Әдебиет • 05 Мамыр, 2018

Семейде жазушы Зейнолла Сәніктің 15 томдық кітабының тұсауы кесілді

895 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Семейде Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы қаласындағы «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының» бастамасымен бірлесіп белгілі қаламгер, этнограф, баспагер, Қазақстан Жазушылар одағының және Қытай мемлекеттік жазушылар қоғамының мүшесі Зейнолла Мүбәракұлы Сәніктің 15 томдығы мен оның жары ақын, ұстаз Шәмшабану Хамзақызының 2 томдық кітабының таныстырылымы өтті. Шара қонақтарын кітапхана қорындағы басылымдардан арнайы дайындалған «Зейнолла Сәнік және ұлттық рух» тақырыбындағы кітап көрмесі қарсы алды.

Семейде жазушы Зейнолла Сәніктің 15 томдық кітабының тұсауы кесілді

-Тұсаукесерге Алматыдан жазушының жары Шәмшабану Хамзақызы, ұлы Қанат, қызы Жанат, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ғалым Жайлыбай, филология ғылымдарының кандидаты, зейноллатанушы, «Сулеймен Демирел» университетінің доценті Жолдасбек Мәмбетовтер қатысты. Және ҚР Мәдениет қайраткері, «Зейнолла Сәнік» атындағы мәдениет қорының атқарушы директоры Серік Қалиев, журналист, «Зейнолла Сәнік» атындағы мәдениет қорының қызметкері Жарқын Сәленұлы сынды тұлғаларымыз арнайы келіп, семейлік оқырмандармен жүздесуде,-деді Абай кітапханасы директорының орынбасары Гүлмира Аязбаева,-шараны М.Төлебаев атындағы музыкалық колледждің студенттері Абай шығармаларынан әдеби-сазды композицияны орындаумен ашқаны көңілге қонымды болды.  Қатысушылар жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильмнен үзінді тамашалады.

Шара барысында ақын Ғалым Жайлыбай жазушы Зейнолла Сәнік пен жазушының жары Шәмшабану Хамзақызының шығармаларын жан-жақты талдап, оқырмандарға таныстырды. Зейноллатанушы ғалым Жолдасбек Мәмбетов халқымыздың бар болмысын, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, дүниетанымы мен рухани әлемін жан-жақты зерделеуге бағыт беретін қаламгерлердің үлкен ізденіспен тудырған шығармалары жайлы жазған, биылғы жылы Алматыдан «Қазақ университеті» баспасынан жарық көрген «Зейнолла Сәніктің шығармашылық мұрасы» атты монографиялық еңбегін сыйға тартты.

Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің оқытушылары филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Еспенбетов, ,профессор Мұхтарбек Кәрімов, қазақ филология факультетінің деканы, профессор Айбар Қадыров, М.Қозыбаев атындағы тарихи зерттеулер ғылыми орталығының жетекші маманы М.Асылбеков,  философия және саясаттану кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты, профессор Махмұт Түйебаевтар жазушы Зейнолла Сәнік пен жары Шәмшабану Хамзақызының шығармаларын талқылап, қаламгерлердің шығармашылық қырын аша түсті. Аталмыш шара Семей халқы үшін аса рухани, маңызды шара болды. Шара соңында кітапсүйер қауымға кітаптар сыйға тартылды.

Раушан Нұғманбекова,

Семей

Суреттер автордыкі