Өнер • 17 Мамыр, 2018

Әлемді әсем сазбен әлдилеген – Айман Қожабекқызы

1144 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Бұл – қазақтың талантты жауынгер ақыны Жұбан Молдағалиевтің қазақ аналарына арнап жырдан тұрғызған ескерткішінің бір үзігі. Ақын ағамыз асқақтатып жырлағандай, Ұлы дала төсінде ел анасы, ерінің сенімді серігі, шаңырақтың ұйытқысы атанған асыл аналар аз болмаған.

Әлемді әсем сазбен әлдилеген – Айман Қожабекқызы

Мен қазақ әйеліне қайран қалам,

Жайнаған, жалындаған, жайраңдаған.

Сол менің жүрегімнің ханшайымы,

Жыр шоғын ұсынамын айдан да оған.

Сарадай ақын болған, би де болған,

Динадай дана, дарқан күй де болған.

Найза алып, қол бастаған, жауға шап­­қан,

Бал-бұл гүл, бақта бұлбұл, түзде балуан.
 

Қазіргі таңда да халқына қана­тымен су сепкен қарлығаштай риясыз қызмет етіп келе жатқан қайраткер қазақ қыздары, Құдайға тәубе, баршылық. Сондай санау­лы саңлақтардың бірі, Алаштан ат оздырған, беделді сахналарда өнер көрсетіп, әлемді әсем сазбен әлдилеген, талғамы биік тыңдармандарын тамсандырып жүрген аяулымыз да асылымыз – Айман Қожабекқызы Мұсақожаева. 

Менің Айманды білгеніме, тілектес болып жүргеніме де қырық жылдан астам уақыт болыпты. «Тар қолтықтан оқ тисе, тартып алар қарындас», деп жыраулар толғағандай, тарыққанға тірек, торыққанға тілек болатын, музыканы өмірінің мәніне, скрипканы айнымас серігіне айналдырған қазақтың қайраткер қызы жайында жазылған мақалалар тым мардымсыз. Осы бір олқылықтың орнын толтырар ма екенмін деп қолға қалам алып отырған жайым бар. 

Тегінде Мұсақожаевтар әулеті – қазақ мәдениеті тарихында алтын әріппен жазылатын қарашаңырақ. Бұл әулеттің әсіресе музаға деген іңкәрлігі ерекше. Жер жәннаты Жетісуда, Алматының іргесіндегі Қызылту дейтін аядай ауылдан апалы-сіңлілі музыканттар – Раиса, Раушан, Айман, Бақытжандар шығып, туған елін әсем музыка әуенімен тербеп, қала берді күллі әлемді тәнті етіп келеді. 

Әкесі Қожабек Мәскеу ауыл­ша­руашылық академиясын бітіріп, бір­шама басшылық қызметтерді атқарған атпал азамат болғанын ел аузынан ес­тиміз. Анасы Рахила Дүтбаева да өнерден құралақан жан болмаған, Уәлидің Майрасының әнін шырқағанда жүзі ерекше нұрланып кететін еді дейді көзкөргендер. Ол 1936 жылы Мәскеудегі Қазақ әдебиеті мен мәде­ниетінің онкүндігіне де қатысқан. Әр сенбіде ата-аналары апалы-сіңлілі қыз­дарын жетелеп Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрына апарып жүреді. Осылайша «Алма ағашынан алысқа түспейді» дегендей, тұлымшағы желбіреген төрт қыз есейе келе Күләш Байсейітова атындағы музыка мектебіне оқуға түседі. Айманның музыка әлеміндегі құс жолындай сайраған сара жолы осы кезден басталды. 

Қолына алғаш скрипка таяқшасын ұстатқан ұстазы Нина Михайловна Патрушеваның есімін де Айман әр­кез ілтипатпен еске алып отырады. «Дом­бырам тастамаймын қайда барсам, Жаныма жүре алмаймын байламасам» деп ақын Кенен Әзірбаев жырлағандай, Айман да 1965 жылдан бері скрипка аспабын бір сәтке де қолынан тастаған емес. Қабілетті де қағілез жеткіншек қыз жетінші сынып оқып жүргенде Алматыға келген атақты музыкант Арам Ильич Хачатурянның батасын алады. Жастайынан жасындай жарқылдаған өнерімен Жексенбек Еркінбеков, Еркеғали Рахмадиев, Нұрғиса Тілендиев, Ғазиза Жұбанова, Арам Хачатурян, Валерий Климов секілді корифейлердің көзіне түседі. Одан әрі П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясында және оның ассистентурасында профессор В Климовтың класында оқиды. 

1976 жылы Югославияның Белград қаласында өткен халықаралық конкурс­та лауреат болды. Небары 18 жастағы қаршадай қыздың халықаралық сайыс­та Қазақстан атынан қаймықпай өнер көрсетiп, жеңiс тұғырынан көрiнуi көрермендерді айрықша таңдандырады. Бұл оның музыка әлеміндегі алғашқы бағындырған шыңы еді.

Осыдан кейiн Айманның ұдайы өсу, өрлеу, шарықтау жолдары бас­талады. 1981 жылы Генуядағы Пага­нини атындағы, 1983 жылы То­кио­дағы, 1985 жылы Хельсинкидегi Я.Сибелиус атындағы, 1986 жылы Мәскеудегi П.Чайковский атындағы VIII халықаралық конкурстардың лауреаты атанады.

Өнерде шекара жоқ, әрбір ұлттың музыкасын түсіну үшін тілді білу шарт емес. Тіл жетпейтін жерге музыка үні жетеді дегендей, Айманның скрипкасынан шыққан сиқырлы үн бүгінде әлем халқының жүрегін жаулап, жанын баурап алды. 

Асылы, скрипканың түп атасы – қасиетті қобыз. Қазақ қобызының бар­лық ішекті аспаптардың атасы екендігін соңғы жылдары этно-музыка танушылар жиі айтып жүр. Бұл туралы неміс ғалымы В.Бахман да өз еңбектерінде жазып кеткен. 

Қобызы күңіренген, домбырасы күм­бірлеген, А.Затаевич «бүкіл қа­зақ даласы ән салып тұрғандай» деп су­реттейтін Ұлы Далаға скрипка аспабы ХІХ ғасырдың басында келген. Бұл аспапта Жаяу Мұса да ойнаған деген сөз бар. Абайдың ұлы Әбдірахман да скрипканы жабыққанда жанына серік қылған деседі. Бүгінгі таңда скрипканы жоғары кәсіби деңгейде, әлемдік масштабта меңгерген музыканттардың арасында Айман Мұсақожаеваның алдына түсетін қазақ жоқ. Маған кейде Айман қарындасымыз осы скрипка аспабымен бірге туғандай, бірге жаралғандай әсер қалдырады. 

Шанағынан сиқырлы саз төккен скрипка аспабы пайда болды делінетін Италия жұртынан бастап, Ресей, Германия, Франция, Аустрия, Испания, Португалия, Англия, Финляндия, Түр­кия, Қытай, АҚШ, Канада, Бра­зи­лия секілді жүзден аса іргелі мем­лекет­тердің музыкаға жаны іңкәр тың­дармандары Айманның өнеріне тәнті болды. Қысқасы, бүгінде Айманның өрелі өнеріне қошемет көрсетпеген, тікесінен тік тұрып қол соқпаған адам кемде-кем. Бұл ауызбен айтуға ғана оңай, мұның арғы жағында қаншама жол азабы, соншама жан азабы жатыр. Бір таңғаларлығы – біздің Айман сах­наға көтерілгенде жаңбырдан кейінгі қауы­зын жаңа ашқан жауқазындай жайнап шыға келеді. 

Иә, біз әлі күнге дейін Тәуелсіздік деген құдіреттің құнын толық бағалап, қадір-қасиетіне жете алмай келеміз. 

Тәуелсіздік талай таланттардың ба­ғын жандырды, дарындарға даңғыл жол ашты, өнерпаздарға шалқар шабыт сый­лады. Жыр алыбы Жамбыл секілді дәуір құрсағынан екінші мәрте қайта ту­ғандай, тәуелсіздікпен бірге түлеген, тәуел­сіздік қанаттандырған таланттар жайында сөз қозғағанда алдымен Айман Қожа­бекқызының есімі еріксіз тілге оралады.

Еліміз егемендік алып, ел қата­рына қосылып, әлі етек-жеңін қымтап үл­­гер­меген елең-алаң шақта Елбасы Н.Назарбаевтың ел астанасын Сары­арқаның төріне көшіру туралы ұсынысы тыпыршып жүрген талай тұлпарлардың жаңа тынысын ашқандай болды.

Ақмола Қазақстан Республикасының астанасы деп жарияланған 1997 жылдың соңынан бастап Елбасымен бірге ел­дің бірталай азаматтары Арқаға қа­рай көш түзеді. Жетісудың жанға жайлы жаймашуақ ауа райына бойымыз үйренген біздің біразымыз әдепкіде Ақмоланың азынаған аязынан жүрек­сініп, әрі-сәрі күйге түскеніміз де жасырын емес. Осы кезде ер азамат­қа бергісіз ерекше жігерлілікпен Ел­ба­сының бір ауыз сөзін жықпай, Ақмо­ланың төріне Қазақ ұлттық музыка ака­демиясының қазығын қаққан қайсар қарындасымыз Айман Қожабекқызы Мұсақожаева болатын. 

Академия құру – айтуға ғана оңай, шындығында оқу корпустарының аз­дығы, мамандардың жетіспеушілігі, қа­­ражаттың тапшылығы, басқа да толып жатқан мәселелермен айналысу екінің бірінің қолынан келе қоятын шаруа емес. Осындай қыруар қиындықтан тайсалмай, білек сыбана кірісіп, ел-жұртты таңғалдырған ұйымдастырушылық қасиет Айман Қожабекқызының бойынан артығымен табылды. 

Әлі есімде, 2000 жылы Астанада жазушы Сәбит Мұқановтың 100 жылдық мерейтойы мемлекеттік деңгейде аталып өтті. Іс-шараны өткізу жөніндегі комиссияны сол кездегі Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаев басқарды. Әбіштің өзі арнайы телефон шалып шақырған соң Алматыдан мен де келіп сол жиынға қатыстым. Салтанатты шара бүгінгі Қазақ ұлттық музыка академиясының Жеңіс даңғылы бойындағы оқу корпусында өтті. Шара үстінде Президент аппаратынан жігіттер телефон соғып, Елбасының менімен жүздескісі келетіндігін хабарлады. Кездестік. Жылы шырайлы, байтақ әңгіме болды. Сәбит ағамыздың мерейтойына қатысуға келген мен сол күні Елбасының пәрменімен Еуразия ұлттық университетінің ректоры болып тағайындалдым.

Жаңа астанаға интеллигенция өкіл­дерін тартуда, мәдениет пен өнердің орталығына айналдыруға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Қазақ ұлттық музыка академиясы үлкен үлес қосты. Біз Айман екеуміз Астананы руханият ордасына айналдыру жолында аянбай бірге қызмет еттік. Еткен еңбек пен төккен тердің нәтижесі болар, бүгінде Астана білімі кемелденген, мәдениеті мен өнері өркендеген, ең рухты қалалардың бірі болып келеді. 

Талантты адам барлық жағынан да талантты. Айман құрған академия бү­гінде еліміздің маңдайалды ұлттық уни­верситетіне айналды. Мектеп-кол­ледж-университет-магистратура-док­торанту­ра­ деңгейінде сатылы білім бе­ретін жа­ңа оқу бағдарламасы да ойдағыдай жү­зеге асуда. 

Елордамен қатар биылғы жылы Қазақ ұлттық өнер университеті де жиырма жылдығын тойлағалы отыр. Іргелі оқу орны жиырма жылда толағай табыстарға қол жеткізді. Өнер көгінде көптеген жарық жұлдыздарды жақты. Жиырма жылда жеткен жетістіктердің басында осы оқу орнын жоқ жерден құрып, айдай әлемге танытқан қазақтың қайраткер қызы, дарынды музыкант, аяулы қарындасымыз Айман Қожабекқызы Мұсақожаеваның еңбегі өте зор. 

А.Мұсақожаеваның есімі бүгінде музыкалық Олимпте М.Плетнев, Г.Кремер, Е.Грач, В.Третьяков, И.Гаврш сияқ­ты әлем жұлдыздарымен қатар тұр. Ол Шығыс музыкасының нәзіктігін, сезімталдығын Батыс музыкасының пафосымен ұштастырып, ұлттық өнерді әлем халқына танытты.

Айман Мұсақожаева скрипкалық музыканың бай репертуарын жинақтады. Соның iшiнде Йоганн Себастиан Бах, Гайдн, Моцарт, Бетховен, Паганини, Брамс, Чайковский, Сибелиус секiлдi жарқын тұлғалардың, жаңа заман композиторларының, Қазақстан сазгер­лерінің шығармалары бар.

Айманның биік өнері мен қайрат­керлік қызметі үшін мемлекет тарапынан алған марапаттары мен әлем­дік деңгейде иеленген атақтары аз емес. Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ­станның Еңбек Ері, ЮНЕСКО сый­лығының лауреаты – «Әлем әртісі»... 

Ақиқатында, дүниеде сатып та ала алмайтын, тартып та ала алмайтын ең қымбат сый – халықтың шынайы ықыласы. Биылғы жылы алпысыншы көктемін қарсы алып отырған қадірлі қарындасыма Құдай сені осы берген баға жетпес сыйдан айырмасын, еліңнің сүйіспеншілігіне бөленіп жүре бер дегім келеді. 

Асылы, биыл тоқсан жылдығын атап өтіп жатқан Шыңғыс ағамызды еске алғанда «Адамзаттың Айтматовы» деген тіркес қоса айтылады. Шындығында, Шыңғыс ағамыз Алатауды жайлаған аядай қырғыз елінен шығып, атағы айдай әлемге мәшһүр болған қаламгер әрі қайраткер. Айман қарындасымызды да мен бүгінде туған халқының аясынан асып, ата-анасының, ұлтының ғана емес, күллі адамзаттың перзенті деңгейіне көтерілген ұлы музыкант деп бағалаймын. 

Кәсіби музыканттығы, ұстаздығы, шебер ұйымдастырушылығы, қайрат­керлігі, осының бәрінің басын қосатын Айман Қожабекқызының басты қасиеті – адамгершілігі. Мен Айманның үлкенді үлкендей, кішіні кішідей сыйлайтын кісілігіне, қазақы тәрбиесіне, ерекше жаратылысына өмір бойы тәнті болып келе жатқан ағаларының бірімін.

Жүрегінің кеңдігімен де, жараты­лысының тазалығымен де, күлкісінің шынайылығымен де, Алла берген ажарымен де Айманды елден ерекше ғып берген қазақ халқынан да, Аймандай асылдан да айналдық.

Біз Айманмен мақтана берейік, Айман қарындасымыз айдай әлемге мақтала берсін! 

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ