Қазақстан • 16 Мамыр, 2018

Елбасы жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысында болды

550 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өңірге сапары кезінде Орал қа­ла­сында мемлекет қол­дауы­мен ашылған бірне­ше өнд­ірістік нысанды аралап, ор­талық алаңда халық­пен, Ассамблея өкіл­дерімен, жастармен жүздесті.

Елбасы жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысында болды

Шағын және орта бизнесті дамыту – Мемлекет басшысы міндеттеген басым бағыттың бірі. Батыс Қазақстан облысында да бұл салада оң өзгерістер көп. Оралдағы «Квант» ЖШС – жиһаз және тұрмыстық заттар шығаратын іргелі кәсіпорын. Осы салада 15 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан фабрикада екі жыл бұрын құны 1,1 млрд теңге тұратын жаңа цех ашылған болатын. Осының нәтижесінде өндіріс артып, өткен жылы кәсіпорын 57 мың дана жиһаз шығарды.

– «Кванттың» өнімдері соңғы кезде Ресей Федерациясы мен Қырғыз Республикасына да таны­мал бола бастады, – дейді ЖШС құрылтайшысы Михаил Пше­ничный.

Фабрикада бүгінде жалпы са­ны 250 жұмысшы қызмет етеді. Кәсіпорын директорының орынбасары Юрий Рогодиннің айтуынша, фабрика жанынан тағы бір өңдеу цехын ашу жоспарда бар. Кә­сіпорында қазірдің өзінде ең жа­ңа станоктар жұмыс істеп тұр, мұн­дағы еңбек өнімділігінің, өнім са­па­сының жоғары болуының сыры осында.

Кәсіпорынды аралап көріп, бұйымдарымен, еңбек ұжы­мымен танысқан Мемлекет бас­шы­сына Батыс Қазақстан облы­сының әкімі Алтай Көлгінов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы, соның ішінде өнеркәсіп секторының, шағын және орта бизнестің қазіргі ахуалы мен перспективалары жөнінде баяндап берді.

Осы жерде Мемлекет басшысына индустриялық-инно­ва­циялық даму бағдарламасы аясында өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, фин технологиясы бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу жүйесін жаңғырту, ірі қара мен ұсақ малдың терісін өңдеу, нан және макарон өнімдерін өндіру, химия өндірісі, дизель отынының компоненттерін гидротазалау жөніндегі жобалар бар. Әсіресе «ICM Recycling» ЖШС-нің жылына 100 мың тонна қалдық өңдеу жобасы экологиялық залалсыздандырудан бастап тұрмыстық қалдықтардан биогаз алу, қайта өңдеу, осылайша пайда табуға дейінгі тізбекті қамтиды. 2017-2023 жылдар аралығына жоспарланған бұл жобаның құны 1,7 млрд теңгеге бағаланған, бірақ ол жүзеге асқан кезде өзін-өзі еселеп ақтайтыны қазірдің өзінде күмән туғызбаса керек.

Бұдан кейін Елбасы «Жайық Агро LTD» жауапкершілігі шек­теу­лі серіктестігінің зауытына бар­ды. Тауық етін өндіруге және да­йындауға маманданған «Жа­йық Агро LTD» ЖШС өткен жылы ғана ірі жобаны жүзеге асыр­ған еді. Жылына 7,2 мың тонна құс етін дайындайтын кәсіп­орын Батыс Қазақстан облы­сы­ның ішкі сұранысын толығы­мен қамтамасыз етеді. Фабрика­ның 10% өнімі экспортқа шығары­лады. 150 адам тұрақты жұмыс­пен қамтылған кәсіпорын ғимара­тында Елбасы өңірдегі өзге де агро­сектор кәсіпорындарының, атап айт­қанда «Мясодел» және «Куб­лей» брендтерінің ет өнім­дерін дайындаумен және өн­ді­румен айналысатын жергілікті кәсіпорындардың жұмысы туралы ақпаратпен танысты.

 «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» акционерлік қоғамына барған Мемлекет басшысы көмірсутегі шикізатын өн­діру және тасымалдау саласында пай­даланылатын құрылғылар мен жабдықтар жасау үдерісін көр­ді. Кәсіпорында азаматтық мақсат­тағы бұйымдардан бөлек, қорға­ныс өнімдері – атыс қаруы мен оқ-дәрі үлгілері де шығарылады.

Елбасы бұдан кейін қабырғаға және шатырға арналған материалдарды, шыны және металл бұйымдарын шығаратын «Агран» зауытына барды.

Мұнда фин технологиясы бойынша жылу сақтағыш есік-терезелер мен қабырғалар – сэндвич-панелдер шығарылады. Орал қаласында соңғы жылдары белсенді қолға алынған «Ақылды қала» жобасына сәйкес мұндай материалдарға сұраныс жоғары. Жылына 1 млн шаршы метр өнім шығаратын зауыт жергілікті нарықтың сұранысын өтеп отыр.

Осы жерде Қазақстан Пре­зид­ентіне өңір басшылары кә­сіпорынның қазіргі даму барысы және мемлекеттік инвестициялық бағ­дарламаларға қатысу арқылы оның өндірістік қуатын арттыру перс­пективалары жөнінде мәлім­деп берді.

Елбасы Орал қаласының жа­ңа алаңын аралап көрді. 2016 жыл­­дың соңында пайдалануға беріл­­ген, жалпы аумағы 7,0222 шаршы ­метр болатын жаңа алаң көне шаһардың көркіне көрік қосқан, Тәуелсіз Қазақстанның жаңа же­тіс­тіктерінің белгісіндей көрінеді. Қалада соңғы жылдары бой кө­терген Қадыр Мырза-Әлі орта­лығы, Салтанат сарайы, Дос­тық үйі, биіктігі 60 метрлік Мем­лекеттік Ту тұғыры да осы алаңда.

Қазақстан Президенті қала­да­ғы орталық алаңды аралап көр­геннен кейін, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының іске асырылу барысымен және Орал қаласын одан әрі дамыту жоспарымен танысты.

Елбасы алаңда өңір жұрт­шы­лы­ғымен, жергілікті Ассам­блея мүшелерімен кездесті. Мем­ле­кет басшысымен кездескен тұр­ғындар Нұрсұлтан Назарбаевқа қабылданған «Бес әлеуметтік бас­тама» үшін алғыс білдірді.

Қазақстан Президенті елі­міз­де жүзеге асырылып жатқан әлеу­меттік бағдарламалар қоғам­ның, әсіресе жастардың мейлін­ше өзекті проблемаларын ше­шуге бағытталғанын атап өтті. Нұр­сұлтан Назарбаев Қазақ­стан қоғамында бейбітшілік пен келісімді сақтаудың маңыз­ды­лығына тоқталып, еліміздің қарқынды экономикалық дамуы үшін өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың мәні зор екенін айтты.

Әңгімелесу соңында Елбасы облыс тұрғындарына табыс пен бақ-береке тілеп, Қазақстанды өркендету ісіне белсенді атса­лысуға шақырды.

Бұдан кейін Елбасы 10 мың оқушы мен жастар түрлі бағыт­тағы үйірмелерге қатысып, интел­лектуалды алаңдарда бас қоса­тын Оқушылар және жас­тар са­райында балғын боксшылармен, жас көшбасшылармен кездес­ті. Осы сарайдағы Данияр Елеу­сінов атындағы бокс орталы­ғын­да жаттығып жүрген кішкен­тай спортшылар Елбасына Олим­пиада чемпионы Данияр Елеусі­нов сияқты әлемдік жарыстарда озып шығамыз деп серт берді. Жас боксшылардың өтінішімен Пре­зидент естелік суретке түсті.

Осы сарайда Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ға­бидолла Оспанқұлов Мемлекет басшысына өңірде денсаулық сақтау және білім беру саласында жүзеге асырылып жатқан цифр­ландыру жобасы туралы айтып берді.

Бүгінде Орал қаласы тұр­ғын­­дарының 100%-ында электронды денсаулық төлқұжаты бар. «Жедел жәрдем» көліктері спут­никтік байланыспен және арнайы планшетпен жабдықталып, дәрі­герлік көмектің жету мерзі­мі 12 минуттан 9 минутқа дейін қысқарған. Мұндай оң қадам­дар білім саласына да тән. Мәсе­лен, Орал қаласы және аудан ор­та­лықтарындағы білім мекемелері толығымен кең жолақты интернет желісімен қамтамасыз етілген. Облыста 3-6 жас аралығында балаларды балабақшамен қамту 99,9%.

Мемлекет және жеке­мен­шік  әріптестігі негізінде облыс аума­ғында 43 балабақша ашылып, қыз­мет етіп тұрса, биыл қосымша 15 жекеменшік балабақша іске қосылмақ. «Осылайша өңірдегі балдырғандарды балабақшамен қам­ту толық жүзеге асады» – дей­ді облыс басшысы Алтай Көл­гі­нов.

Президент шалғай ауыл­дар­дағы шағын комплектілі мектеп­тердің жағдайына көңіл бөліп, олардың санын барынша азайтуды тапсырды. «Ірі елді мекендерде, аудан орталықтарында интернат үйлерін салу керек. Балалар то­лық­қанды, жан-жақты білім ала­тын мектептерде оқуы тиіс», деді Елбасы. 

Елбасы бұдан кейін бір топ жаңашыл жастар жетекшілерімен кез­десті. «AQJAYIQ» телеар­насы­ның редакторы Нина Павлычева «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша жарық көрген «Медиа этика» кітабын қазақ тілінде оқып шыққан соң алған әсерін баяндап берді. Осы жерде көп адам күтпеген сәт болды. Ұшқыш киімін киген жас жі­гіт 1991 жылы қараша айын­да түсірілген бейнежазбаны көрсе­тіп, осыдан 27 жыл бұрын болған оқиғаны Елбасының есіне салды.

...Қазақстан Тәуелсіздігін жа­риялар қарсаңда, қараша айын­­да Нұрсұлтан Назарбаев Ба­тыс Қазақстан облысына жұ­мыс сапары­мен келген еді. Терек­ті ауда­нының Аңқаты ауылына, қазақ­тың асыл тұқымды ақ бас сиырын өсіретін іргелі шаруа­шы­­лығына арнайы ат басын бұр­ған Елбасы сол ауылда өмір есігін жаңа ашқан нәресте­нің шілдеханасына тап болған. Қуа­нышты тойға құтты қонақ­тың тап келуін жақсы ырымға жорыған Сақпаевтар отбасы сәбидің есімін Нұрсұлтан деп қоюды ұйғарыпты. Сөйтіп киіз үйде өткен тойда Президент нәрестенің туу туралы куәлігіне өз қолымен сәбидің аты-жөнін жа­зып қалдырған еді. Тарихи бей­­не­жазбада дәл осы сәт бейне­лен­ген екен.

– Мына жердегі кішкентай сәби менмін, – дейді бүгінде зіңгіт­тей жігіт болған Нұрсұлтан Сақ­паев. – Орал авиациялық оқу ор­нында ұшқыш мамандығын иге­ріп жүрмін. Болашақта білі­мімді жалғастырып, авиация сала­сының білікті маманы бол­ғым келеді.

Елбасы жастар өкілдерімен емен-жарқын әңгімелесіп, олар­дың заманауи озық технология­ны жаппай игеруі қажеттігін, әлемдік деңгейдегі бәсекелерге қабілетті білікті маман болуын ескертті. Елімізде жастардың білім алуына, дамуына мемлекет тара­пынан мол мүмкіндік жасалып отыр.

Нұрсұлтан Назарбаев цифр­лы және ақпараттық техноло­гия­лардың қарқынды дамып келе жат­қан жағдайында бәсекеге қабі­летті жастар тәрбиелеп өсіру­дің маңызды екенін атап өтті.

– Мектептер мен университеттер ғылыммен айналысуға бағ­дарланып отыр. Қазіргі жағдайда адам өмір бойы білім алуы тиіс. Бес-алты жылдан кейін бүгінгі көптеген мамандық жойылып, орнына жаңа мамандықтар пайда болады. Біздің бар үмітіміз жастарда. Қарқынды дамып келе жатқан әлемнен қалып қой­мауымыз үшін не істеу керектігін сіздер әрдайым ойлап жүресіздер деп сенемін, – деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.

Бұдан кейін Елбасы Ба­тыс Қазақстан облысының әлеу­меттік-экономикалық даму мәсе­лелері жөнінде кеңес өткізді.

Жиында облыс әкімі Алтай Көлгіновтің 2017 жылдың және биылғы бірінші тоқсанның қоры­тындылары бойынша өңірдің даму барысы жөніндегі есебі тың­далды. Сонымен қатар облыс әкімі Қазақстан Президентінің мем­­ле­кеттік және салалық бағдар­­­ла­малар аясында берген тапсыр­­ма­ларының орындалуы туралы баяндады.

Басқосуда Нұрсұлтан Наз­ар­баев өңірде дайын өнім шығару ісінің жолға қойылғанын айтып, мемлекеттік әлеуметтік бағ­дар­ламалардың іске асырылу барысына оң баға берді.

– Бүгін облыстағы нысандарды аралап көрудегі мақсатымыз – мемлекеттік бағдарламалардың, соның ішінде жақында қабыл­дан­ған «Бес әлеуметтік бастаманың» іске асырылу барысымен танысу. Оларды жүзеге асыру қоғам өмі­ріне оң әсерін тигізеді, – деді Қазақ­стан Президенті.

Елбасы «Қазақстан-2050» стра­тегиясының мақсаттарына қол жеткізу ісінде барлық облыс­тың атқарып жатқан жұмыс­тары­ның маңызды екенін айтты.

Мемлекет басшысы Ба­тыс Қазақстан облысының эконо­ми­калық дамуының негізгі көр­сеткіштері өсіп келе жатқанына тоқталып, өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағыт­талған жұмыстарды жалғастыру қажет­тігін атап өтті.

– Азаматтардың әл-ауқаты тұрғын үй құрылысына да байланысты болады. Соңғы бес жылда облыста бір жарым миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгені – қуантарлық жайт. «Бес әлеуметтік бастаманы» іске асыру арқылы біз құрылыс қар­қынын арттыратын боламыз, – деді Нұр­сұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті шағын және орта бизнеске қолдау көрсету, ауыл шаруашылығын дамыту мен ауыл шаруашылығы өнім­дерін қайта өңдеу мәселе­леріне, сондай-ақ өзін-өзі жұмыс­пен қамтығандардың проблемасына тоқталды.

Елбасы облыс басшылығына экономиканың жаңа секторларында заманауи өндіріс орын­дарын ашу жөніндегі жұмыс­тарды жандандыруды және өңірде жұмыс істеп жатқан кәсіп­орындарды одан әрі дамытуды тапсырды.

– Ірі инвесторларды тартуға бағытталған жұмыстарды жал­ғас­тырудың да маңызы зор. Мә­селен, менің АҚШ-қа сапарымнан кейін америкалық ірі бизнесмендер тобы Қазақстанға келіп, келіс­сөздер жүргізіп жатыр. Біз үшін олардың инвестициясы, тех­но­логиялары және нарығы ма­ңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев жаңа тех­нологияларды пайдалану ар­қы­лы облыста «жасыл» экономи­каны дамытудың қажеттігін атап өтті. 

Мемлекет басшысы ауыл жас­тарын жұмыспен қамту проблемасына тоқталып, оларды мемлекет қабылдаған бағдарламаларды жүзеге асыру үдерісіне тартуды тапсырды.

Қазақстан Президенті шағын және орта бизнес секторындағы диспропорцияға назар аударды.

– Орал қаласы мен Бөрілі ау­даны шағын және орта бизнес өн­діретін бүкіл өнімнің 90 пайы­зын өндіріп отыр. Қалған 11 ауданға 10 пайыз тиесілі. Адам­дарға бизнеспен айналысуды үйре­тіп, кәсіпкерлерді қолдауға арнал­ған қандай мемлекеттік бағдар­ламалар бар екенін көрсету керек. Бизнесті дамыту үшін қолай­лы жағдай жасау қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.    

Мемлекет басшысы, сондай-ақ экспорт көлемін арттыру үшін өңірдің шекара маңы әлеуетін белсенді пайдалануды тапсырып, облыс ішінде көлік инфрақұрылымын дамытудың маңызды екенін атап өтті. 

Соңында Қазақстан Пре­зи­денті өңірдің даму қарқынын сақ­тауды және жұмыс сапары барысында берілген тапсырмалардың жүзеге асырылуын бақылауға алып, қамтамасыз етуді тапсырды. 

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы