Әлем • 15 Мамыр, 2018

Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты

344 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресейдің Сочи қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысына қатысты. Сондай-ақ Елбасы Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесіп, бірқатар екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты

Жоғары Еуразиялық эконо­ми­калық кеңес отырысына ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшылары – Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев, Ресей Федера­циясының Президенті Владимир Путин, Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков, Беларусь басшысы Александр Лукашенко және Арменияның жақында ғана сайланған Премьер-министрі Никол Пашинян, сондай-ақ ЕАЭО-ға байқаушы мемлекет – Молдова Президенті Игорь Додон қатысты. Басқосуда Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы көп бағытты ынтымақтастықтың түрлі аспектілері, ұйымның ұйымдастыру-кадрлық бағыттағы шаралары мен жалпы жұмыс барысы талқыланды. Отырыстың күн тәртібіне ұзын саны 15 мәселе шығарылып, олардың екеуі шағын құрамда қаралды.

Жиын әдеттегідей шағын құрамдағы отырыстан басталды. Жалпы жиынды негізгі тәртіп бойынша ұйымға биылғы жылы төрағалық етуші мемлекет – Ресей Президенті Владимир Путин жүргізіп отырды. Ол алдымен Арменияның жаңадан сайланған Премьер-министрі Н.Пашинянға қошемет көрсетіп, жоғары мемлекеттік лауазымға тағайындалуымен құттықтады. «Бүгін бізде барынша мазмұнды күн тәртібі бар екенін атап өтпекпін. Одақ қызметінің қорытындысын шығарып, интеграцияны одан әрі тереңдету бойынша бірқатар стратегиялық шешімдер қабылдау міндеті тұр. 2018 жылы ұйымға және ЕАЭО органдарына төрағалық ететін Ресей бірлескен жұмыстың толыққанды бағдарламасын ұсынды. Бұл бағыттардың көпшілігі бойынша айтарлықтай жетістіктер бар. Ішкі тауар айналымы, үшінші елдерге тауарлар мен қызметтер жеткізу көлемі артып келеді. Экспорт құрылымы да жақсарып, жоғары қосылған құны бар өнімдердің үлесі кеңеюде. Бірлескен жаңа кәсіпорындар құрылып, келешегі зор жобалар іске қосылып жатыр. Соның нәтижесінде одаққа мүше барлық елдердің ішкі жалпы өнімдері арта түсуде», деді В.Путин. Оның атап өтуінше, атом және жаңғырмалы энергия, экология, медицина, ғарыш, туризм және спорт сынды салаларда тығыз өзара іс-қимылды жандандыру үшін жақсы мүмкіндіктер бар. «Әлеуметтік-гуманитарлық сала, білім беру, сонымен қатар өңіраралық және шекарааралық байланыстарды тереңдетудегі ынтымақтастыққа барынша назар аудару пайдалы болар еді», деді Ресей Президенті.

Шағын құрамдағы жиын бұқаралық ақпарат құралдары үшін бұрынғыдай жабық есік жағдайында өтті. Бір жарым сағат уақыттан соң ғана мемлекеттер басшылары күн тәртібіндегі негізгі мәселелерді талқылауды кең құрамдағы ашық жиында жалғастырды. Онда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ қысқа уақыт ішінде экономиканы ілгерілетудің тиімді тетігіне айналғанын тілге тиек етті. «Біз Еуразиялық экономикалық одақта ортақ кедендік аумақ пен біртұтас ауқымды нарық құрдық. Негізгі салалардағы экономикалық сая­сатты бірлесе отырып үйлес­тіреміз. Интеграциялық процес­тер біздің мемлекеттеріміздің эконо­микалық өсімі қарқынына айтар­лықтай үлес қосуда. Оны осы жерде Президент Владимир Путин мен Президент Александр Лукашенко да айтты. Оған стратегиялық сала­лардағы оң динамика, ауыл шаруашылығындағы, өнеркә­сіптегі экономиканың өсімі септігін тигізіп, елдер арасындағы сыртқы, сонымен қатар өзара сау­дада айтарлықтай серпіліс орын алды», деді Н.Назарбаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы барысында. Мемлекет басшысы өткен жылы ЕАЭО-ның өзара сауда көлемі сәйкесінше 24,4-26,1 пайызға ұлғайғанын еске салды. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев оң динамиканың ағымдағы жылы да сақталып отырғандығын баса айтты. «Біздің ұйымымыздың халықаралық беделі де нығая түсті. Бізбен сауда-экономикалық ынтымақтастықта болуға ұмтылатын елдердің қатары арта түсуде. Толықтай алғанда, қысқа ғана уақыттың ішінде ЕАЭО аяғынан нық тұрып, толыққанды интеграциялық бірлестік ретінде қалыптасты деп айтуға болады. Бүгінгі отырыс біздің ұйымымыздың одан әрі өсуіне және дамуына айтарлықтай өз үлесін қосатындығына сенімдімін», деді Президент.

Жиында сөйлеген сөзінде Нұр­сұл­тан Назарбаев одақ аясын­да­ғы экономикалық ынты­мақ­тас­тықты одан әрі нығайтуға бағыт­талған бірқатар мәселені көтерді. Елбасының атап өтуінше, біріншіден, бұған дейін қабылданған шешімдердің орындалуын саралап, кешенді шаралар әзірлеу үшін одаққа мүше елдердің арнайы үкіметаралық жұмыс тобын құру қажет. Жұмыс тобы шекарада, сонымен қатар экономиканың салалары арасындағы, саудадағы кедер­гілерді анықтауы тиіс. «Екіншіден, қазіргі санкция ықпалындағы күрделі жағдайларды ескере отырып, бізге одан әрі қалай жұмыс істеу керектігін қарастыру қажет. Байланыстарды одан әрі дамыту және тереңдету туралы ұсыныс енгізілді. Бұл жұмыстар біз осы уақытқа дейін не істегендігімізді түсінген кезде ғана жүргізілуі тиіс. Егер біз барлығын орындаған болсақ, онда қатынастарды тереңдету жайында айтуға болады», деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев. Үшіншіден, Қазақстан Президенті ірі инфрақұрылымдық мегажобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыру қажеттігіне назар аударды. «Оған Еуропа мен Азияны Ресей және Қазақстан арқылы жалғайтын «Еуразия» жоғары жылдамдықты темір жол магистралі жобасы жатады. Келесі келешегі зор жоба Қара және Каспий теңіздерін су жолымен байланыстыруға мүмкіндік беретін «Еуразия кеме арнасы» құрылысы бола алар еді. Бұл, әрине, ірі жобалар. Бірақ біз оларды қолға алуға тиіспіз. Бас­қаша сөзбен айтар болсақ, Еура­зиялық экономикалық одақ инфрақұрылымы Азия мен Еу­ропаның, Шығыс пен Батыс­тың, Тынық және Атлант мұхит­тарының арасында жақсы көпір бола алады», деді Президент. Төр­тіншіден, Нұрсұлтан Назарбаев ЕАЭО қызметінде Еуразиялық даму банкі мен Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының рөлін арттыру қажеттігін баса айтты. «Олар ірі жобаларды жүзеге асыруға белсенді түрде қатысуы керек», деп атап өтті Н.Назарбаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы одақ жұмысында ЭКСПО-2017 кешенінің базасында құрылып жатқан үш халықаралық орта­лықтың мүмкіндіктерін пайдалануды ұсынды.

– Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің қаржы институттарын «Астана» халық­аралық қаржы орталығының мүм­кіндіктерін пайдалануға шақырамын. Сонымен қатар ЭКСПО аумағында одақтың қар­жы бөлігіне қатысты іс-шара­ларды, соның ішінде көмекші жә­не консультативтік-кеңесші орган­дардың отырыстарын өткіз­ген жөн. Сондай-ақ күн тәрті­бін­дегі цифрландыру мәселелерін іске асыру үшін келешекте бой көтеретін ІТ-стартаптардың ха­лық­аралық технопаркі базасында Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы «Цифрлы жоба­лар мен бастамаларды басқа­ру офисінің» жұмысын ұйымдас­ты­руды ұсынамын, – деді Қазақ­стан Президенті.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары Еуразиялық эконо­ми­калық кеңестің отырысы бары­сында қол жеткізілген уағ­да­лас­тық­тардың іске асырылуы осы ұйымға мүше барлық мем­лекет­тердің ынтымақтастығын одан да жоғары деңгейге көте­ру­ге мүм­кіндік беретініне сенім біл­дірді.

Жиында айтылғандай, бүгінде Еу­разиялық экономикалық одақ аясында ортақ ауқымды на­рық қалыптасты, соның аясын­да тауардың, қызмет көрсету­дің, капиталдың және жұмыс күші­­нің еркін айналымы қамта­масыз етілді. Дүниежүзілік эко­но­ми­кадағы тұрақсыздықтарға қара­мастан, одаққа қатысушы елдерде экономикалық өсім байқалып отыр. Атап айтар болсақ, Еура­зиялық экономикалық одақ шең­берінде 2017 жылы өзара тауар айналымы 54,2 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл бұған дейінгі жылмен салыстырғанда 26,1 пайызға жоғары. Ал одақтың үшін­ші елдермен сыртқы сауда ай­налымы 2017 жылы 633,8 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 24,4 пайызға артық. Сондай-ақ 2017 жылы одаққа мүше елдер­дің барлығында ІЖӨ көлемі ұл­ғай­ған. Нәтижесінде ЕАЭО-ның орташа ІЖӨ көлемі 1,9 пайызды көрсетті. Ал биылғы жылдың соңғы екі айының қорытындысы бойынша сыртқы және өзара ішкі сауда айналымы 26,7 және 14,4 пайызды құрап, 108,6 және 8,7 млрд долларға жетті.

Жоғары Еуразиялық эко­но­микалық кеңес отырысы был­тырғы жылдың қазан айын­да ғана дәл осылай Сочиде өт­кен болатын. Бірақ Қара теңіз жағасына ол жолы Президенттер бұған қоса тағы бір үлкен жиын – ТМД-ға мүше мемлекет басшыларының кеңесіне де қа­­тыс­­қан-ды. Иә, ТМД аумағын­­дағы мемлекет басшылары дең­гей­ін­дегі мұндай отырыстар көбіне осылайша қосарланып өтіп жататын. Мәселен, Ұжымдық қауіп­сіздік шарты ұйымының оты­рысы сияқты шаралар біржо­ла бір күнге жоспарланатын. Алайда осы жолғы Жоғары Еура­зиялық экономикалық кеңестің отырысы күннің басты оқиғасы болды. Кеңес отырысы негізгі шара саналып, соның аясында бірқатар екіжақты кездесулер өтті. Сондай-ақ бұл жолғы жиын­ның тағы бір ерекшелігі – Ресей Фе­де­рациясының басшысы В.Пу­тиннің экономикалық одаққа мү­ше мемлекет басшыларымен Президент лауазымына қайта сайланғаннан кейінгі алғашқы кездесуі. Мемлекет бас­шы­лары деңгейіндегі алғаш­қы ауқымды жиыны. Оған қоса қазіргі әлемдік қолайсыз эконо­микалық ахуал кезінде одақ ая­сындағы келі­сімдерді қайта пы­сықтап, тағы бір қарап шығу­дың маңызы зор. Себебі эконо­ми­калық одақ шеңберіндегі ең алып мемлекет – Ресейдің бүгін­гі таңда Батыспен қандай қарым-қатынаста екені, қандай санк­цияларға тап келіп отырғаны еш­кімге жасырын емес. Ал оның бәрі экономикалық тұрғыдан көп­теген ортақ шешімдер мен келі­сімдерге қол қойылған одақ­қа мүше мемлекеттер үшін оңай соқпасы анық. Сондықтан да мем­лекет басшылары Жоғары Еура­зиялық эко­номикалық кеңестің кезекті оты­рысында өте маңызды мәсе­лелерді талқылап, тиімді шешімдер қабылдады деуге негіз бар.

Отырыста мемлекет бас­шылары Еуразиялық экономи­калық одақ аясындағы өзара іс-қимылдың және экономикалық одақты одан әрі дамытудың бір­қатар өзекті мәселелерін тал­қылап, Еуразиялық экономи­калық комиссияның есебін тың­дады. Келіссөздер барысында Еу­разиялық экономикалық одақтың қызметі мүше елдердің экономикасына оң әсер етіп отырғаны және интеграциялық үдерістерді күшейтудің маңыздылығы атап өтілді. Талқыланған басты та­қы­рыптың бірі ЕАЭО-ның халық­аралық келіссөздері туралы ке­лісімге үшінші елдермен, халық­аралық ұйымдармен немесе ха­лықаралық ықпалдастық бірлес­тіктерімен қол қою жайы. Аталмыш келісім үшін­ші елдермен халықаралық келісімдер жа­­сау, оларды тоқтату және күшін жоюдың тәртібін қалып­тас­тырады. Сондай-ақ ке­ліс­сөз жү­р­­гізуші делегацияның жұ­мысы мен оның басшысының өкі­­лет­тілігін нақтылайды. Бұл ретте құжат келіссөз жүргізуші де­ле­га­цияның келіссөз жүргізу пози­­циясы мен құжаттардың жо­ба­­ларын ЕАЭО-ға мүше мемле­кет­­термен міндетті түрде келі­сі­луін қарастырады. Жиында соны­­мен қатар 2017 жылдың 14 сәуір­інде Бішкекте өткен ЖЕЭК қорытындысы бойынша, мемлекет басшыларының тапсырмала­ры негізінде дайындалған ЕАЭО жанындағы байқаушы мем­ле­кеттің мәртебесі туралы ережені бекіту жайы қаралды. Сондай-ақ Қыр­ғызстанның ЕАЭО туралы ке­лісімге қосылуы туралы келі­сім­ге өзгеріс енгізуге қатысты екі хат­тамаға қол қойылды. Атал­­­­мыш құжаттар Қырғыз­стан­ның ЕАЭО-ның кедендік ше­ка­ра­сын­дағы өткізу пункттерінің өткізу кезеңін одақтың кеден та­лап­тарына сәй­кес­тендіруде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің арасында кедендік тасымал баж­­дары­ның көлемін нақтылау нор­матив­терінің жаңа мерзімін қарас­тырады. Бұған қоса, жиында Ар­мения мен Қырғызстанның ЕАЭО-ға мүше болған 2 жыл­дағы жұмыс нәтижелері қоры­тын­­­­дыланды. Тағы бір айта кетер­­­лігі, мемлекет басшы­лары Жо­ғары Еуразиялық эконо­мика­лық кеңес аясында цифрлан­дыру күн тәртібін жүзеге асыру­дың не­гізгі бағыттарын, бірқа­тар эко­но­микалық салаларды, бас­қару мен ықпалдастыру үдеріс­терін цифрлы трансформа­ция­лауға бағытталған бастама­ларды тал­қылады. Жиын қоры­тын­ды­сында он бес құжатқа қол қо­йылды.

Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан» – Сочиден (Ресей)