Медицина • 11 Мамыр, 2018

Эльза Ділмұхамедова: Ұлттың ұлағаты – Ұлы даладан

724 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Эльза Елтоққызы Ділмұхамедова ардагер киногер, белгілі режиссер. 

Эльза Ділмұхамедова: Ұлттың ұлағаты – Ұлы даладан

«Еуразия көшпенділері» фильм­дер топтамасы үшін «Әлем – мәдениет көзімен» ха­лықаралық сыйлығының лауреаты атанған. Кезінде ВГИК-те және КСРО Мемлекеттік кино коми­теті­нің жоғары курстарында оқып, кинематограф шеберлігін жете меңгерген. Ол келе-келе түркі ха­лықтарының шығу тегі мен тарихына ден қояды. Еуразиялық идеяны жақтаушылар арасында «Түркі руникасының жұмбақтары», «Мен – еуразиялықпын», «Дала сюитасы», «Жердің этногенезі мен биосферасы» атты деректі ғылыми-көпшілік фильмдері кеңінен танымал. Эльза Елтоққызының шы­ғармашылығында Лев Гумилевтің өмірі мен ілімі ерекше. Сондай-ақ ұлы ғалымның өзімен, отбасымен он жылдан астам уақыт бойы аса жақын достық байланыста, жақсы сыйластықта бол­ған. Бір ғажабы сол, Эльзаның әкесі Елтоқ Ділмұхамедов Кенесары ханды халқымыздың өткен заман­дағы ерен тұлғасы деп танып, 1946 жылы Ташкентте осы тақырыптағы тұңғыш ғылыми диссертацияны қорғаса, орыстың атақты ғалымы Лев Гумилев қазақтың Ресей отаршылдығына қарсы ең ірі ұлт-азаттық көтерілісінің көсемін қазақ тарихындағы ең жұлдызы биік, жарқын пассионар деп баға­лай­ды. Өз шығармаларында туған халқының тарихын жалын жүрекпен жіті зерделеген ардагер кино­гер Эльза Ділмұхамедовамен әңгіме-дүкен құруға бізді ынтықтырған бір себеп те дәл осы жәйт болатын.

– Өзіңіз пір тұ­та­тын Гуми­лев те, тарихшы ға­лым әкеңіз Елтоқ Ділмұхамедов те Кене­сары хан ора­йында бір ұстанымда бол­ғандығы, аса жоғары бағалаған­ды­ғы байқалады. Сіздің бала кезіңізде әкеңізге талай азап арқалатқан сол бір диссертация туралы не айтасыз?

– Осы ретте Құдіреттің күшімен ту­раланғандай мына ғажап сәйкестікті қаперге салмай тұра алмаймын. Менің әкем 1946 жылдың 17 желтоқсанында Таш­кент қаласында «Қазақтардың Кенесары Қасымов­тың басшылығымен 1837-1847 жылдары болған кө­терілісі» деген тақырыпта кандидаттық диссерта­цияны табысты қорғайды. Менің екі жастағы кезім екен. Оппоненті атақты тарихшы Ермұқан Бекмаханов болыпты. Ал енді мынаған қараңыз. Осы оқиғадан тура 40 жыл өткенде, 1986 жылдың дәл осы күні қазақ жастары көп жылдан бері алғаш рет кеңестік өктемдікке қарсы, өз ұлттық қадір-қасиетін қорғап, атойлап ұран салып Алматының алаңына шықты. Олардың бойында, батыр бабалары атқа қонған 1837 жылдан бастап санағанда, бір жарым ғасырдан бері өшпеген Кенесары көтерілісінің рухы алаулады. Ол рухты өшірмеген санаткерлердің алғы шебінде қырық жыл бұрын, нақ осы күні ұлт-азаттық қозғалысы идеясын ғылыми негізде қорғап шыққан қазақтың тарих ғылымының әйгілі өкілдері Елтоқ пен Ермұқан сынды сайыпқырандар тұрды. Ол кездері осы тақырыпқа байланыс­ты диссертация жазып, қорғау нағыз ерлікке пара-пар екендігін де мойындау керек шығар. 

Бекмаханов та, Ділмұхамедов те туған халқын сүйгені үшін көресіні көрді. Екеуі де Кенесары үшін қуғындалды, ғылыми еңбектері жоққа шығарылды, ғылыми атақтарынан, сүйікті жұмыстарынан айырды, партия қатарынан аластады, кітаптарын жойып жіберді. Бекмахановты 1952 жылы 25 жылға соттап, итжеккенге айдады. Ал әкеме Қазақстаннан кетуге әмір етті. Ол біраз уақыт бой таса­лауға мәж­бүр болған. Өзі туып-өскен Қарақалпақстанға, Шымбай ауданына кетіп, ағайын-туыстың арасында жан ба­ғады. Бірақ балаларды көру үшін үйге жа­сырын келіп тұрды. Бірде мынадай жағдай болыпты. Трамвайда келе жатса тарих институтының бірге істеген бір қызметкері көріп қалады. Сөйтсе, әкеммен бір жерде бірге болуға пәлесі жұғар деп зәресі ұшып қорыққан әлгі қызметкер трамвайдан секіріп кетіп, байғұс аяғын сындырып алыпты. Осын­дай да болған.

– Әкеңіз бен Бекмахановтың ара- қатынасы қандай болды?

– Жас алшақтығына қарамай олар бір-бірімен жақсы жолдас, қимас дос болып өтті. Қиыншылықта бір-бірін сатпады, қайта қолдап, қорғады, пікірлес, мұраттас болды. Әкем 1946 жылы Ташкентте диссертация қорғағанда Ермұқан әріптесі Алматыдан арнайы келіп, қолдауын білдірген. Ал 1948 жылы «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40-шы жылдарында» атты әйгілі монографиясы Кенесары ханды асыра дәріптеді, ұлтшыл деп айып тағылып, Бекмахановтың басына бұлт үйіріліп, Ғылым академиясында талқылау ұйымдастырылғанда әкем оны қорғап, жақтап сөйлегендердің қатарынан табылған екен. Осы орайдағы оң рецензиясын Ғылым академиясының хабарламасында жариялап, іргелі зерттеуге қазақстандық бірқатар тарихшылар тарапынан саясаттың ыңғайына жығылып, «әділетсіз», «жойымпаздық» негізде берілген бағаларды дәлелді түрде сынайды. Осы жағдайды парасаттылықпен пайымдаған белгілі тарихшы ғалым Ирина Ерофеева: «Сталин режимінің қы­лышынан қан тамып тұрған кезде осындай қадамға бару ғалымнан белгілі бір азаматтық ерлікті талап етті. Осы қалыптасқан жағ­дайда Елтоқ Діл­мұхамедов әріптестеріне өзі­нің объек­тивті ғылыми пікірге деген айнымас ұста­нымын көрсетіп, абыройын сақтап қала білді» деп атап көрсетті.

Кейінірек, Сталин о дүниелік болған­нан кейін, «жылымық» кезінен бас­тап кеңірек заман орнағанда ағалы-інілідей әріптес достар қайтадан табыс­ты. Жаңадан тақырып алып әуелі канди­даттық, содан соң докторлық дис­сертация­ларын қорғады. Әкем өмір бақи Тарих институтында жұмыс істеді.
Балалық шақтан есімде қалғаны, Бек­махановтар біздің үйге жиі келетін. Бұл бір керемет отбасылық аралас-құралас, әдемі сыйластық болды. Сол кезден көп фотосуреттер де бар сақталған. Ермұқан аға сымдай тартылған сымбатты. Халима апай сондай жас, сондай сұлу. Екеуінің жарасты жұбына риясыз қыз көңілімен қызығатынмын. Кішірек кезіміз. Қонаққа келеді. Шешемізге палау басуға, қонақ күтуге көмектесеміз. Атақты әнші Ғари­фол­ла Құрманғалиевті ортаға алып, бас­­қа да қонақтармен мәжіліс, әңгіме-дү­кенді қыздырады. Ғарекеңе әсіресе «16 қыз­ды» айтқызып бір жасап, дуылдасып жатқаны. Әкем мәз болады. Сондай ақ- көңіл болатын... Ғарифолла ағаны керемет жақсы көріп сыйлайтын. Әзіл-қал­жыңы, әңгімесі жарасқан осы бір орта маған қазақ халқының болмысын, жанын ай­шықтаған кішкентай ұясындай болып көрінетін. 

Бала күннен әкеңіздің қазақтың үлкен тарихшы ғалымы ретінде жа­дыңызда жатталып қалған бейнесі қандай?

– Әкем Қарақалпақстандағы Шымбай уезінің Көккөл ауылында Ділімбет деген кісінің отбасында 1903 жылы қой қоз­дайтын мезгіл – көктемде дүниеге кел­ген екен. Осы кезде бір қой егіз қозы туады. Бұл жақсылық нышаны деп қабыл­данады. Ата-анасы әлсіз, әлжуаз болып жаңа туған баланы егіз қозының ортасына жатқызады. Сәбидің бойы жылынып, тынышталады, көтеріле бастайды. 22 баланың кенжесі осылай аман қалады. Әкесі Ділімбет Қондыбайұлы ауылдың қарияларын жинап ақылдасып, еліміз тоқ болсын деп ырымдап, баланың атын Елтоқ қойған екен дейді.

Бала кезден жадымда ерекше таңба­ланған нәрселер – әкемнің кабинеті, қол­жазбалар мен түрлі папкаларға толы жазу үстелі, төбеге тірелген, шыныланған шкаф. Оның жанында биіктегі сөре­лерден кітап алуға арналған саты, әкемнің жасыл диваны мен жастық үстінде жататын көзіл­дірік. Марксизм-ленинизм классиктерінің шығар­маларымен қатар шығыстанушылар В.В.Бар­тольд­тың, А.Н.Бернштамның, Н.Я.Бичуриннің,

.Г.Гафуровтың, Л.Н.Гумилевтің, В.В.Радловтың, С.Ф.Ольденбургтің, Б.А.Литвинскийдің және басқалардың ірге­лі еңбектері тізіліп тұратын.

Шешеміз бізді жазу үстелі мен кі­тап сөресіне жақындатпайды. Ол жер­ден ештеңе алуға, орнын ауыстырып қою­ға болмайды деп құлағымызға құйып қойған. Мұның қатаң тыйым еке­нін бала болсақ та білеміз. Кішкентай шо­ланның іші төбеге дейін шимай-шимай қағаздарға, қолжазба папкаларға сы­қап тұрады. Әрине осының бәрі – әкеміздің мұқияттылығының, зор жауапты еңбегінің дәлелі. Ол кезде әкем өзінің досы әрі пікірлесі Бекмахановпен бірге зардап шеккен кандидаттық дис­­сертациясының орнына кеңестік идео­логияға сай басқа тақырыптағы жаңа диссертациясын жазып жатқан болатын. 

Біраз жылдардан соң Қазақстан тарихы бойынша деректі фильмдер түсіру мүмкіндігіне ие болғанымда мұрағаттар мен кітапханалар қызметкерлері менің Елтоқ Ділмұхамедовтің қызы екенімді білгенде қуаныштарын жасырмай, әкем жайлы әңгімелеп, оның еңбекқорлығын, табандылығы мен дегдар мәдениеттілігін сүйсіне айтып берген-ді.

1973 жылы әкем Мәскеуде доктор­лығын қорға­ғанда қасында болдым. КСРО Ғылым академия­сы­ның қонақүйінде жаттық. Сонда оның жұпыны болса да ұқыпты киінгенін бірінші рет аңғарыппын. Қолын сермей, таныстарымен телефонда емін-еркін сөй­лесті. Бұл жолғы еңбегін де табысты қорғап шықты.

Елтоқ Ділмұхамедов елуден астам ғылыми еңбектің және үш моногра­фияның авторы. Бірақ ол өзі­нің Кенесары Қасымов жорықтары туралы ал­ғашқы еңбегін ерекше қадірлеп, күллі жан-дүниесімен жоғары бағалайтын. Енді тәуелсіз еліміздің тарихында да осы жә­дігер еңбегімен қалатыны анық. Сол монографияның бір данасын ғана әрең сақтап қалыпты. Ондаған жылдар бойы ол еңбек бір жерден бір жерге көшіп, әлденеше рет орын ауыстырып жасырылды. Диван астындағы жайлы қуыс та сенімсіз саналды. Соңғы ретінде мен оны жертөледен, ылғал өткізбейтін клеенкаға мұқият оралған, тосап құйылған банкалармен бастырылған, құммен көмілген жерінен алып шықтым. 

– Өзіңіз кезінде Қазақ универси­тетінің физика факультетін бітіре тұра, тарихтың терең қойнауларын зерделеп, деректі кино саласына біржола бет бұруыңызға әкеңіздің әсері болды деп ойлайсыз ба?

– Болғанда қандай! Оның Ташкентте жүргенде-ақ Кенесары тақырыбын таң­дауы, қаншама ай-жылдарын сарп етіп Мәскеудің әскери архивінде табандап отырып зерттеуі тегін емес. Ұқсас болмыстылар бір-біріне ұмтылады ғой. Ол жанының тереңінде шынайы патриот болатын. Әлбетте, әкенің ықпалымен тарих бізді, яғни оның балаларын да қызықтырды. Інім Отелло екеуіміз 1975 жылдан бастап өз бастамамызбен қоғамдық негізде «Жас археолог» тарихи-өлкетану клубын құрып, жеткіншек балаларды енді өзіміз де туған халқының тарихына баулығанымызды мақтаныш ете аламын. Осы жұмыс барысында рес­публикалық Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамымен де тығыз байланысып тұрдық. Әр жексенбі сайын клубымызға Әлкей Марғұлан, Алтай Аманжолов, Кемел Ақышев, Зейнолла Самашев сынды танымал ға­лымдар келіп, балаларға тарих жөнінде қызықты әңгімелерін айтатын. Әкемізден алған тәрбиенің әсерімен біз осы игі іске мұрындық болдық. 

Өзім де Мәскеуден киногерлердің оқуын бітіріп, осы саладағы білім-шебер­лігімді тынбай жетілдіре жүріп, Қазақстан тарихына қатысты деректі танымдық фильмдер түсірдім. Олардың қатарында «Дала сюитасы», «Тау мен дала елінің өткені», «Құрбандық шалу» және басқалары бар. Өткен тарихымыздан сыр тартуға құмар-әуестігімнен әрі соны деректі кино тілінде бейнелеуге талпынысымнан тапқан олжам, өмірдегі үлкен бақытым – түркі халықтарының шығу тегіне тереңдеп бойлаған, пассионарлық ілімін негіздеуші, еуразиялық идеяның алғашқы қарлығаштарының бірі Лев Николаевич Гумилевпен өте жақын, дос­тық қарым-қатынаста болғандығым.

– Жаңағы клубтың жұмысы туралы сәл тарқа­тыңқырап айтсаңыз?

– Иә, біздің қамқорлығымыздағы «Жас археолог» клубына мүше мектеп оқу­шы­лары археологиялық экспеди­ция­ларға да қатысты, көп жылдар бойы археолог-ғалымдармен бірге Қазақ­станның барлық дерлік белгілі жер­лерін аралап шықты. 1987 жылы жас достарымызды Ленинградқа ертіп апарып, Эрмитаждың кең де сәулет­ті залдарының бірінде Пазырық қорған­дарынан табылған сирек олжалар туралы әңгіме толғаған Лев Гумилевтің өзімен кездестірдік. Жасөспірім қаракөз балалардың сонда атақты ғалыммен халқымыздың тарихы туралы қызу пікір таластырғаны есімде. Лев Николаевичке алматылық оқушылардың ынтасы мен зейін-зеректігі ұнап, олардың қилы-қилы көп сұрақтарына ықыластана жауап берді. Ал «Соңғы дәуірдегі қайсы қазақты ұлттың ең жарқын пассионары деп есептейсіз?» деген сұраққа Гумилев: «Әрине Кенесары. Сіздердің Кене хандарыңыз!» деп жауап қатқанда мен қатты толқыдым. Өйткені әкем Елтоқ Ділмұхамедов біртуар Ермұқан Бек­махановпен қанаттаса жүріп өз халқының ұлы тұлғасы Кенесары хан туралы ғы­лы­ми мәліметтерді алғаш рет зерделей сарап­тап жеткізген еді. Жанымызға аса жақын сол тұлғаны заманның ұлы ғалы­мы «Ең үздік пассионар» деп бағалап тұр­са қалай мерейің тасымас. Меніңше, кер заманда тайсалмай, Кенесары хан үшін басын бәйгеге тіккен менің әкемде де, Ермұқан ағада да пассионарлық қасиеттер молынан болғаны анық. 

Енді мына ғажапқа қараңыз. Сол жолы Гумилевке осы және біртұтас қазақ халқы турасындағы басқа да бірқатар сұрақтарды қойған оқушы Мұхтар Тайжанов содан ширек ғасыр өткенде үлкен азамат болып, елжандылығымен танылып, соның арқасында Болатхан Тайжан қоры тарапынан 2011-2012 жыл­дары Ермұқан Бекмаханов пен Елтоқ Ділмұхамедовтің репрессияға ұшы­рап, жарты ғасыр бойы жабық жат­қан еңбектері: «Қазақ КСР-нің ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі тарихының» 1943 жылғы басылымы және «Қазақтардың Кенесары Қасымовтың басшылығымен 1837-1847 жылдары болған көтерілісі» монографиясы көзге көрнекті кетпектей кітап болып жарыққа шықты. Сөйтіп қазақтың ұлттық рухында тәрбие алған кейінгі ұрпақ Ермұқан мен Елтоқ аталарының өлмес еңбектерін елге көзайым етіп қайта оралтты.

– Лев Гумилевпен кездесулеріңізді, қазақ үшін соншалықты қымбатты ғалымның әңгі­мелері, ой-пайымдары туралы білсек деп едік?

– Сексенінші жылдардың басында КСРО Мемлекеттік кино комитетінің жоғары курсында екі жыл оқығанымда көп дүниеге көзім ашылды. Бізге көрнекті философ Мераб Мамардашвили, Андрей Тарковский, Иоселиани, Лотман, Вол­кова сынды мықтылар дәріс оқыды. Гумилев­тің атын да алғаш сонда естідім. Оның «Этногенез және жер биосферасы» еңбегінің түптелген қолжазба түріндегі үш томдығын күллі стипендиямды салып қара базардан қолдан сатып алып едім. Кейін аса көрнекті ойшыл, тарихшы-түрколог, пассионарлық теориясының негізін қалаушының өзі де бізге дәріс оқи бастағанда қуанышымызда шек болмады.

Өз өмірім мен шығармашылығыма елеулі ықпал жасаған осынау адамның өмір тарихына да, іліміне де құштар қызығушылығым оянды. Сөйтіп 1983 жылы өзіміздің «Қазақфильм» арқылы ғылыми ортадағы Лев Гумилевтей біре­гей құбылысты киноға түсіруге мүм­­кіндік алдым. Бір айтарлығы, Лев­ Николаевичті бұған дейін ешкім түсі­ріп көрмеген, ең алғашқысы осы. Камераны дайындап, «Сіздің этногенез теорияңыздың мәнісі неде? Тек қысқаша» деп сұрағымды қойдым. Ол үнсіз қалды. Сосын: «Тоқ­таңыз, сұрақтың қойылысы дұрыс емес» деді. Қобалжуымды басып: «Лев Николаевич, сіздің теорияңыз бойынша жер бедерінің шектерінде жаңа этностар туындауы мүмкін. Бұл тек жер бедерімен байланыс­ты ма, әлде басқа себептері бар ма?» деп өрнектедім сұрағымды. Лев Николаевич осы сәтте бірден жайраң қағып, шешіліп сала берді. Мен шынында да мәселені дұрыс көтеруге дайын емес едім. 

Бір жағынан таспамыз да аз. Нақ тео­рияның өзіне жақындай да алмаппыз. Келесі жолы кездесеміз деп келістік. Келесі кездесудің сәті бірнеше жылдан кейін түсті. Мен онда «Этногенез және жер биосферасын» әбден ежіктеп оқып алғанмын, сұ­рақты антижүйелерден бас­тадым. Ол: «А – а, оқыған екен­сің!» деп күлімдеп қоя берді. Лев Николаевич­тің әйелі Наталья Викторовна керемет ақкөңіл, қонақжай жан болатын. Күйеуі жақсы көріп, әр­дайым мақтан тұтып отырушы еді. Оның барлық кітап­тары – екеуінің перзенттері. Лев Николаевич мәтінді айтып, ал Наталья Викторовна мәшінкеге басушы еді. 

Кейінірек Наталья Викторовна ғалым­ның қолдан­ған заттарын: кітап шкафын, қолжазбаларын, жазу мәшінкесін, Мәс­кеудегі бүкіл кабинетін, еуразиялық отан­дастың рухы сіңгеннің бәрін Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне асқан жомарт­тықпен сыйға тартты. Бұл игі істің басы-қасында жүрдім.

– Тұлғалы ғалымның қазақ үшін­­ тар­­тым­дылы­ғы­ның бір себебі оның түр­кілік тамырында, жалпы­ түркілердің, оның ішінде біздің халқы­мыздың шығу тегін індете таратуында жатқан болар?

– Бұл сөзіңіздің жаны бар. Гумилев әкесі жағынан орыс дворяндарының, шешесі жағынан Ахмат ханның ұрпағы. Татар әжесінің тәрбиесін алған атақты ақын Анна Ахматованың ұлы. Әрине өзі орыс болғанымен, болмысында татарлық белгілер сақталғандығын Лев Николаевич ашық айтады. Қазақтар туралы айтқанда: «біздің қазақтар» деп жақын тарта сөйлейді. Маған қазақ қызы деп қарайтын. Ол, тіпті, түрмеде отырған кезінде қазақ тілін үйренген. Жазған-сызғандарына «Лев-Арыстан» деп қол қоятын. 

Тағдыры оны аяусыз соққылады. Норильскідегі кезекті тар қапастан кейін қатардағы жауынгер ретінде шайқасып Берлинге дейін жетеді. Ленинградқа оралып, 1948 жылы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғайды. Бір жылдан кейін 10 жылға кесіліп, әуелі Қазақстанға, одан Сібірге айдалады. Осынау азапты жеті жылда болашақ докторлық диссертациясы – үш томдық «Кіндік Азияның тарихы» монографиясын жазып шығады. Түрмеде отырып түркі халықтарының тарихын толғайды, ғұндардың, ұйғырлардың, қыпшақтардың екі мың жыл бұрынғы тағдыр-тіршілігімен тыныстайды. Лев Гумилев өзіне тән тосындықпен бе­сінші ғасырда өмір сүрген Рим Папасы Әулие Левті «бірінші ғұнтанушы» деп есептейді. Өйткені ол, біздің Арыстан Гумилевтің пайымдауынша, сірә, ғұн тілін білгендіктен, Аттила – Еділ патшамен келісімге келіп, қалың қолды тоқ­татып, Римді қираудан құтқарып қалған.

Қазақтың ділін, қазақ болмысындағы кеңдік пен дарқандықты ол Ұлы даламен, жеріміздің кеңдігімен байланыстырады. Бұл орайда Ресеймен, орыс халқымен сәйкес ұқсастықтарды да тап басып айтады. Гумилевше пайымдағанда, тіршілік ортасы мен жерінің аумағы ұлттың ділін қалыптастырады. Ол қазақтарды жақсы көрді. «Қазақтар табиғаттың төл перзенті, ажырамас бөлшегі» дейтін. Қазақ киіз үйде тұрды. Жоғарыға қарап, шаңырақ арқылы күнді көреді, сол арқылы уақытты анықтайды, ауа райын үйде отырып болжайды. Жолға шықса аттың тезегіне қарап бұл арадан қандай жолаушы, қашан жүріп өткенін біле қояды. Ешкімге өші-қасы жоқ, тек жерін ғана қорғайды. Шауып өткен аттың тағасы қалдырған ізден жүргіншінің қай жүз, қай рудыкі екенін алақандағыдай айтып береді. Гумилевтің қиял патшалығындағы қазақ осы. Сонымен бірге ол қазақ даласын, Қазақстанды еуразиялық тұтастықтың ежелден бергі жұлын-жотасы, кіндігі деп санағанын байқаймыз.

– Гумилев қазақ тарихында Кене­сары­дан басқа тағы кімдерді пассионар тұлғалар қатарына жатқызады?

– Шыңғыс хан, Александр Невский, Эйнштейн Лев Николаевичтің әлемдік ауқымдағы сүйікті пассионарлары еке­нін білемін. Ал қазақтардан бі­рін­­ші кезекте алдымен айтатыны әр­қашан Кенесары хан болатын. Өз құла­ғыммен, бір емес, бірнеше рет естігем. Пассионарлықтың бірінші белгісі – құрбандыққа бару, мақсат жолында басты бәйгеге тігу, елді ұлы мұрат үшін біріктіру. Кенесарыда осының бә­рі бар. Әрі Шыңғыс ханның ұрпағы. Одан соң Абылай мен Әбілқайыр хандарды даралап атайтын. Шоқан мен Абай  да халық санасына зор ықпал еткен пассионар тұлғалар. Осылардың ішінде нағыз Хан Тәңірдей толағайы – Абай. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп күңірене күйзелді. Тәуекел мен жанкештілік, тағдыр сынағы мұнда қатар жүрді, бас­тан бәрін де өткерді. Осы дана қазақтың шығармашылығында күллі дү­ние, бүкіл Еуразия, Ресей мен Қазақия көрініс тауып қамтылды. Абайдың алашордашыларға ықпа­лы зор болды. Өзінің энергетикасын, рухын, ақыл-па­расатын соларға берді. Абай жолын солар жалғастырды.

Өз басым мұны пассионарлық деп санаймын. Бірақ Лев Николаевич Шыңғыс ханша шырқау шекке жеткендерді ғана мойындайды. Бәлкім, шыр­қау шек дегеніміз күреспен өткен бүкіл саналы өмір болар. Алаш арыстары шырқау шекке жет­ті. Абайдың арман-мұратын ақырына дейін жалғастырып, кейінгі ұрпаққа аманаттай алды. Олар жанқиярлыққа жетті. Мақсат өте биік болатын. Қалай болғанда да Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шо­қай сынды Алаш арыстары қазақ тари­хындағы пассионарлық дүмпудің ең шоғырлы, жұлдызды дәуірін сипаттайды. Сонымен бірге, Гумилев қазақтың жаңа тарихындағы жарқын пассионар ретінде еуразиялық мұратты қолдап алға апарушы біздің Елбасымыздың есімін айтар еді деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен 
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»