Қазақстан • 15 Мамыр, 2018

Ауыздан шыққан сөз – атылған оқ

1610 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Адам баласы кемшілікпен жа­ратылған» деп қасиетті кітап Құранда айтылғандай, пенденің сөзі мен ісінен қателіктер кетіп жатады. Үлкен ғұлама имам Ғазали бабамыз айтқандай, пенде қателеспей тұрмайды, жақсы адам дегеніміз – қателігін түзеуші, содан сабақ алған жан.

Ауыздан шыққан сөз – атылған оқ

Бірде мынадай оқиға болыпты. Көр­шісінің баянды тірлігіне қызғанған бейбақ оны «ұрлық жасайды, алаяқтықпен пайда табады» деп жалған өсек таратады. Бұл сөз уақыт өткен сайын ісініп-күбініп қазидың құлағына жетеді. Қази-сот шабармандарын жіберіп «ұрлықшы» атаған азаматты абақтыға жаптырып, тергеп-тексереді.

«Аққа – құдай жақ» дегендей жалалы жігіттің ешқандай жазықты емесі дәлел­деніп, қази-сот мән-жай­ды білмекке өсек-сөз таратқан адам­ды шақыртады. Ол кісі қазидың қаһа­рынан қорқып, өтірік-ғай­бат айт­қанын мойындап, кешірім сұрайды.

Қази күнәһарға бір парақ ақ қағаз ұста­тып, осыған ана жігіт жайлы айтқан өсек-ғайбатыңның бірін қал­дыр­май жаз деп бұйырады. Анау жіп­ке тізгендей, тәптіштеп жазып шығады.

 – Жазып болдың ба?

 – Болдым.

– Онда, – дейді қази қолыңдағы қағазды күлдей етіп ұсақтап тура да, үйіңе бара жатқан жолда аттың үстінде тұрып маң далаға ұшырып жі­бер. Осыны орындаған соң ертең қай­та кел! Саған қандай жаза қол­дану керектігі осы оқиғадан кейін шешіледі.

Қазидың тапсырмасын мүлтіксіз орын­даған ғайбатшы ертеңінде алып-ұшып жетеді. «Күлдей етіп турал­ған қағазды желге ұшырып жібер­дім тақсыр!». Оның дұрыс болған екен, – деген қази: «Кешегі ұшырған қағаздың қиқымдарын түгел тауып бәрін жинап әкел де, бір-біріне қосып жазбаны қайталап оқып шық!» деп бұйырады. «Олай жасай алмасаң жазаға тартыласың!».

Күнәһар қатты сасады. «Тақ­сыреке, желге ұшқан қағаздың қи­қы­мын қалай жинай­мын?». Қази ай­тады: – Сен бейбақ, өсек айт­пай тұ­рып ойлануың керек еді, таратқан сө­зің қағаздың қиқымдары сияқты күл­лі әлемге шашылып кетті, мен ке­­шіргенмен бәрібір жайылған өсек­­ті қайта жинай алмайтыныңды ұқтың ба?

«Ауыздан шыққан сөз – атылған оқ» деген осы. Ұңғыдан ұшқан оқты қай­тара алмайтынымыз сияқ­ты, ауыз­дан шыққан сөз де қайта кір­мейді. Сөзге абай болайық ағайын!

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»