Қазақстан • 15 Мамыр, 2018

XI Астана экономикалық форумы. Жаһандық экономикалық үрдістер мен өзгерістерді айқындау жолы

813 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

XI Астана экономикалық форумы биылғы жылы жаһандық өзгерістерді назарға алмақ. Global Challenges Summit-2018 жетекші экономикалық конгресі бағдарламасында  төрткүл дүниенің дамуы барысындағы басты мега-трендтер қамтылған. Оның ішінде «Біртұтас экономика әлемі» және де «Қалалар әлемі» тақырыбы төңірегінде де әлемдік қауымдастыққа танымал қонақтар мен конгреске қатысушылар кеңінен әңгімелейтін болады. Бүгін аталған мәселелерге арқау болар сан алуан түйткілдің бірсыпырасына тоқталғанды жөн көріп отырмыз.

XI Астана экономикалық форумы. Жаһандық экономикалық үрдістер мен өзгерістерді айқындау жолы

«Біртұтас экономика әлемі» қандай болуы керек?

Уақыт өткен сайын адамзат өр­­ке­ниеті көшінің ілгері дамуы қар­­қын ала бастайтыны белгілі жайт. Туындаған қандай да бір мәсе­ленің ауқымы өз аясынан әрі аспай, сан алуан түйткілді әр мем­­ле­кеттің өз шама-шарқы ке­л­ген­ше шешуге тырысуынан, жа­сы­рып қалуынан келер пайда жоқ. Мұны бірқатар дамыған және дамушы елдер әлдеқашан-ақ түсініп, ортақтаса отырып жұмыс жасауды мақсат еткен-ді. Былтыр ғана Дүниежүзілік эко­но­микалық форумның (ДЭФ) сарап­шылары GlobalRisksReport-2017 баяндамасында 30 жаһандық дең­гей­дегі келелі мәселелерді анық­тап, оның негізгі бағыттарын эконо­микалық, экологиялық, геосаяси, әлеуметтік және технологиялық деп бөліп, атқарар міндеттерді нақтылады. Әсіресе өңірлік және жаһандық құрылымдар небір қиын түйіндерді тарқатар тұстарға келгенде дәрменсіз болып, қауқарсыз күйге енуі сұрағы көп, шешімі жоқ мәселелердің қордаланып қалуына себеп болып отыр. Осы ретте Дүниежүзілік эко­но­микалық форумның сарап­шылары БҰҰ, ХВҚ, НАТО сынды халықаралық ұйымдарға ғалам­дық деңгейдегі мәселелерді бір-лесіп шешу керектігі жөнінде ұсы­ныстар білдіреді.

Бүгінгі күні әлем жұртының алаңдауына климаттың өзгеруі, қоршаған ортаның ластануы, дамушы елдердегі орта таптың өсімі, қоғамдағы барған сайын те­реңдеп бара жатқан полярла­ну көрінісі, созылмалы аурулар­дан зар­дап шегетін адамдар саны­ның өсуі, кедейлер мен байлар ара­сын­дағы алшақтықтың ұл­ғайуы, урбанизацияның кү­шеюі бас­ты себеп болып отыр. Бұл мә­се­­лелер биылғы Астана эко­но­­ми­­ка­лық форумында то­лық­тай қам­тыл­ып, жан-жақты тал­қы­ланады деп күтілуде. Әрбір тақырып аясында жеке сессиялар, пікірталастар мен дөңге­лек үс­тел­дер ұйымдастырылып, мәселені егжей-тегжейлі саралауға, көптеген түйткілдердің жауабын табуға мүмкіндік берілмек.

Global Challenges Summit-2018 Астана экономикалық форумында талқыланар 11 тақырыптың ішінде – «Біртұтас экономика әлемі» шеңберінде қандай мәселелерге басымдық берілетіні анықталды. Алдымен жаһандық экономиканың дамуын тежейтін мәселелер назарға алынбақ.

Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік банк, сондай-ақ әлемдік экономикалық сараптама­лық ұйымдардың басым бөлігі 2019 жылдан кейін әлемдік экономика өсімінің төмендеуі мүмкін екенін айтып дабыл қағуда. Бұрын әлемдік экономиканың бас­ты қозғаушы күші болған даму­шы елдердегі құрылымдық рефор­малардың тұралап қалуы, АҚШ, Еуроодақ және Қытай ара­сындағы сауда-саттық сала­сын­дағы келіс­пеушіліктер және де бүкіл әлем­де геосаяси шиеленістің артуы оның негізгі себебіне айналып отыр.

Соңғы онжылдықта әлем бо­йынша экономикалық тепе-тең­сіздіктің белең алғандығы сезілу­де. Әсіресе әлемдік экономи­ка­лық дағдарыс кезінде бай мен кедей арасындағы алшақ­тық арта түскендігі анықталған. Oxfam деректері бойынша, 2016 жылдың басында Жер шарындағы ең бай 62 тұрғынының дәулеті әлемдегі жарты кедей халықтың байлығымен теңес­кен. 2010-2016 жылдары ауқат­тылардың дәулеті 44 пайызға, яғни 1,76 трлн АҚШ долларына өссе, ал кедейлердің дәулеті 41 па­йызға, 1 трлн АҚШ дол­лары­на азайған. Дүниежүзілік банк келтірген мәліметке сүйенсек, алдағы 20 жыл ішінде Эконо­ми­ка­лық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерде жұ­мыс орындарының 57 пайызы авто­маттандырылмақ. Бұл өз кезегін­де халықтың жұмыссыз қалуына әкеп тірейді. Бұл дегеніміз, кедейленген халықтың саны тағы да арта түседі деген сөз. АЭФ-ке қатысушы беделді халықаралық саясаткерлердің, экономистер мен ғалымдардың, бизнес өкілдерінің тарапынан бұл мәселенің шешімі жан-жақты қарас­тырылады деген жоспар бар.

PWC компаниясының «Әлем 2050 жылы. Ұзақ мерзімді бол­жам: 2050 жылға қарай әлем­дік эконо­микалық тәртіп қалай өзге­реді?» атты есебінде келе­шек­тегі эко­номикалық өсу­дің ұзақ мерзімді үрдістерінің болжам­дары ұсынылып, әлем бойын­ша ІЖӨ-нің 85 пайызға жуы­ғын құрайтын ең ірі 32 елдің экономикасына талдау жасал­ған болатын. Онда әлемдік эконо­миканың құрылымында маңызды өзгерістер орын алатыны жайында айтылған. Бұл ретте саяси өзгерістердің экономикаға тікелей әсер ететіні де жасырын емес.

Қазақстан стратегиялық зерт­теу­лер институтының бас ғы­лы­ми қызметкері, экономика ғылым­дары­ның докторы Вячеслав До­донов әлемдік экономиканың кері кетуі бұған дейін де орын алғанын айтады. Әсіресе дамыған елдерде бұл құбылыс ерекше бай­­қалады, дейді. Жапонияны мы­салға кел­тір­ген ол елдің эконо­ми­касы 1992-2017 жылдар ара­лығында бар бол­ғаны 0,9 пайыз өсімді құра­ға­н. Қаржылық әлеуеті тұрақ­талып, дамуға бет алған елдердің соңғы онжылдықта экономикалық өсімі бірқалыпты күйде сақталып отыр. Бұл тізімде Германия да бар. Ел ІЖӨ-сі 1980-2017 жылдар аралығында 1,7 пайызды құраса, Ұлыбританияда ̶ 2,2 пайызды, ал АҚШ-та 2,6 пайызды құрап отыр. Жалпы алғанда, дамыған елдердегі өсім көрсеткіші соңғы онжылдықта 2,4 пайызды көр­сеткен Вячеслав Додонов атал­­ған уақыт аралығында әлем­дік экономикалық өсім 3,5 па­йы­зға өзгергенін айтады. Бұл ар­­қы­­­­лы қаржылық даму мен тұ­рақ­­ты­­­лықтың дамыған елдерде емес, дамушы мемлекеттерде бе­лең алғанын емеурінмен түсін­діре­ді ол. Жекелей алғанда эко­но­м­и­калық өсім соңғы 8 жылда АҚШ-та – 2, Ұлыбританияда – 1,9, Германияда 1,4 пайызды құр­аған. Бұл көрсеткіштердің жал­пы әлемдік экономикадағы өсімнен төмен екенін көруге болады. Бірақ ескеретіні, аталған елдерде экономиканың тамырына қан жүгіртетін барлық салалар қалыптасып, жүйеленіп қойылған. Сондықтан кең ауқымды қамтитын экономиканың ширақтық кезеңін бастан өткеріп қойғанын және де оның өсімі баяу болуы қалыпты құбылыс екенін аңғару қиын емес. Ал әлемдік ІЖӨ-нің 40 пайы­­зын құрайтын Қытай мен Үнді­­станның көрсеткіші дамы­ған елдердің көшін бастауына мүм­кіндік беріп отыр. ХХІ ғасырдың алғашқы 17 жылында эконо­мика­лық өсім Қытайда – 9,3 пайыз, ал Үндістанда 7,3 пайыз мөл­шерінде сақталған. ІЖӨ-нің сатып алу қабілетінің паритеті бо­йынша Қытай бірінші, Үндістан төртінші орында. Бұл елдер де дами түскен сайын экономикалық өсімнің үлесін арттырудың қиын­дай беретінін дәлелдеп отыр. Да­мы­ған елдердегі абсолютты көр­сет­кіштердің жоғары болуы, өсім­нің баяулауына ықпал ете­ті­нін аңғартуда. Вячеслав Додонов бұл тенденцияның алдағы он­жыл­дықтарда да сақта­ла­тынын, солай бола тұра жаһан­дық қаржы­лық ахуал дамыған елдер­дің әл-ауқатына тікелей бай­ла­нысты болып қала беретінін айтады.

Қазақстан да әлемдік экономи­када болып жатқан өзгеріс­тер­ден қалыс қала алмайды. Мем­лекет басшысы экономи­к­алық және әлеуметтік дамудың жаңа үлгісін құрып, жеке кәсіп­кер­лікті ынталандыру мен елі­міздің жаһандық бәсекеге қабі­лет­тілі­гін арттыруға үнемі басым­дық беріп келеді. Соның негі­зінде өт­кен жылы елімізде ІЖӨ 4 па­йызға жетіп, 2014-2016 жыл­­дар­дағы 2,2 пайыздық көр­сет­кіш­ті еселеді. Соңғы 20 жылда Қазақ­стан халқының жан басына ша­қ­қандағы орташа ақшалай табысы 39 есе өскен. Ал күнкөріс деңгейі төмен халықтың үлесі 25 жыл ішінде 15,6 есеге азайған. Десе де, соң­ғы жылдары елдегі ауыл мен қала арасындағы күн­көріс деңгейі­нің алшақтығы алаң­да­тады. Бұл мәселені шешу жолдары АЭФ аясында шетелдік тәжірибелерді ескере отырып қарастырылмақ.

Жер шарындағы 4 млрд адам – қала тұрғыны

БҰҰ келтірген мәліметке сүйенсек, алдағы 15 жылда қала тұрғындарының саны бұрын-соңды болмаған жоғары көрсет­кішке жетпек. 2016 жылғы көрсет­кіш бойынша қала тұрғындары­ның саны 4 миллиард адамды құрайды. Бұл көрсеткіш 2050 жылға қарай еселеніп, шамамен 6,5 млрд болады деген болжам бар. Өнеркәсіптік революцияға дейін әлемде халқы 1 млн адамнан асатын үш қала ғана болған. Қазір олардың саны әлдеқайда көп, ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш одан бетер арта түседі деген болжам бар. Олай болса, қалалардағы инфрақұрылымдық жүйе халық санының көптігіне дайын ба деген сұрақтың тууы да заңдылық. Одан өзге адамдар арасындағы теңсіздік артып, қалалардың көптігінен климатқа келер залал да күшеймек. Сондықтан да осындай сан тарау түйткілдің талмаурын тұсын дөп басатын бірден-бір жол – «ақылды қала» құру. Ақылды қала – бұл инновациялық технологияларды қолдану есебінен қазіргі заманғы өмір сүру сапасына лайықтай отырып, қаланың тіршілік жүйелерін үнемді пайдалану. Өз кезегінде «ақылды қалалар» өңірлік дамудың, инновация таратудың, тұрмыс сапасын арттырудың локомотивтеріне айналуы тиіс. Осы орайда «Смарт сити» тұжырымдамасы мен қалаға қоныс аударатын адамдардың құзыреттілігін дамыту негізінде қалалық ортаны басқару жүйесін кешенді түрде енгізу қажеттігі туындайды. Бүгінде «ақылды қалаларымен» әлемге танылған АҚШ, Еуропа, Жапония, Оңтүстік Корея энергоресурстарды үнемдеуден бастап, қауіпсіздік мәсе­лесіне дейін «ақылды шешім­дер» қарастырып қойған. Arup консал­тингтік компа­ниясы­ның бол­жамына сәйкес, 2020 жылға қарай «ақылды қала» қызметтері­нің әлемдік нарығы жылына 400 млрд АҚШ долларын құрамақ.

«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Өңірлік зерттеу­лер орталығының директоры Қайсар Нығметов осыдан екі жыл бұрын әлем бойынша урбанизация деңгейі 54 пайызды құрағанын жеткізді. Оның айтуынша, Жапония – 94 пайыз, Аустралия – 90 пайыз, Голландия – 91 пайыз, АҚШ – 82 пайыз, Оңтүстік Корея 83 пайыздық көрсеткішпен көш бастап тұр. Әлем бойынша қала тұрғындары санының артуы қала маңындағы елді мекендердің дамып, қалалар арасындағы агломерацияның жүйеленуіне ықпал етіп отыр. 1950 жылы әлемде 10 млн халқы бар ірі қалалар Токио мен Нью-Йорк ғана болса, 2017 жылы дәл осындай халықты қамтитын 37 қала пайда болған. Сарапшылар алдағы 20 жылда 2 млрд адам қалалық атанатынын болжап отыр. БҰҰ-ның болжамын негізге алар болсақ, 2030 жылы Жер шары халқының 60 пайызын қалалық тұрғындар құраса, бұл көрсеткіш араға 20 жыл салып тағы да 7 пайызға артады екен.

Қ.Нығметов соңғы жылдары Қазақстандағы қалалардың жандануы қалалықтар санының күрт артуына тікелей әсер етіп отыр­ғанын айтады. Өткен жылы еліміздегі урбанизация 57,3 па­йызды құрап, бұрын-соңды бол­маған көрсеткішке жеткен. Салыс­тырмалы түрде айта ке­терлігі, урбанизация дең­гейі көр­ші Ресейде – 74 пайыз, Малайзияда 77 пайызды құрайды. 1999-2017 жылдар ара­лы­ғында қалаға көш­кен халық­тың саны Астана қаласы бойын­ша 3,2 пайызға, Шымкент қал­а­сы бойынша 2,6 пайызға, Ақтө­бе­де 1,9 пайызға, Алматыда 1,6 па­­йызға артып отыр. Қала тұр­ғын­­­дарының саны ауылды жер­лер­­дегі халықтың жаппай көшуі есе­бі­нен орын алғандығы белгілі жайт.

Мемлекет басшысы тарапынан қалалардың қарқынды дамуына орай агломерацияны дамыту мәселесі, инвестиция тарту, моно және шағын қалаларды дамытуда экономиканы әртараптандыру бойынша шаралар қабылдауға, инфрақұрылымды дамытуға баса назар аударылып келеді.

Астана экономикалық фо­румы­ның базасындағы Global Challenges Summit-2018 жетекші экономикалық конгресі аясында Қазақстандағы урбанизация мәселелері, «ақылды қалалардың» қарқын алуы теория мен тәжірибе алмасу барысында жаңа бағытта өріс алатынына сенім мол.

Төменде Астана экономикалық форумының базасындағы Global Challenges Summit-2018 еуразиялық конгресіне қатысатын халықаралық және отандық спикерлер туралы оқырманға аз-кем ақпарат ұсынып отырмыз.

 

  

Энтони АТАЛА,
Уэйк Форест және W.H. Бойс қалпына келтіру медицинасы институтының директоры

Медицина докторы, Регенеративті медицина институтының директоры, Уейк-Форест университетінің Медицина мектебінде (Солтүстік Каролина, АҚШ) урология кафедра­сының меңгерушісі. Ол ең алғаш рет адам мүшесін ағзадан тыс өсіріп, науқасқа имплантация жасаған. Оның бұл қадамы адам өмірінің ұзақ болуына әрі жақсаруына орсан мүмкіндіктер ашты. 

 

Ирмгард ГЛАСМАХЕР,
Accenture Strategy басқарушы директоры  

Таяу Шығыс, Африка,  Ресей, Түркия елдеріндегі Accenture Strategy басқару­шы директоры. Ол бизнес-көшбас­шыларына кәсіпкерліктің даму стратегиялары мен ауқымды бағдар­ламаларды трансформациялауға мүмкіндік бере­тін жаңа бизнес-моделін құрып, биз­нестегі цифрлы экономиканың артықшы­лы­ғын пайдалана отырып, цифрлы техноло­гиялардың қолданысын жүйелеуді жолға қойған. Бұған қоса, цифрлы стратегия, бағдарламалар, бизнестің тиімділігін арттыруға арналған жобалар мен сату және маркетинг бойынша 23 жылдық тәжірибесі бар. 10 жылға жуық уақыттан бері Еуропадағы Accenture инновациялық зертханаларын құруға атсалысып келеді.

 

Дәурен АБАЕВ,
Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі

1979 жылы 18 сәуірде дүниеге келген. 2001 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, 2006 жылы Лейден университетін тәмамдады. 2001 жылдың тамызы мен 2003 жылдың тамызы аралығында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің орталық аппара­тында жұмыс істеді. 2003 жылдың мамыры мен 2007 жылдың мамыры аралығында Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы және Ни­дер­ланд Корольдігіндегі елші­лік­те­рін­­де дипломатиялық қыз­мет атқар­ды. Одан кейінгі жылдары Қазақ­стан Респуб­ли­касы Сырт­қы істер министр­лігінің бас­па­­­сөз қыз­меті бөлімі­нің басшысы, Қазақ­­­­стан Респуб­ликасы Президенті Прото­­ко­лының бас сарапшысы, консультан­ты, Қазақстан Республикасының Пре­зиденті баспа­сөз хатшысының орынбасары, Қазақ­­стан Республикасы Президенті Әкім­ші­лігінің Мемлекеттік бақылау және аумақ­­тық-ұйымдастыру жұмысы бөлімі­нің мем­лекеттік инспекторы, Президенттің баспасөз хатшысы, кеңесшісі қыз­меттерін атқарды. 2016 жылғы 6 мамырда Ақпарат және коммуникациялар министрі болып тағайындалды. «Парасат» және «Кұрмет» ордендерімен, сонымен қатар мерекелік медальдармен марапатталған.

 

Габриель АЛЕКС,
Lumenora бағдарламалық директоры

Ғылымның жасанды интеллект, виртуал­ды шынайылық салаларында және блокчейн саласында жұмыс істей­ді. Кәсіпкерлер, ірі компаниялар мен қайы­рымдылық қорлары үшін осы техноло­гиялардың практикалық және этикалық қолда­нылу саласында кеңес береді. Осы тақы­рыптар бойынша көптеген мақала­лары жарияланған. Бүгін­де ол нейроғылым мен философия бойынша өзінің докторлық диссертациясын (Ньюкасл университеті, Аустралия) аяқтауда, ол адам миы саласындағы зерттеулермен айналысады. АҚШ, Аустралия, Дания, Испания, Германия, Жапония елдерінде академиялық қызмет етіп, жасанды интеллекті интеграциясы, роботтандыру, блокчейн мен криптовалюта бойынша әлемдегі көшбасшы платформада жұмыс істеген. 

Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»