Аймақтар • 13 Мамыр, 2018

Астанада Ақтөбенің мәдени күндері. Ақтөбе мен Астана арасы бір

476 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміздегі үлкенді-кішілі қалалар, соның ішінде облыс орталықтары елордасы –Астанаға қарап бой түзесе, өркендеудің жаңа бір өрісі ашылары анық. Сондай-ақ осы арқылы өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту ісіне де соны серпін берілмек. Екі жаққа да пайдасы мен тиімділігі мол қарым-қатынастар Астананың 20 жылдығы қарсаңында түндігін түріп жатса, тіптен ғанибет.

Астанада Ақтөбенің мәдени күндері. Ақтөбе мен Астана арасы бір

Осы орайда Ақтөбеде 3 күнге созылған Астана қаласының Ақтөбе облысындағы күндері инвестициялық жобаларды бірлесіп игеру мен өңіаралық кооперацияның көкжиегін көтеруге үлкен септігін тигізді деуге әбден болады. Бұл ретте Ақтөбе аймағында республиканың өзге өңірлерімен сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамытуда іргелі де ілкімді істер қолға алынғанын айта кетудің өзі бір мәртебе. Ендігі кезек Астана мен Ақтөбе облысы арасында орнығып отыр. Әсіресе аталған екі өңір арасында бұған дейін «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында өміршең жобалар жүзеге асырылған-ды. Әрине бұл іс ертеңге өлшем бола алмайды. Сондықтан да қазіргі күні Ақтөбе өнімдерін Астана нарығына жеткізудің кең ауқымды бағдарламасы белгіленген. Бұған қажетті басты фактордың бірі тиісті әлеует болуында, оның қалыптаса білуінде емес пе. Бұл жөнінен өңір мәртебесі биік тұр.

"Біз елордалық кәсіпкерлерге «Ақтөбе» индустриялдық аймағынан 200 гектар жер телімі мен тегін инфрақұрылым ұсынуға әзірміз. Ал өз кезегінде Астана бізге қандай көмегін тигізбек? Біз Астанадан нені үйреніп, нені көңілге түйе аламыз? Сөз жоқ, елордадағы аумақтарды абаттандыру жобалары қызықтырмай қоймайды. Сондай-ақ қоғамдық кеңістікті қалыптастыру мен қала құрылысы саясатын оңтайлы жүргізе білу ісінде де үйренетін үрдістер мол. Астананың тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық саласын өркендету ісіндегі тәжірибесінен де өңірлер өздеріне қажеттісін ала алады", деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Өз кезегінде Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев екі жақта қалыптаса бастаған инвестициялық әлеует өңіраралық ынтымақтастықтың нәтижелі болуына және бәсекеге қабілеттілік деңгейін көтеруге оң ықпалын жасай алатынын жеткізді. Ал «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік коорпорациясы ҰҚ АҚ-ның төрағасы Нұрлан Жақыпов өңіраралық бағдарламалырдың бір-бірімен өзара үйлесімді болуы тұрғысынан ой өрбітті. Әрі экономиканы цифрландырудың инновациялық тұтқаларын саралай, екшей отырып, енгізу қажеттігіне тоқталды. Оның ойынша бизнесті дамытуда цифрлық маркетингтің атқаратын рөлі жоғары.

Астананың Ақтөбедегі күндері аясында өткізілген бизнес-форум кезінде Ақтөбе қаласындағы «Дару» қалпына келтіру орталығының бас директоры Ғалымжан Елеуов мемлектеттік-жекеменшік әріптестігі аясындағы бірлескен жобалар екі жаққа да тиімді екенін түйіндеп берді. Ақтөбеде республика өңірлері арасында баламасы жоқ медициналық кластер құрылған. Бұл Астана мен Ақтөбе клиникалары арасындағы өзара байланыстарды тереңдетуге әсер ете алады деді ол бұдан әрі. Сондай-ақ Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов облыс орталығының стратегиялық даму сипатын жасақтау үстінде өңіраралық ынтымақтастық жаңа серпін бере алатынына екпін түсірді.

Күндер кезінде тауар өндіріушілер мен өңірлерді дамыту орталығының өкілдері басқосудың бергені мол болғанын атап көрсетті. Тіпті, осы бір күндерде бірқатар мәселелер уақыт оздырмай тез шешімін таба білгені де бір мәртебе. Атап айтқанда Ақтөбеден Астанаға құрылыс материалдары мен сүт өнімдерін жеткізу туралы мәселелер шешімін тапқаны, ал елордалық компаниялар Ақтөбеге «е-КСК» электрондық  жүйесі мен көше жарығына қатысты ақылды басқару жүйесін енгізуге бастамашылдық танытқаны осы пікіріміздің айғағы. Жарықтандырудың аталған интеллектуалдық жүйесі электр энергиясын аса көп мөлшерде үнемдеуге септігін тигізеді дейді астаналық «LED Colution» ЖШС директоры Қаныбек Айтақов.

Түйіп айтқанда елордасы Астананың Ақтөбе облысындағы күндері өңіраралық кооперациямен ынтымақтастықты дамытудың жаңа парақтарын ашып берді.