Аймақтар • 18 Мамыр, 2018

Батырхан Шүкенов атындағы "Отан-Ана" конкурсының жеңімпаздары анықталды

610 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылордада ҚР Еңбегі сіңген қайраткері, әнші және композитор Батырхан Шүкенов атындағы "Отан-Ана" ІІ республикалық әншілер конкурсы аяқталды.

Батырхан Шүкенов атындағы "Отан-Ана" конкурсының жеңімпаздары анықталды

Конкурс 16 мен 18 мамыр аралығында өтті. Бірінші күні қатысушылар жеребе алып, орындау реттігін анықтаса, екінші күні - яғни 17 мамырда конкурстың негізгі бөлігі ұйымдастырылды. Онда конкурсанттар 2 ән орындады, оның бірі Батырхан Шүкеновтың репертуарынан болды.

Биыл ән сайысына еліміздің барлық өңірлерінен және Өзбекстан мемлекетінен 25 орындаушы қатысты.

Қазылар алқасының құрамында Дильназ Ахмадиева, Ринат Гайсин, Еркеш Шакеев, Олжас Байканов (ұзақ уақыт бойы Батырхан Шөкенов атындағы қордың директоры болған), сондай-ақ, ҚР Еңбегі сіңген қайраткер Ержан Әбдрахманов бар.

Әділ қазы мүшелері орындаушының әрбір әнінің техникасы мен тембріне мән беріп, дауыс күші мен әртістік қабілетін бағалады.

Сонымен, Бас жүлде Оңтүстік Қазақстан облысынан келген Ерік Төленовке бұйырды. Бірінші орынды қарағандылық Гүлнар Көшенова, екінші орынды Батыс Қазақстан облысынан келген Сартуков Айымбек және үшінші орынды қызылордалық Индира Баймбетова мен астаналық Күләйім Қайырбаева иеленді. Сондай-ақ, Шөкеновтер отбасының арнайы жүлдесімен алматылық Еңсепов Сырымтай, қала әкімінің арнайы жүлдесімен ақтөбелік Нұртас Омаров және қызылордалық Тұрғанәлі Шарапов марапатталса, Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының арнайы жүлдесі Маханбетжанова Арайлымға бұйырды.

Естеріңізге сала кетсек, Қызылордада 16-18 мамыр күндері облыс әкімдігінің қолдауымен Б.Шүкенов атындағы "Отан - Ана" атты ІІ республикалық әншілер конкурсы өтті.  Шараның ұйымдастырушылары - облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы және "Таңдау" продюсерлік орталығы.