Білім • 18 Мамыр, 2018

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аударылған 18 кітап ҚазҰУ-дің білім беру үдерісіне енгізілді

944 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» мемлекеттік жобасы заманауи қазақстандық студенттердің таным көкжиегін кеңейтті. Енді философия, психология, әлеуметтану, дінтану, мәдениеттану, лингвистика, журналистика, экономика және менеджмент салаларындағы әлемдік ғылыми бестселлер қазақ тілінде қолжетімді болады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аударылып әрі жарыққа шыққан алғашқы 18 кітап бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің білім беру үдерісіне енгізілді. 

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аударылған 18 кітап ҚазҰУ-дің білім беру үдерісіне енгізілді

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «Егемен Қазақстан»

Жарық көрген алғашқы он сегіз кітаптың ішіндегі алты оқулықты әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлар құрамы аударды. Олардың арасында, Джордж Ритцер мен Джеффри Степництің «Әлеуметтік теориялар» оқулығы әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының оқу, педагогикалық, ғылыми-зерттеу және диплом алды тәжірибелік бағдарламаларына енгізілді. Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының меңгерушісі, аудармашылар авторлық ұжымы мүшелерінің бірі Гүлмира Әбдірайымова бастау алған жобаның ауқымдылығы мен уақтылығын атады: «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы біздің мамандарды даярлауды жаңа сапалы деңгейге шығарады. Аударылған оқулықтардың шетелдік жетекші университеттердің оқу бағдарламаларына енгені әрі бірнеше рет басылып шығуы олардың қажеттілігін дәлелдейді. Біз оларды оқу үдерісінде қолданудамыз және олардың қалыптан тыс ойлауды дамытуға көмектесетіндігін әрі жаңа жаһандық білімді ашатынын көріп отырмыз».

Кітаптарды оқу бағдарламасына енгізу жұмыстары философия кафедрасында да жүргізілуде. Дерек Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы» еңбегі бакалаврлар мен магистранттарға арналған «Заманауи әлеуметтік философия», «Прагматизм философиясы», «Ницше және постмодерн философиясы» сияқты курс бағдарламаларына енгізілді.  Мемлекеттік тілге аударылған әлемдік ғылыми әдебиет экономикалық мамандықтарда да белсенді түрде қолданылуда. Мысалға, ҚазҰУ Экономика және бизнес жоғары мектебінің оқытушылары бакалаврдан бастап докторантура сатысына дейін қазақ бөлімінде оқитындарға «Экономика негіздері мен қағидалары», «Экономикалық теория», «Микроэкономика» және «Макроэкономика»  пәндерін оқытуда Г.Мэнкью мен М.Тейлордың «Эконо­микс» оқулығын қолданады. 

Кітаптарды оқу үдерістеріне енгізу үдерісі типтік оқу бағдарламаларын өзгертумен және оларды студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарына енгізіп қоюмен ғана шектелмейтіндігін айта кету керек. Дінтану және мәдениеттану кафедрасы «қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында мәдени антропологияны зерттеудің негізгі пәндік саласымен танысу мақсатында 2018 оқу жылына арнап ЖОО автор­лық ұжымына дәрістер курсын жасау және дайындауды оқыту бойынша біліктілікті арттыру курсының бағдар­ла­масын жасады. Сондай-ақ онлайн білім беру арналарында кафедра мүшелері аударған Алан Барнардтың «Антропология тарихы мен теориясы» негізінде қазақ тіліндегі дәрістер курсы шығарылымға дайындалуда. 
«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының басты мақсатты аудиториясы, ең алдымен қазақстандық студенттер болып отыр. Студенттердің айтуынша, әлемдік оқулықтар оларға мәселелерді шешуде жаңа әдістемелік және қолданбалы құрылғыларды ашады. 

Менің диплом жұмысымның тақырыбы «Әлеуметтік желідегі коммуникация тілі», деп аталады дейді философия және саясаттану факультетінің 4 курс студенті Мадина Жексенбаева. Тақырыпты таңдаған кезде, жастардың әлеуметтік желілерге деген жоғары қызығушылығы сияқты өзектілігіне мән бердім. Алайда жұмысты жазу барысында басты мәсе­лелердің бірі қазақ тіліндегі ақпа­раттардың жеткіліксіздігі болды. С.Г.Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация» оқулығын менің жұмысымды дамытудағы негізі кітап деуге болады. Сол үшін де оқулықтың қазақшаға аударылуы мен үшін, ең алдымен жеке ғылыми секіріс болды деп айта аламын. Осылайша, аталған кітапта жазылған елдің географиялық емес немесе саяси ерекшелігін анықтайтын мәдени карталарды құру әдісін, олардың мәдени стереотипке негізделіп өзге елдерде қабылдануын өзімнің жұмысыма қолдандым. Аталмыш әдісті қолдану ме­нің диплом жұмысыма жоғары ғы­лы­ми-тәжірибелік мән қосты. 

Халықаралық білімнің қарқынды дамуы жағдайында, әлемнің әртүрлі тілдерінен мемлекеттік тілге аударылып отырған әлемдік оқулықтар тек жастарға ғана емес, оқытушылардың кең ортасына, зерттеушілерге де пайдалы. 

Білім беру кеңістігі қазақша кон­тентінің мағыналы әрі мазмұнды сал­мақтануы ғаламдық ауқымда ақпа­раттық-танымдық шекараны кеңейтуге, білім-ғылым айналымына жаңа терминдер енгізуге, мәдени мұраға және түрлі ғылыми саладағы үздік заманауи авторлардың еңбектеріне араласуға мүмкіндік береді.

Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»