта алмаймын. 15-20 пайыз деуге болатын шығар. Қойылым барысында ақынның өмір, байлық, кедейлік, сараңдық туралы өлеңдерін оқыдым. Бұл туындының бүгінгі жастарға берері көп деп ойлаймын», - дейді ол. «Бұл рөлді алғанда қатты толқыдым. «Қалай шығар?» екен деп көп уайымдадым. Әйел адамның тартқан ауыртпашылығы мен күйеуінен көрген қорлығын бейнелеу, оны өне бойыңнан өткізу, сезіну оңай болған жоқ. Бағасын көрермен бере жатар», - дейді қолы шолақ болса да жүрегі кең, салиқалы, зерделі келіншек – Ғазизаның рөлін ойнаған театрдың  актрисасы Альмира Айтжанова.

Драманың режиссері, театрдың көркемдік жетекшісі Сахан Әкелеевтің айтуынша, қойылым еліміздегі театрлардың ішінде тұңғыш рет Өскеменде сахналанып отыр. «Ең әуелі Ақыт Үлімжіұлын 10 жыл бойы зерттеп, екі томдық жинағын шығарған Гүлнәр Омароваға ерекше алғысымды білдіргім келеді. Қарындасымыз Мәдениет министрлігі мен облыс әкімдеріне арнайы хат жазған екен. Еліміздегі ешбір театр назар аудармаған хат облыстық Мәдениет басқармасы арқылы біздің театрға келгенде бірден назар аударып, елең еттік. «Шолақ қол келіншек» пьесасы Моңғолияның Мемлекеттік сыйлығының иегері, сол елдегі зиялы азаматтардың бірі Шынай Рахметұлының сахналық жобасымен 90 жылдары қойылған екен. Бірақ ұзақ жүрмепті. Ол кісі пьесаның соңына: «Осыны тірілткен адамға Алланың нұры жаусын» деп жазыпты. Мен мұны аманат деп қабылдадым» деген ол 8 маусымда Алматыда Ақыт Үлімжіұлының 150 жылдығына орай үлкен конференция өтетінін, сол күні осы қойылым жұртшылық назарына ұсынылатынын жеткізді. Туынды режиссері «Түрксойдың» бас хатшысы Дүйсен Қасейіновке қойылымды түркі мемлекеттеріне көрсету жөнінде де ұсыныс айтылғанын тілге тиек етті.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН