Футбол • 15 Мамыр, 2018

Скауттар – футболдың күреңбайлары

1161 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Аяқдоп спортына қатысты көптеген қызмет түрі бар. Солардың бірі – скауттық қызмет. Әлемде 1,5 миллион футбол командасы ресми түрде тіркелген болса, соның 300 мыңы кәсіби клуб. Әрқайсысының скауттары бар. Басты міндеттерінің бірі – әлемнің түкпір-түкпіріндегі талантты ойыншыларды назарда ұстау.

Скауттар – футболдың күреңбайлары

Футболдағы ерекше қызмет түрі

Әрбір футболшының өзіндік стилі, үйреншікті жолы болады. Өзінің оң жамбасына келмейтін командада ойнаса, қанша жерден талантты болғанымен, жоғары деңгейде өнер көрсете алмайды. Ал скауттар өзі қызмет ете­тін клуб басшылығына сол аяқдоп­шының ойын әдісі, таланты, кемшіліктері мен артықшы­лық­тары туралы толық ақпарат беріп отырады.

Мысалы, чилилік Алексис Сан­честі алайық, «Барселонада» жүргенінде нашар ойыншы болмаса да, команданың тики-така әдісіне толық үйрене алмай әбден қи­налған. Ал «Арсеналдың» сапы­на қосылғаннан кейін негіз­гі құрамнан орын алып қана қой­май, команданы алға сүйрейтін басты ойыншысына айналды.

Скауттар үлкен клубтарда ба­ғы жанбай жүрген тәжірибелі ойын­шыларды ғана емес, жастарды да назарда ұстайды.

Осы ретте «Барселонаны» тағы да мысалға алған жөн. Бұл алып команда болғандықтан, жас­тардың негізгі құрамға бейім­делуі оңай емес. Сондықтан ката­ло­ниялықтардың «Ла Ма­сия­сына», яғни академия­сы­на көз салатын клубтар көп. «Ар­се­нал» сапында бағы жан­ған Фран­сеск Фабрегас (қазір «Чел­си» ойыншысы), Ми­кель Ар­тета, бертін келе Эк­тор Бел­лерин, «Ливерпульдің» аңы­зы­­на айналған қақпашы Хосе Рейна, «Баварияның» негізгі құ­­ра­мынан орын алған Тиаго Аль­кантара дәл осы каталон клу­бы­нан түлеп шыққан-ды.

Таланттарға қойылатын талап бар

Осы тұста скауттар мықты футболшылардың талантын қалай анықтайды деген заңды сауал туындары анық. Олай болса осыған аздап тоқталып көрейік. Қақпашы, қорғаушы, жартылай қорғаушы, шабуылшы қандай қасиеттерге ие болуы шарт?

Қақпашы. Ең бірінші олардың рефлексі жоғары болуы тиіс. Күтпеген соққыларды қайтара білуі, қарсыласымен жеке шық­қан сәтте гол жібермеуі, қорға­ныс­тағы әріптестерін бірден түсінуі, бұрыштама немесе айып добы орындалар кезде қай жерде кімнің жолын бөгеуі керектігін нұсқап отыруы қақпашының деңгейін бірден көрсетеді. Жақсы қақпашы – жарты команда.

Қорғаушы. Бұл позициядағы ойын­шылардың сенімділігі жоғары болуы шарт. Қарсы коман­даның шабуылын дер кезінде тоқтата білуі, допқа талас ке­зінде оған бірінші болып жетіп, қауіпсіз тұсқа бағыттауы, тіпті қай кезде ойын тәртібін бұзу керектігін білуі де қорғаушының біліктілігін көрсетеді.

Жартылай қорғаушы. Нағыз әмбебеп ойыншы болуы керек. Шабуылға да араласып, қор­ғанысқа да дер кезінде үл­геруі тиіс. Қорғаушы секілді қар­сы­ласынан допты тартып ала білуі, шабуылшы секілді ыңғайлы тұста қақпаны нысанаға алу қабілеті болғаны жөн. Бүкіл ойын­ды жартылай қорғаушылар бақы­лауында ұстайды десек, артық айтпағандық болар еді. Әріп­тесін байқап, қақпашымен бетпе-бет шығатындай пас беруі оның қаншалықты алғыр екенін айқын­дай түседі.

Шабуылшы. Қорғау­шы­лар­дан айласын асыра алатындай техникасы, шаң қаптырып кететіндей жылдамдығы, жойқын соқ­қысы, оңайшылықпен құла­май­тындай денесі шымыр болуы қажет. Сондай-ақ, алаңның ашық тұсынан дер кезінде табыла білгені жөн. Шабуылшының басты міндеті – гол соғу.

Джейми Варди мен Рияд Марез

Ағылшын премьер-лига­сының 2015/16 маусымында «Лес­тердің» чемпион атанғаны әлі күнге дейін таңғаларлық жайт. Мі­не, дәл осы «түлкілердің» тари­хи жеңісіне Джейми Варди мен Рияд Марез үлкен үлесін қосты.

«Бір күні достарыммен жиналып «Лидс» – «Флитвуд Таун» арасындағы жолдастық кездесуді тамашалауға бардық. Қонақ команданың сапында сол кезде Джейми Варди ойнады. Өзгелер секілді «ол жұлдыз болады» деп бірден тон пішкенім жоқ. Оның тіпті техникасы да нашар болатын. Бірақ алаңның әр тұсында сауатты қозғалып жүргеніне бірден назар аудардым. Қажет сәтте ыңғайлы тұстан табыла кетеді. Доптың қай кезде, қай тұсқа келетінін алдын ала сезіп отырады. Оның сол кездегі құны бір-ақ миллион еуро болатын. «Лестер» басшылығына ұсынып едім, екі етпеді, трансфер жасады», деді «Лестердің» сол кездегі скауты Бен Вриглсворт.

Ал Рияд Марез туралы Бен Вриглсворт былайша ой бөлісті: «Әлемнің түкпір-түкпірінде жүр­ген скауттармен көбірек араластым. Марезді көбісі физи­калық тұрғыда осал екенін айтты. Өзім де іштей әлсіз болса ағыл­­шынның футболына жарамай­ды деп ойладым. Бірақ Рияд­пен жеке танысқаннан кейін мына бір нәрсеге көзім анық жет­ті. Бойындағы кемшіліктерін жең­бейінше, тыным таппайды екен. Осындай еңбекқорлығының арқасында физикалық деңгейін арт­тырды», деді ол.

Футбол – бизнес

Қазіргі күні футболдың бизнеске айналып кеткені шын­дық. Мәселен, өткен жазда төрт ойын­шысын сатқан «Монако» коман­дасы 332 млн еуро пайда тапты. Бұл негізінен клубтағы скаут­тардың еңбегі. Жартылай қорғаушы Бернарду Силва мен қорғаушы Бенжамен Менди «Манчестер Ситиге» 50 және 57 млн еуроға кеткен болатын. Ал монаколықтар кезінде екеуін де 15 млн еуроға сатып алған еді. Ал «Челсиге» 45 млн еуроға са­тыл­ған Тьемуэ Бакайоко үшін бір кез­дері 8 млн еуро ғана жұмса­ған. Сондай-ақ өз академиясы­нан түлеп шыққан Кильян Мбап­пе «Пари сен Жерменге» жалға берілгенмен, париждіктер 180 млн еуро төлеуі тиіс.

Ал Италияның «А» сериясында өнер көрсететін «Удинезенің» басшысы Джампаоло Поццо клуб­тың скауттары туралы: «Жұрт­тың назарына іліккен құ­ны жоғары, талантты ойыншыларды сатып алатындай дәулетті команда емеспіз. Сондықтан біз үлкен командалар аса назар аудармаған Чили, Колумбия се­кілді елдерге жиі барамыз. Со­ны­ң арқасында Алексис Санчес­ті таптық. Әлемнің түкпір-түк­пірінде жүздеген скаутымыз қыз­мет етеді. Егер олардың әрқай­сы­сы он ойыншыны назар­да ұстайтын болса, бізге таң­дау еркі көбірек болады. Мі­не, осындай жұмыстың арқас­ында «Удинезені» шығынға ұшы­рат­пай ұстап отырмыз», деп ой бө­ліскен болатын.

Бұл қарапайым ғана Ита­лия­ның ортаңқол командасындағы алғыр скауттарының арқасында жүзеге асып жатқан маңызды істер. Міне, скауттар жұмысының маңыздылығы. Таланттардың талантын ашып қана қоймай, қаржылық жағынан клубтарға да зор пайда түсіріп отыр.

Елімізде скауттық жүйе дамыған ба?

Біз осы тұста еліміздің төрт дүркін чемпионы «Астана» футбол клубының баспасөз қыз­ме­ті­не хабарласып сұраған едік. Нақ­ты қанша екенін айтпа­ға­нымен, скауттар еңбегін жоққа шығарған жоқ. Өткен маусым­ның алдында командадан Таңат Нөсербаев, Рохер Каньяс, Не­манья Максимович секілді ма­ңыз­ды ойыншылардың кеткені бел­гілі. Олардың орнына Марин Т­омасов, Иван Маевский, Ласло Кляйнхайслер, Срджан Граховац секілді футболшылардың келуіне клубтың скауттары тікелей себеп болыпты.

Қорыта айтқанда, скаут­тар­дың жұмысы көзге көріне бермейді, елеусіз ғана жүріп жатады. Алай­да кез келген команда үшін олар­дың орны ерекше. Маңызды ойыншысы ұжымнан кетіп, орнына лайықты ешкімді таппай отырған сәттер жиі болады. Дәл осы кезде тығырықтан алып шығатындар да скауттар.

Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»