Үкімет • 15 Мамыр, 2018

Үкіметте жылу беру маусымының қорытындысы қаралды

363 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2017/2018 жылғы жылу беру маусымының өту қорытындысы және алдағы жылу беру маусымына дайындық мәселелері қаралды.

Үкіметте жылу беру маусымының қорытындысы қаралды

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев күзгі-қысқы кезең тұрақты өткенін атап өтті. Қысқы ең жоғары қуат көрсеткіші 28 қаңтарда белгіленді және 14 615 МВт-ты құрады, бұл 2017 жылғы деңгейден шамамен 4,5% артық.

Энергия кәсіпорындарының негізгі жабдықтарында жоспарланған жөндеулер толық көлемде орындалды. Электр стансалары бойынша 10 энергия блогы, 59 қазан және 39 турбина жөнделді. Сондай-ақ, 638 орталықтандырылған қазандық, 24,3 мың шақырым электр беру желілерінің жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Өткен күзгі-қысқы кезеңде электр стансаларында және электр желілерінде өткен кезеңмен салыстырғанда технологиялық бұзылулардың саны 12% төмендеді.

«Энергия жүйесінде өткен жылыту маусымында ірі технологиялық бұзушылықтарға жол берілмеді. Жылыту маусымында электр стансаларында электр генерациясының толық төмендеуінің 26 жағдайы белгіленді, бұл өткен жылғы деңгейден 26% аз», — деді энергетика министрі.

Қаңтардың екі аптасында, ең төменгі сыртқы ауа температурасы -45 ºC, ал еліміздің оңтүстік өңірлерінде -40 ºC-ге дейін болып, 2012 жылғы тіркелген минимумнан 2 ºC-қа төмен болған кезде, энергетикалық кәсіпорындар тұтынушыларды тұрақты электрмен қамтамасыз етті.

Өткен жылыту маусымында жалпы алғанда энергия көздерінде пайдаланылатын отын қорының қажетті мөлшері қамтамасыз етілді. Оперативтік штаб көмірді энергия көздеріне жеткізу жағдайын тұрақтандыру жұмысын орындады.

Қ. Бозымбаев Үкімет қорынан 2017–2018 жылдардағы жылыту маусымына отынды сатып алу үшін Қостанай, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарының энергия көздеріне 1178, 7 млн теңге қаражат бөлінді.

Биылғы қаңтар айында ауа-райы жағдайының нашарлауына байланысты өндіру және тиеу жұмыстарының шектелуіне қарамастан, көмір өндіру кәсіпорындары осы жылдың төрт айында 36 млн тонна көмір өндірді.

Сонымен бірге, Қ. Бозымбаев алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Энергетика министрлігі Үкіметтің өкіміне сәйкес энергетика кәсіпорындарындағы жөндеу жұмыстарының мониторингін ұйымдастырды және айына екі рет алынған ақпаратты Үкіметке жібереді.

Біртұтас электр энергетикалық жүйесіндегі электр стансаларының негізгі жабдықтарын жөндеу кестесіне сәйкес биыл 8 энергия блогын, 56 қазанды, 45 турбинаны жөндеу жоспарланған. Мамырдың бірінші онкүндігіне 2 энергия блогының, 4 қазанның және 4 турбинаның жөндеу жұмыстары аяқталды. Жөндеу жұмыстары 2 энергия блогында, 17 қазанда және 8 турбинада жүргізілуде. Жалпы, жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде.

Министрлік орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, энергия кәсіпорындарының алдағы жылыту маусымын өткізуге дайындық жұмыстарын жүргізетін болады.

Өз кезегінде, инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек жалпы 2017/2018 жылдардағы жылыту маусымы республика бойынша тұрақты режимде өткенін айтты. ҚР ИДМ жылыту маусымының өту барысына автономдық қазандықтардың, жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің жұмысындағы технологиялық ақаулар бөлігіне мониторинг жүргізді. Әкімдіктер технологиялық бұзушылықтарды қысқа мерзім ішінде шешіп отырды.

Сондай-ақ, Ж. Қасымбектің айтуынша, жылыту маусымының басында тұтынушылардың коммуналдық қызметтер үшін дебиторлық берешегі 14,5 млрд теңгені құраған. Биыл сәуір айындағы жағдай бойынша берешек 1,3 млрд теңгеге азайған.

Алдағы 2018/2019 жылдары жылыту маусымына уақытылы әрі сапалы дайындалу мақсатында ҚР ИДМ жылыту маусымына дайындық жөніндегі жұмыс Жоспарын бекітті.

«Жоспарға сәйкес облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктеріне: 2018 жылдың 1 қыркүйегіне дейін білім беру нысандарының 100% дайындығын, 15 қазанға дейін барлық коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік сала нысандарының, тұрғын үйлердің дайындығын аяқтап, автономдық қазандықтарды отынның нормативтік қорымен қамтамасыз ету қажет», — деді Ж. Қасымбек.

Қазіргі таңда жоспар әкімдіктерге жеткізіліп, оны жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Өңірлерде жылыту маусымына дайындық бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Ақмола облысының әкімі М. Мырзалин, Қарағанды облысының әкімі Е. Қошанов, Павлодар облысының әкімі Б. Бақауов, Астана қаласының әкімі Ә. Исекешев баяндады.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жалпы жылу беру маусымы тұрақты өткенін айтып, орталық және жергілікті атқарушы органдарға алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Энергетика, инвестициялар және даму министрліктеріне жылу беру маусымына дайындық жөніндегі іс-шаралардың орындалу барысына мониторинг жүргізу тапсырылды. Өңір әкімдеріне барлық жылыту және электрмен жабдықтау, коммуналдық сектор және әлеуметтік сектор нысандарының жоспарлы жөндеу жұмыстарының орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.

Премьер-Министр өткен жылы кейбір өңірлерде көмір тапшылығы мен көмір бағасының қымбаттауы орын алған қолайсыз жағдайдың қайталанбауын тапсырды. Әкімдерге Энергетика министрлігімен бірлесіп, көмір тапшылығын болдырмау мақсатында жылу беру маусымы басталар уақытқа қарай коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер үшін тиісті отын қорын қамтамасыз ету тапсырылды.

Монополияға қарсы комитетке көмір бағасының негізсіз өсуі және ықтимал алып-сатарлық элементтерін шектеу тапсырылды.

Бақылау жұмыстары ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А. Маминге жүктелді.