Президент • 06 Мамыр, 2018

Алматыда Елбасыға стартап жобалары таныстырылды

327 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Нұрсұлтан Назарбаев Алматының SmArt.Point стартап алаңына барды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Алматыда Елбасыға стартап жобалары таныстырылды

Мемлекет басшысына орталықтың жетекші стартап жобалары («Chocofamily» компаниялар тобы, Nommi жобасы және SmartSatu платформасы) таныстырылды. Олар тағамға тапсырыс беру және әуе билеттерін сату жөніндегі интернет-гипермаркет, тауар жеткізушілер мен тұтынушылар арасындағы тауар айналымына арналған алаң, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша интернетке жылдам әрі мейлінше ыңғайлы қосылуды көздейтін Wi-Fi роутер әзірлемесі ретінде жұмыс істейді.

Елбасы мемлекет тарапынан «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының іске асырылуына зор мән беріліп отырғанын атап өтті.

«Арнайы министр мен вице-премьер тағайындалды, әр министрлікте осы мәселелермен айналысатын адамдар бар. Біз әлемде болып жатқан үдерістен қалып қоймауымыз керек. Біз цифрландырудың арқасында, әсіресе, өндіруші компаниялардың еңбек өнімділігін жылдам арттыра аламыз деп үміттенемін», - деді Қазақстан Президенті.

«Chocofamily» интернет холдингінің негізін қалаушылардың бірі әрі бас директоры Рамиль Мухоряпов Нұрсұлтан Назарбаевқа ІТ-саласы мен жалпы цифрландыру үдерісіне зор мән беріп отырғаны үшін алғыс айтты.

«Біз ІТ-қоғамдастығы атынан «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы үшін өзіңізге шынайы ризашылық білдіреміз. Біз соның арқасында өркендеп келеміз. Ақпараттық технологиялардан басқа бірде-бір сала мұндай жылдамдықпен дами алмайды. Біз Қазақстандағы интернет нарықтың көшбасшысы болып қана қоймай, халықаралық деңгейге де жетіп, үлкен компаниялар құра алатынымызға сеніміміз зор», - деді компания басшысы.

Елбасына мемлекеттік қызмет көрсету регламенттерімен қамтылмаған, қалыптан тыс өмірлік ахуалды реттеу жөніндегі «OpenАlmaty» қоғамдық қабылдау орнының жұмысы таныстырылды. Оған 7 айдың ішінде 18 396 өтініш түсіп, олардың 78 пайызы сол жерде жедел шешімін тапты.

Айта кетерлігі, SmArt.Point жобасы - Алматыдағы технологияларды дамытуға арналған кеңістік. Онда жоғары технологиялар мен креативті бизнес саласында жұмыс істейтін 40 компания орналасқан. Олардың жиынтық ақша айналымы 100 миллион доллардан асады. Қызмет ету бағыттары электронды сауда, қаржы технологиясы, автоматтандырылған логистика, медиа, компьютерге арналған бағдарламаларды әзірлеу, телекоммуникация, блокчейн, заңгерлік және бухгалтерлік қызмет көрсету аутсорсингі, білім технологиялары сияқты салаларды қамтиды.

IT-хаб жалпы көлемі 9 мың шаршы метрді қамтитын екі қабатты ғимаратта орналасқан. Мұнда бір уақытта жеке орындарды немесе 7-8 қызметкерге арналған офистерді жалға алатын 700 адамға дейін жұмыс істей алады.

Бұл нысан аптаның жеті күнінде 24 сағат бойы ашық тұрады. Мұнда келіссөз жүргізу бөлмелері, ойын алаңдары және спорт залы бар. Орталық коворкинг қағидаты бойынша салынған және әр түрлі мамандық пен салалардың адамдарын біріктіреді.