Аймақтар • 11 Мамыр, 2018

ОҚО-да баламалы қуат көздері көбеюде

616 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жасыратыны жоқ, күнгейдегі көрші елден әкелінген бағасы арзандау көкөніс жылыжайы көп Оңтүстікте саудаланып жатады. Өзінің шығаратын өнімі бар Өзбекстан шекарасын ашып жатқан уақытта отандық тауар өндірушілерге бәсекеге қабілетті болу маңызды. 

ОҚО-да баламалы қуат көздері көбеюде

Осы орайда, Оңтүстік Қазақстан облысында өткен Кәсіпкерлер палатасының аймақтық кеңесінің кеңейтілген отырысында өңірдегі электр қуатының бағасы көрші Өзбекстанмен салыстырғанда қым­­бат екендігі, ал ол өз кезегінде өнім­­­нің өзіндік құнына әсер ететіні ай­ты­­лып, мәселе көтерілген болатын. Ке­ңес­­­те келтірген мәліметке қарағанда, Оң­түстікте электр қуатының 1 киловаты 28 теңге болса, біздің ақшаға аударғанда көр­ші Өзбекстанда – 8 теңге. Өңірлік ке­ңеске қатысушылар «Атамекен» ҰКП төр­алқа төрағасы Тимур Құлыбаевтан осы мәселенің оң шешімін табуына ық­пал етуін сұрады. 

Уақыт өте баға айырмашылығына қатысты туындаған мәселе шешімін табар және бұл орайда өңірде баламалы энергия көздерін дамытудың алар орны үлкен болмақ. Айта кетелік, облыс тұтынатын энергия мөлшерiнiң басым бөлігі өзге өңірлерден тасымалдану­да. Сол себепті де тариф жоғары. Бұл қа­­рапайым тұтынушыларға да, ша­ғын және орта бизнес өкiлдерiне де ауыр­тпа­­лық түсiрiп отыр. Өз кезегінде Оңтүс­тiк баламалы энергия көздерi бойын­ша әлеу­еттi өңiр болып есептеледі. Облыс аумағынан 122 өзен ағады, 41 су қой­ма­сы бар.

Еске сала кетсек, болашақтың энер­гиясы туралы бастаманы Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалып­­тасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында көтер­ген-ді. Осы бастама бойынша «жасыл эко­номикаға көшу» жөніндегі тұжы­рым­дама бекітілді. Мемлекет басшысы биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында да 2030 жылға қарай Қазақстандағы баламалы энергия үлесін 30 пайызға жеткізу міндеті қойылғанын айтып өтті.

«Жасыл» технологияларға инвестиция салу үшін бизнесті ынталандыру маңызды екенін де атап көрсетті. 

Баламалы энергия көздерін дамыту бағытында облыста бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Мысалы, Төлеби ауданында қуаты 2,5 МВт «Кеңес» шағын су электр стансасының, Сарыағаш ауданында жалпы қуаты 5 МВт болатын екі шағын су электр стансасының, сонымен бірге «Жылға» ауылында қуаты 20 МВт күн электр стансасының құрылысы басталады. Жалпы, алдағы уақытта баламалы энергия көздерін дамыту бойынша Төлеби ауданында 20 МВт электр энергиясын өндіретін ірілі-ұсақты 10 су электр стансасы салынбақ. Бұдан бөлек, Мақтаарал ауданы Жетісай қаласы маңында күн электр стансасы құрылысын жүргізу жоспарда тұр. Жобаға 10,7 га жер бөлінген, қуаты 4,8 МВт. Бүгінгі таңда рұқсат беру құжаттамалары әзірленіп, құрылыс жұмыстары қараша айында басталады деп жоспарлануда. Жобаға германиялық «NwComp Solar GmbH» компаниясы 7 млн еуро инвестиция құйып отыр. Ал Мақтаарал ауданындағы екінші жобаның инвесторы – нидерландтық VTK Investments B.V компаниясы. Ауданнан 100 МВт күн электр стансасын салу бойынша екіжақты меморандумға қол қойылған. Жоба құны 150 млн еуро. Сондай-ақ Бәйдібек ауданы Жүзімдік елді мекенінде «Ветропарк Жүзімдік» ЖШС қуаты 40 МВт болатын жел электр стансасының құрылыс жұмыстарын бас-
тайды. Ауданда шетелдік «Emperial Renewabie Energy» ЖШС-ы (қуаты 100 мВт) және «KK-Kiunsen» (қуаттылығы 210 мВт) кәсіпорындары жобалау-сметалық құжаттарын әзірлесе, аталған саладағы жұмыстарды ағымдағы жылы толық аяқтау жоспарланып отыр. Арыс қаласында қуаты 14 МВт болатын күн электр стансасын салу да биылға жоспарланған. Ал Отырар ауданында «Промондис» ЖШС қуаты 35 МВт күн электр стансасының жобалау құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған болатын. 100 гектар жер телімі бөлінген жобаны кезең-кезеңімен іске асыру көзделуде.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы