Қазақстан • 14 Мамыр, 2018

«Хат қоржын» (14.05.2018)

341 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
«Хат қоржын» (14.05.2018)

...үлгі етеді

Мақсат – саламатты өмір салтын насихаттау

 Шетпедегі орталық көшелерде саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында денсаулық акциясы өткізілді. Шара бұқаралық спортты дамытып, ел Үкіметінің 2016 -2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының іс шаралар жоспарын орындау аясында және саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығының тұжырымдамасына сәйкес өткізілген болатын.

Жастар алдымен орталық базар мен сауда орындарына барып темекі шегіп тұрған тұрғындармен сөйлесіп, оның адам ағзасына тигізер зияны туралы түсінік жұмыстарын жүргізді. Одан әрі белсенді жастар тұрғындарға темекінің зардаптары жайында арнайы баспадан шығарылған кітапшалар мен үнпарақшалар таратып, тұрғындардың көкейкесті сауалдарына жауап берді.  

«Осындай денсаулыққа пайдасы мол игі істер тұрғындар арасында жиі өтіп тұрса жақсы болар еді. Соңғы уақытта қыз-келіншектер арасында осы темекі тартатындар саны көбеюде. Сондықтан да ауру балалардың саны артып келеді. Бұл ортақ әлемдік проблемаға айналып отыр», – дейді аудандық емхананың нарколог дәрігері Сәулет Төлемісова.

Аллаберген ҚОНАРБАЕВ

Маңғыстау облысы,

Маңғыстау ауданы

...үн қосады

Мектеп тарихын нақтылайтын дерек

Газетіміздің Павлодар облысындағы меншікті тілшісі Фарида Бықайдың «Міржақып Дулатовтың есімі беріледі» атты шағын мақаласына орай («Егемен Қазақстан» газеті, 2 сәуір, 2018 жыл) редакциямызға хат келіп түсті. Мақалада Успен ауданының Железин ауылындағы №3 қазақ орта мектебіне 2011 жылы облыстық ономастикалық комиссияның М.Дулатовтың есімін беру жөніндегі ұсынысына биыл облыстық мәсли­хаттың кезекті сессиясында облыстық тілдерді дамыту басқармасы облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың бірлескен қаулысы мен шеші­мін ұсынғаны, жобада мектепке М.Дулатовтың есімі берілетіні, құжат­тардың республикалық ономастикаға жіберілгені қамтылған болатын.

Осы жәйт бойынша хат жолдаған зейнеткер ұстаз, қамқоршылар кеңесінің төрайымы Н.Алдыбаева мектепке М.Дулатовтың есімін беру мәселесін 2009 жылы 11 желтоқсанда ата-аналар комитетінің төрағасы Марат Хасанұлы Багжиков көтергенін, осыған орай құзырлы мекемелерге өтініш хаттар жазылғанын, барлық жұмыс аталған азаматтың басшылығымен жүргізілгенін айта келе, М.Багжиковтің «Туған өлке» газетінің №46 санында (14 қараша, 2009 жыл) Железин ауылында тұңғыш қазақ мектебі іске қосыларда 100-ден астам ауылдастарының қолының қойылуымен аудан әкіміне өтінішпен кіргені және Алаш қайраткерінің өмірі жайлы жазған «Алаштың ардақты азаматы» атты мақаласын жолдапты.

 Материалдағы мектеп тарихына қатысты деректерді толықтыруға үн қосқан хат иесіне редакция тарапынан ризашылығымызды білдіреміз.

«Егемен-ақпарат»

...мақтан тұтады

Ардагер атына көше берілді

Қызылорда облысы, Шиелі ауданының Көкшоқы шағын ауданында Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Байтілес Жүсіповтің атына көше берілді. Аудан әкімі Ұлы Отан соғысының ардагері Байтілес Жүсіповтің ел қорғаудағы азаматтық парызы мен бейбіт өмірде елеулі еңбек еткендігін алға  тартты.  Отан қорғау барысында бірнеше қалаларды азат етуге  қатысып, орден, медальдармен марапатталған Байтілес ақсақал елге келген соң да жамағатына үлгі көрсеткен кісі. Үнемі өнеге биігінен көрінген әулет ұрпақтары бұл күндері түрлі салада ел дамуына өзіндік үлес қосып келеді.  Оларды шиеліліктер өнеге тұтады. Ерлік пен елдікті дәріптеу  бүгінгі өскелең ұрпақтың алдында тұрған міндеті болса, аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізілген шара соның дәлелі. Көшенің ашылу салтанатында Байтілес ақсақалдың көзін көрген өкшелестері естеліктер айтса, ағайындары жақсының артында із қаларын мақтан тұтты.

Нұрмахан ЕЛТАЙ

Қызылорда облысы,

Шиелі ауданы

...ренішін білдіреді

Тойдан жүдеп қайттым...

 «Той десе қу бас домалайды» демекшi, бір демалыста танысымның баласының үйлену тойына бардым. Бiр қызығы, той беташарсыз, жар-жарсыз өттi. Келiннiң бет-аузы тұмшаланған, күйеу жiгiттiң бетi сақал-мұрттан көрiнбейдi. Ұйпа-тұйпа, киiмi олпы-солпы, тура бiр ұйқыдан тұра салып, жүгiрiп келгендей әсер қалдырды...

Қазақтың тойы дегенiмiз – домбырамен күйi күмбiрлеген, биi биленген, шашуы шашылған, ән-жыры шырқалған, ақсақалдың батасы айтылған қуанышты сән-салтанат емес пе?! Несiн айтасыз, жастардың өмiрiнде бiр рет болатын үйлену тойында сән-салтанатсыз, тойдың басынан аяғына дейiн «ұстаздардың» уағызын тыңдап қайттық. Тойдың арақ-шарапсыз өткенiне еш қарсылығым жоқ. Ол жағы дұрыс ендi. Бiрақ беташарсыз, жар-жарсыз қазақтың тойы болушы ма едi?..

Қайнар ТӘЛIПҰЛЫ

Ақтөбе облысы

...алғыс айтады

Шипагер шапағаты

Мен Базарбай Алламбергенов осыдан біраз бұрын денсаулықтан қиналып Астанадағы республикалық диагностикалық орталыққа барып қаралып едім, ондағы қорытынды бойынша жүрек қантамырым бітеліп қалған делініп қорытынды шығарылып, бірден кардиологиялық орталыққа операцияға жолдама берді. Сондағы күйзелісімді әлі күнге ұмыта алмаймын.

Содан операцияға дейін не де болса деп Ақтөбеде тұратын халық емшісі Жанарыс Еңсеповтің алдынан өтуді жөн көрдім.

Халық емшісінің дұға-емі көп жұртты ауруынан айықтырғанын естуім бар болатын. Не керек, емші ауруымды тыңдап барып, өзінің ем-домын жасап: «Енді ана диагностикалық орталыққа барып қайта тексеруден өтіп көріңіз» деп дұға-батасын беріп шығарып салды.

Сөйтіп үмітімді үзбей емшінің айтуы бойынша орталықтан қайта тексеруден өтіп едім – тәлейім бар екен, өткендегі қорытынды ізім-қайым болып, міне бүгінге дейін дін аман жүрмін... Дін аман демекші, емшіге қайта жолым түсіп, ішімдегі зақымданған жерлерім де жазылып, тыныс алудағы кідіріс атаулыдан да құлантаза жазылып кеттім. Шипагер Жанарыс Жақсылықұлының шипасы бүткіл отбасымызға дарып, қозғалудан қалған әйелімнің аяқтарына жан бітіп, ең аяғы келінімнің нәресте көтеруіне де себі болып – Алла жар болды емес пе. Ол кісі туралы ақын Шөмішбай Сариев жазған «Қыдыр Ата Жанарыс Жақсылықұлы» атты кітапты оқып тәубама келдім. Айтарым – бір мен емес, дүйім жұртқа емі дарып, батасын алып жүрген халық емшісінің рахымы бір Алладан қайтсын.

Базарбай АЛЛАМБЕРГЕНОВ,

Орынбек ШАРИПОВ,

еңбек ардагерлері

АСТАНА