Аймақтар • 17 Мамыр, 2018

Тасқыннан зардап шеккен үйлер қалпына келтіріліп жатыр

254 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биылғы көктем Шығыс Қазақстан тұрғындарына өктем келіп, облыстың бірнеше ауданы мен қаласын су алып, көптеген үйлер тұруға жарамсыз деп танылған-ды. Қазіргі уақытта өңірде тасқыннан зардап шеккен баспаналарды қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

Тасқыннан зардап шеккен үйлер қалпына келтіріліп жатыр

Айтып келмейтін табиғат апаты ең әуелі Аягөз қаласының тұрғындарын әуреге салған еді. Қас-қағым сәтте 143 үй су астында қалып, кейін оның 51-і жарамсыз деп танылып, өзге тұруға жарамды баспаналарға жөндеу жұмыстары басталған-ды. Бүгінде үйлері қирап, бас­панасыз қалған 51 отбасының 34-іне жаңа пәтердің кілттері табысталыпты. 47 үйде жөндеу жұмыстары аяқталып, тұрғындар шаңырақтарына қайта оралыпты. Қалған 26 үйде жөндеу жұмыстары жақында аяқталмақ. «11 наурыз күнгі жағдайды есіме де алғым келмейді. Шынын айтқанда, мемлекет, жұртшылық тарапынан мұншалықты көмек болады деп ойлаған жоқпыз. Ішер асымыз бен пәтердің ақшасын бәрін төлеп жатыр. Көмір түсіріп берді. Құдайға шүкір, қазір су кірген баспанамызға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», – дейді Аягөз қаласының тұрғыны Рәзия Омарғалиева. «Қазір жағдайымыз жақсы, мемлекет берген 4,5 миллион теңгеге ұнаған үйімді алдым», – дейді үш баланың әкесі, тасқын кезінде баспанасы түгі қалмай қираған тұрғынның бірі Қанат Жанпейісов.

Көктемгі тасқыннан Зырян ауданында 414 үй зардап шегіп, 60 үй жарамсыз, оның 31-і апаттық деп танылған еді. Облыс әкімі баспасөз қызметінің берген мәліметтеріне сүйенсек, қазір ауданға 150 миллион теңге қаржы бөлініп, 360 баспанаға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жақында ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Даниал Ахметов бүлінген үйлерді 20 мамырға дейін жөндеп, бітіруді тапсырған-ды. «Мердігерлер жақсы жұмыс істеп жатыр. Қалалық мәслихат тарапынан бақылау бар. Тұрғындардың көңіл күйлері жаман емес, жүргізіліп жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдіруде. Қалыптасқан жағдайға түсіністікпен қарап, қолдарынан келген көмектерін көрсеткен Зырян ауданының тұрғындарына алғысымды білдіремін. Биыл аудан үшін түбегейлі өзгеріс жылы болады. Шамамен 700 миллион теңге қаражат бөліп, Зырянда инсульт орталығын ашамыз. Бұл өңірлік орталық болады. Яғни, зыряндықтардан бөлек Катонқарағай мен Күршім аудандарынан да тұрғындар осында келеді. Сонымен қатар қаланың жолын асфальттауға 300 миллион теңге бөлдік», – деген-ді аймақ басшысы.

Бүгінде Глубокое ауданында да апат салдарын жою жұмыстары жалғасуда. Предгорное, Прогресс, Алтай ауылдары мен Белоусовка кентіндегі су басқан үйлерді қалыпқа келтірумен 12 мердігер айналысып жатыр. Бұл ауданда 150-ден астам үй су астында қалып, 197 отбасы қауіпсіз жерге көшірілген-ді. «Алғашында гүр етіп келген топан су есеңгіретіп тастағаны рас. Не істерімізді білмей сабылдық. Сол кезде көрші-қолаңның, аудан басшыларының қолұшын созғаны қуантты. Ал құрылысшылардың жұмыстарында мін жоқ. Шамалары келгенше жөндеп-ақ жатыр», – дейді Глубокое кентінің тұрғыны Георгий Иванов. Мұндағы жөнделіп жатқан үйлердің сапасын қожайындарынан бөлек қоғамдық кеңес мүшелері де қадағалап жүр. Мәселен, Г.Ивановтың үйіндегі жөндеу жұмыстарын Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің директоры, аудандық мәслихат депутаты Гүлмира Мамырбекова бақылауына алыпты. 

«Облыс әкімі бізге бірнеше рет келді. Жергілікті әкімдік қызметкерлері де жағдайымызды ести сала бірден жетті. Үйімде жөндеу жұмыстары аяқталайын деп қалды. Жалпы атқарылған жұмысқа оң баға беремін. Өңір басшылығы сөзінде тұрды деп айта аламын», – дейді Глубокое ауданының тұрғыны Иван Колесников. Кейбір үйдің иелері «әкімдік қашан жөндеп береді?» деп қол қусырып отырмай, өздері де білек сыбанып жұмысқа кірісіп кетіпті. Глубокое кентінің тұрғыны Есімбек Жақан тіпті ауласына киіз үй тігіп тастап, бала-шағасымен сонда тұрып жатыр. «Қазір үйдің пешін қалап жатырмыз. Құрылысшыларға, аудан басшыларына, мектеп мұғалімдеріне рахмет. Тиісті көмектің бәрін алып отырмыз. Өзім де жұмыстың басы-қасында жүрмін», – дейді ол. 

Қазіргі уақытта ауданда тасқыннан зардап шеккен 98 үйге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатса, 50 үйдің жөндеу жұмыстары аяқталыпты. Мұндағы жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарына 110 миллион теңге қаржы бөлініпті. «Дәл қай күні, қай сәтте, қай тұстан соғарын білмесем де тасқын судың бір қатер тудыратынын алдын ала ішім сезген. Неге дейсіз ғой? Себеп мынада: жалпы орыстар мен қазақтардың ауыл болып қоныстануы мен ауыл тұрғызу философиясында тірліктеріне негізделген ерекшеліктер бар. Мәселен, қазақтар ауылды қырға, биіктеу тұсқа салады.

Малдарын ой мен қырға жайып жіберіп, соларды бақылап отыруға қолайлы болсын дегені. Ал орыстар жеміс-жидек, бау-бақша өсіруге ыңғайлы жер іздейді. Жылға, сай-саладағы бұлақ-өзен бойларына, ылғалы молдау жерлерге қоныстанады. Байқап отырсаңыздар, мына біздегі тасқынға ұрынған бес ауыл да жылға-қолатта, өзенге тым жақын жатыр. Дегенмен болар іс болды. Біздерге зауал төнгенде қолма-қол көмекке келген мұқым облыс халқына, дер кезінде көмек қолын созған, тек созып қана қоймай, облыс деңгейіндегі мекемелерді осы шаруаға жұмылдыруға игі ықпал еткен облыс әкіміне, бүгінгі күні жөндеумен арпалыса шұғылданып жатқан серіктестіктерге, бізбен тізе қосып бірге қимылдаған, жағдайды түсіне білген аудан жұртшылығына алғыс айтқым келеді», – дейді Глубокое ауданының әкімі Қалихан Байғонысов.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы