Қазақстан • 16 Мамыр, 2018

Алдымызда Алакөлдің туристік мүмкіндігін арттыру міндеттері тұр

1399 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Затында, адамзат ба­ласының жиһан­кездігі мен қоршаған ортаны тануға құш­тарлығы туабітті қасиет болса керек. Қазақтың «Атың барда жер таны желіп жүріп, асың барда ел таны беріп жүріп» деген дуалы сөзінен сол аңғарылады.

Алдымызда Алакөлдің туристік мүмкіндігін арттыру міндеттері тұр

Табиғатқа құштарлық пен жан рахатын іздеу жолындағы талпыныс замандар өте келе жаһанда туризм ұғымын қа­лып­тастырғаны хақ. Қа­зір туризм индустриясы әлем­дегі мол табыс әкелетін май­­шелпекке айналған. Яғ­ни адамның жер тану мен алаң­сыз демалуына кез кел­ген қар­жыны қиып бере са­ла­тындығы табиғаты әсем өңір­лер мен мәдениеті бай ел үшін қазынасын толтыруға таптырмайтын мүмкіндік бо­­лып отыр. Сондықтан да ту­ризмнің дамуына дүние жүзінің барлық мемлекеті мүд­делі. Өйткені туризмнен түсетін табыс мұнай мен кө­лік өндіруден кейінгі үшін­ші орында тұр.

Дүниежүзілік туризм ұйы­мының деректері бойын­ша туризм индустриясы ғалам­шардағы жалпы ұлттық өнім­нің оннан бір бөлігін құрайды екен. Әлемдегі инвестиция айналымының 11 пайызы да осы туризмді дамытуға ба­­­ғыт­талған. Ал адамзатты жұ­­мыс­пен қамту жөнінен де туризм индустриясы ал­дыңғы орында, мысалға, жыл сайын жаңадан ашылатын он жұмыс орнының әр­бір тоғызыншысы осы са­ланың еншісінде. Өкініш­тісі, дүниедегі жағрапиясы жұмаққа бергісіз, табиғи климаты тамаша елдің бірі бола тұра Қазақстандағы туризм индустриясы бәсекеге қабілетті бола алмай келеді.

Оның бір дәлелін сыртқы елдердің демалыс орындарына салынған миллиондаған қаржының көлеміне қарап бағамдауға болады. Дерек бо­йынша отандастарымыз шетел курорттарында дем­алуға жыл сайын 2 млрд (!) АҚШ долларына жуық қа­ражат жұмсайды екен. Яғни қазақстандықтардың маңдай термен тапқан қаржы­сының қызығын басқалар көріп отыр­ғанын мойындауымыз ке­рек. Бұл дегеніңіз, туризмі дамы­ған елдердің экономика­сына салынған инвестиция. Ал осы мол қаржыны ішкі эко­номикада айналысқа жі­беруге не кедергі? Бұл енді мүлдем басқа әңгіме.

Бірақ ауызды қу шөппен сүр­ту әділетсіз болар еді. Қа­­зір еліміздегі туризм са­ла­­сының дамуы қалыпты дең­гейде. Әсіресе Мемлекет басшысының Қазақстан хал­қына Жолдауында ішкі және сыртқы туризмді дамытуға байланысты айтылған тап­сырмалардың іске асырылуы негізінде жұмыс жанданып отыр. Қазақстанның туристік әлеуетіне әлемнің ықыласы ауған кезең ретінде былтырғы ЭКСПО көрмесінің өтуін ай­­туымызға болады. Яғни был­тыр жаз бойы елімізге 7 миллионнан астам турист кел­ген екен. Бұл бұрынғымен са­лыс­тырғанда келушілер қа­тарының 18 пайызға арт­қанын айғақтайды. Сондай-ақ ішкі туризмнің үлесі де артып, туған жердің таби­ғатын тамашалап, көрікті мекендерді аралайтын отан­дастармыздың қатары 20 пайызға өсіп, шамамен 6 миллион адамды құраған.

Жақында Мемлекет бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысы­на жасаған жұмыс сапары барысында Алакөл кө­лі­нің туристік әлеуетін кө­зімен көріп, еліміздегі туризм индустриясының дамуына қатысты жиын өт­кіз­ген болатын. Осы жерде еліміздің туристік әлеуе­тін арттыруға қа­тысты мәсе­лелер талқыға түсті. Әсіресе Алакөлге турист тарту мен де­малушылардың келуі мен лайықты демалуларына қажетті сервистік қызмет көр­сетуге қатысты кейбір про­б­лемалардың басын ашып, тиісті сала басшылары­на тапсырмалар берді.

– Алакөл – біздің Қазақ­станның туристері көптеп ке­летін жер болуы керек. Дәл ел­дің ортасында, Алматыға да жақын, Қарағанды мен Аста­наға да аса алыс емес, мына жақтан Балқаш пен Жезқазғанға да жақын деуге болады. Бұл – шипалы көл. Емдейді. Өте қажетті жер. Қазақстандықтар осы жер­ге келіп демалулары керек, – деді Елбасы Алакөл ауданының орталығы Үшарал қаласында өткен жиында.

Елбасы айтқандай, Ала­көл жағалауындағы демалыс орындарының аты әлемге танымал. Бұл жерге келетін демалушылар саны жыл сайын артуда. Алакөлдің шипалы суының даңқы көрші Ресей, Өзбекстан, Қытай ел­де­рінен асып, Еуропа ту­рис­терін қызықтыра бас­таған. Келушілердің кө­беюі аймақтағы туристік нысан­­дардың дамуы мен инфра­құрлымының жақ­саруына да ықпал етіп отыр.

Отандық туризмнің да­му көрсеткіштері бойынша Алматы облысында қол­ға алынған жұмыстар ауыз толтырып айтарлық. Соңғы 4 жыл ішінде бұл салада ілгерілеу бар. Аймақта туристік қызмет көрсету көлемі екі есеге өскен. 2017 жылғы есеп бойынша турис­тік қызмет көрсетуден бюджетке 8,3 миллиард тең­­ге табыс келген. Облыс әкі­мі А.Баталовтың айтуынша, биыл бұл көрсеткіш одан әрі жақсарып, 10 мил­лиард теңгеге дейін табыс та­бу бол­жанып отыр. Бір ға­на Ала­көлге келетін турис­тер саны 1 миллион адамға жет­пекші. Ал мұнда демалушылар үшін барлық жағдай қарастырылған.

– Алакөл көлінің жаға­лауында демалушылар қа­та­рының жыл сайын артуына байланысты 2017 жы­лы «Жетіген – Достық – Же­ті­ген» маусымдық темір жол қа­­ты­насы ашылған болатын. Бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 85 млн теңге бөлінді. Тасымалданатын жо­лаушылардың болжамды саны 60 мың адамды құрады. Пойыздың қатынау кестесі 20 маусым мен 30 тамыз аралығын қамтиды. Ал туристерді Алакөл көлінің жағалауына қолайлы жеткізу үшін Үшарал қаласында әуе­жай қолданысқа берілді. Құ­ры­лыс жұмыстарына 896,9 млн теңге қаражат бөлінді. «Астана – Үшарал – Астана» әуе бағытын субсидиялау өткен жылы 173 млн теңгені құрады, тасымалдауды аптасына 3 рет «Жетісу» әуе компаниясы атқарды, – дейді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.

Бұл іс биыл да жалғасын тауып отыр. Күні кеше Ел­басы Ақши ауылындағы жа­ңа темір жол вокзалының жұ­­мы­сымен танысты. Енді Алакөлдегі демалыс орындарына дейін пойызбен қа­тынауға мүмкіндік бар. Сон­дай-ақ биыл әуе көлігінің қызметін пайдаланушыларға қосымша мүмкіндік туды. Қа­зір Үшарал бағытына Scat әуе компаниясы қызмет көрсетуді бастады. Келісім бойынша Ресейдің Новосібір қаласынан тікелей әуе рейсі ашылуда. Ала­көлдегі туристік кластерді да­мытуға мемлекет тарапынан жасалған қамқорлықтың бір көрінісін Талдықорған – Үшарал бағытындағы көлік жолының құрылысынан да көруге болады. Алматыдан Талдықорғанға дейін салын­ған автобан Алакөл ауданына дейін жалғасып, әрі қарай Шығыс Қазақстан облысына өтеді.

Жалпы, Алматы облы­сы­­ның отандық туризм ин­дус­трия­сының дамуы­на қо­сып отырған үлесі қо­мақ­ты. Ел аузында «Жер жән­наты – Жетісу» деп бекер­ге айтылмаған. Өзендер өрнек­теген өлкедегі табиғат ға­жайыптары қазынаға қаржы әкелетін табыс көзі ғана емес, ұлттық мәдениет пен дәс­түрді дәріптеп, рухани жаң­ғыруға, сол арқылы мемлекет имиджін асқақтатуға таптырмайтын мүмкіндік болса керек.

– Соңғы төрт жылда облыста туристік қызмет көрсету көлемі екі есе артты. Бұл көрсеткіш 2014 жылы 3,9 млрд теңгені құраса, 2017 жы­лы 8,3 млрд теңгеге өсті. Биыл мұны 10 млрд теңгеге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бір ғана Алакөл ауданында көрсетілген қызмет көлемі 2017 жылы 3,5 млрд теңгеге жетіп, 2014 жылғы деңгеймен салыстырғанда 8 есе артты, – дейді облыс басшысы Амандық Баталов.

Және облыстың туристік әлеуетін танытатын жалғыз Алакөл жағалауы ғана емес екенін ескерсек, таяу бола­шақта Жетісу жері қазақ ту­риз­мінің туын желбірететін орта­лыққа айналарына сенім мол. Осы мақсатта Алматы облысының аумағында Ала­көл мен Балқаш курорт­ты аймақтарын дамыту жоспары әзірленіп, бекітілген. Өткен жылдың деректеріне сәйкес, аймақта 680 туристік нысан тұрақты жұмыс іс­теді. Бұл орындарға келіп, де­малғандардың жалпы саны 1,5 млн адамды құраған. Оның ішінде 1731 адам сырт елден келген екен. Облыс бойынша туристердің қызығушылығын арттыратын мекендердің қа­тарында «Алтын Емел» мен «Таңбалы» мемлекеттік мұражай-қорықтары, Шарын шатқалы, Көлсай көлі сияқты орындар бар. Туризмнен түс­кен былтырғы 8,3 млрд тең­генің көп бөлігі осы нысан­дардың үлесінде.

Жалпы, еліміз үшін отан­дық туризм индустриясын дамытуға лайықты көңіл бөлу Қазақстанның көрікті аумақтарын әлем назарына танытып қана қоймай, дүние­жүзілік нарықтағы қомақты қаржының ел қазынасына құйылуына жол ашады. Ал Алматы облысындағыдай табиғи мүмкіндік біз­дің әлемдік туризм индустрия­сындағы сүбелі үлестен құр қалмауымызға кепілдік бе­реді.

Айтпақшы, жақында Ал­маты облысының әкімдігі, «Kazakh Tourism» ұлттық ком­паниясы» АҚ және «Алматы Тау» туристік клас­терінің қауымдастығы өз­ара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Ол бойынша биыл облыс­та шағын және орта бизнестің 100 нысаны ашылады. Олардың ішінде тек шағын кәсіпорындар ғана емес, сонымен қатар қызмет көрсету, яғни туристік нысандар да бар. Мәселен, биылғы жылы өңірде 25 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделсе, соның 12 мыңы шағын және орта бизнестің үлесінде болады.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы