Аймақтар • 18 Мамыр, 2018

Түркиядан келген хирургтар ақтөбелік емделушілерге ота жасады

337 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

15-17 мамыр күндері Ақтөбеге Түркиядан дәрігерлер келді. Олар бірнеше күн бойы өңір тұрғындарына сүт безі аурулары мен түрлі косметикалық ақаулар жайында кеңестер беріп, жергілікті әріптестері үшін шеберлік сабақтарын өткізді, ауруды емдеудің жаңа әдістерімен бөлісті.

Түркиядан келген хирургтар ақтөбелік емделушілерге ота жасады

Ақтөбе облыстық ауруханасында Анкара қаласындағы Башкент университеті медициналық орталығының профессорлары - онколог, трансплантолог, маммолог Седат Илдырым мен пластикалық, бет-жақсүйек хирургі Ахмет Чагри Уйсал бес қиын ота, оның ішінде екеуі балаларға жасады.

Осылайша, кеңес беру кезінде косметикалық және функционалды кемістігі бар астыңғы бет-жақсүйегінің буындары мен сүйектерінің туа біткен потологиясымен ауыратын емделушіні тексерді. Екі кезеңдік отадан тұратын емдеудің нақты жоспары жасалды. Сүт безі ауруы бар өзге емделушіге органдарын сақтайтын ота жасалмақ. Барлық отаны Түркиядан келген мамандар тегін жасайтын болады.

Бұдан басқа, «Бақытты бала» акциясы аясында ауыр потологиясы бар тағы бес балаға Түркияда Башкент университеті жанынан ота жасалады. Балалардың жолы мен емделуіне кететін шығынды қабылдайтын тарап өзі көтереді.

Түрік дәрігерлері облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен бірінші рет келіп тұрған жоқ. Жақында осындай халыққа тегін кеңес беру, ота жасау, жергілікті мамандарды емделудің заманауи әдістеріне үйрету секілді акцияларды өткізу жоспарланып отыр.

Темір Құсайын, 

«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе