Қазақстан • 15 Мамыр, 2018

Ата-аналардың жалпыұлттық жиналысынан аларымыз мол

5296 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ата-аналардың жалпыұлттық жиналысы – әр отбасы үшін маңызды шара. Сондықтан бұл шараға барынша мән берген абзал. Бұл күні барлық ата-аналар жаппай мектептерге келіп, балаларының сынып жетекшілерімен, мұғалімдерімен, мектеп басшылығымен сөйлесіп, пікір алмасу мүмкіндігіне ие болады.

Ата-аналардың жалпыұлттық жиналысынан аларымыз мол

Ата-аналар жиналысының көздеген басты мақсаты – әр отбасының бала тәрбиесіне белсене қатысуының маңызын арттыру, баланың жақсы әдеттерді бойына сіңіріп өсу жолдарын ата-аналармен бірлесе қарастыру, сондай-ақ білім беру мазмұнын жаңарту бойынша жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясатты талқылауға ата-аналар қауымын кірістіру. Негізінде мектептегі тәрбие жұмысы нәтижелілігінің бір ұшы ата-аналар мен мектептің бірлескен әрекетінде екені белгілі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев заман талабына сай, жан-жақты жетілген, бойында ұлттық сана мен ұлттық психология қалыптасқан, имандылық әдебі, парасаты бар ұрпақ тәрбиелеу, өсіру, білім беру бүгінгі отбасының, балабақшаның, мектептің, барша елдің міндеті екендігін айтады. Шынымен де, тәрбие жұмысының табысты болуының  басты кепілі мектеп пен ата-аналар арасындағы ынтымақтастықта. Өйткені баланың басты ұстазы – ата-ана. Ой-санасы дамыған, мәдениетті тұлғаны жан-жақты қалыптастыруды көздеген  тәрбие мәселелері мектепті де, ата-ананы да әрқашан толғандырып келеді. Бүгінгі таңда балалардың сапалы біліп алып, бәсекеге қабілетті, болашақтары жарқын болулары үшін жаңартылған мазмұн енгізіліп, еліміздің мұғалімдері арасында педагогтардың біліктіліктерін арттыру бағдарламасы шеңберінде жаппай оқыту жүргізіліп жатыр.

Биылғы ата-аналар жиналыстарында әр мектепте жұмыс істейтін қамқоршылық кеңестерінің міндеттері, қағидасы мен қызмет тетіктері талқыланады деп жоспарлануда. Мектеп өмірімен тығыз байланысты қамқоршылық кеңестерінің басты мақсаты – білім беру сапасын арттыруда бірігіп жұмыс істеу, мүмкіндігі зор әрі шығармашыл әлеуеті жоғары білім беру ортасын қалыптастыру екендігін бірі білсе, бірі білмейді. Осы ретте қамқоршылық кеңестерінің қатысушылары ретінде ата-аналар, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері белгіленіп отырғандығын айта кеткен жөн.

Ата-аналардың жалпыұлттық жиналысы биыл Халықаралық отбасы күнімен сәйкес келіп отыр. Қоғамда отбасы рухани және мәдени дәстүрлердің сақтаушысы, түрлі буындар арасын жалғастырушы және солай болып қала бермек. Сондықтан шаңырақтан алған тәрбие барша халқымыздың бақуатты да баянды болашағының айқын кепілі. Осы ретте ата-аналар қауымы мамырдың 15 жұлдызында өтетін жалпыұлттық жиналысқа белсенді қатысады деген сенімдемін. Өйткені ата-аналар жалпыұлттық жиналыста мазалап жүрген сауалдарына мардымды жауап алу мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар жиналыстың оқу жылының соңына орай ұйымдастырылуы қуантады. Өйткені ата-аналар үшін өз бүлдіршіндерінің оқу жетістіктерімен жылдық қорытынды баға шықпай тұрып танысуына мүмкіндік береді.   

Бүгінгі таңда әлем өзгеруіне байланысты балалар мен ата-аналардың көзқарастары да өзгерді. Сондықтан мектеп алдына қойылатын талаптар да өзгертілуі тиіс. Бұрынғыдай мұғалімнің монологіне құрылған жиналыстан гөрі, топтық жұмыс арқылы ата-аналардың бірлесе әрекет етіп, проблеманы талқылағаны әлдеқайда тиімді. Баланың алғашқы тәрбиешісі ата-анасы екені анық. Отбасы қандай болса, өсіп келе жатқан ұрпақ та сондай болады, бала әке-шешесінің үлгісінде тәрбиеленеді. Ендеше өскелең ұрпақ ел тізгінін ұстайтындай азамат болсын десек ата-аналармен жүргізілетін жұмыстардың жаңаша бағыттарын қарастырып, келешекте жас ұрпақ болашақ еліміздің тұтқасы болуына мектеп, ата-ана, ұстаз болып ықпал ете білу маңызды.

Отбасы – тәрбие көзі, мектеп оны шыңдаушы. «Тәрбиесіз берілген білім – тұл» деп ұлы ғұлама Әл-Фараби атап көрсеткендей, білімді ұрпақ тәрбиелеудің ата-ана мен мектептің тығыз байланысында өтуі биік нәтижеге жеткізеді.

Сандуғаш БАЙМИШЕВА,

Ата-аналар қауымдастығының мүшесі

Солтүстік Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар