Аймақтар • 04 Мамыр, 2018

Оңтүстікте соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетілді

1005 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғысқа Оңтүстік Қазақстан өңірінен 140 мыңнан астам адам аттанып, олардың жартысына жуығы туған жерге оралмаған.

Оңтүстікте соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетілді

Соғыста жанқиярлық ерлігі үшін 51 оңтүстікқазақстандық  Кеңес Одағының батыры, 8 майдангер «Даңқ» орденінің иегері атанды. Мыңдаған ардагерлер түрлі орден, медальдармен марапатталды. Бүгінгі таңда Оңтүстікте 174 Ұлы Отан соғысының ардагері, 4885 майданға қатысушы мен мүгедекке теңестірілгендер және 15733 тыл еңбеккері бар.

Жеңістің 73 жылдығына орай Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» қабылдау үйінде майдангерлерге құрмет көрсетілді, мерекелік дастархан жайылып, концерттік бағдарлама ұсынылды. «Халқымызда «Ер – елінің қорғаны» деген аталы сөз бар. Біз осындай жандардың ерліктеріне сай сый-құрмет көрсете отырып, олардан өнеге алып өсетін жас ұрпақ Отанына адал қызмет етеді деп сенеміз. Сіздердің және ерлігімен есімдері тарихымызда жазылған батыр бабалардың алдында өлшеусіз қарыздармыз. Елбасымыз майданнан оралмаған жауынгерлеріміздің есімдерін мәңгі ел есінде сақтауда және арамызда жүрген ардагерлеріміз бен тыл еңбеккерлерін ардақтауда әрқашан мемлекеттің қамқорлығы болатынын айтып, жарқын бастамаларға жол ашып келеді. Сондықтан да ақтаңдақ жылдардағы ел азаматтарының жаужүректілігі мен тыл еңбеккерлерінің ерен еңбектеріне біз әрдайым құрметпен бас иеміз»,- деді мерекелік жиынға қатысқан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев. Мерекелік кездесу барысында облыстық және қалалық ардагерлер кеңесінің төрағалары мен майдан және тыл ардагерлері сөз сөйлеп, қазіргі кезде мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан құрмет, қолдауларға ризашылықтарын білдірді.

Сондай-ақ, облыс әкімі соғыс ардагері Мұраталы Төлепбергенұлын Ұлы Жеңіс күнімен арнайы құттықтап барып, сый-сияпат жасады. Бүгінде тоқсаннан асып отырған ардагер кезінде Беларусь майданында болып, Одер өзенінен өту, Украина, Белорусь жерлерін азат етуде ерлік көрсеткен. Брест қамалы, Варшава, Данск, Виссмарк, Биттенбург, Перлеберг қалаларының шайқасына қатысқан. Соғыста көрсеткен ерліктері үшін: ІІ–ші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны женгені үшін» және мерекелік медальдармен марапатталған.

Германияның Биттенберг қаласында жауынгерлік жолы жеңіспен аяқталған майдангер елге 1950 жылы оралған. Соғыс ардагері 2 ұл 6 қыз өсіріп, 19 немере, 10 шөбере сүйіп отыр. Майдангер өзін құттықтай келген аймақ басшысына алғысын білдіріп, ақ батасын берді.

Еркін ДОСЫМБАЙ,

Оңтүстік Қазақстан облысы