Медицина • 18 Мамыр, 2018

Дүниежүзілік күретамыр гипертониясы күніне орай скринингтер сериясы жүрді

450 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қалыптасқан дәстүр бойынша мамыр айының әрбір екінші сенбісінде Дүниежүзілік күретамыр гипертониясы күні атап өтіледі. Осы дерттің алдын алу мақсатында SANTO компаниясы еліміздің бірқатар қалаларында «Өмір ырғағы» атты жедел скринингтер сериясын өткізді. Бұл акция бүгін Оралда аяқталады.

Дүниежүзілік күретамыр гипертониясы күніне орай скринингтер сериясы жүрді

ДДСҰ мәліметтеріне сәйкес әлемде әрбір бесінші ересек адамда жоғары қан қысымы бар. Бұл соңы қазамен аяқталатын инсульт пен жүрек ауруларының жартысынан астамына себепші болып табылады.

Әлеуметтік жоба аясында қажет деп тапқандар қан қысымын өлшеп, холестерин деңгейін анықтап, дәрігерлерден кеңес алды. Бұл бастама күретамыр гипертониясын, жүрек ауруларын диагностикалау мен емдеудің, алдын алудың заманауи тәсілдерінен халықтың хабардарлығын көтеруге бағытталды.

Емхана дәрігерлерінің қатысуымен өткізілген жедел скринингтер Атырау, Орал, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды, Саран, Рудный қалаларында ұйымдастырылды.

Скринингтен өткендердің қан қысымы 120/80 мм құрайтын қалыпты деңгейден ауытқыған жағдайда, қатысушылар сол жерде дәрігерден кеңес ала алды. Сондай-ақ, емделуге қатысты кеңестермен бірге, күретатамыр гипертониясына шалдықтыратын себептер мен оның қауіпті салдары жөнінде бүктеме парақшалар таратылды.

«Компанияның «Өмір ырғағы» жобасы жүрек-қантамыр жүйесіндегі ауруларды дер кезінде анықтап, тұрақты емделіп тұрудың маңыздылығына жұрттың назарын аударуға бағытталған. Қазірдің өзінде жобаға мыңнан аса адам қатысып үлгерді. Мұндай жедел скринингтер халықтың өз денсаулығын ойлап, қажет болған жағдайда тиісті ем-домды қабылдауға септесетініне сенімдімін»,  – деді SANTO компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі директоры Елена Арышева.      

Статистикаға сенсек, Қазақстанда бұл өзекті мәселеге айналған. Еліміздің ересек тұрғындары арасындағы күретамыр гипертензиясының таралу кеңдігі 49,8 пайызды құрайды. Осы тұста жүрек-қантамыр жүйесімен байланысты қауіп факторлары жайында тек 25 пайызы ғана білетінін атап өткен жөн. Оның үстіне дәрігерлер гипертензияға қарсы препараттарды тұрақты түрде гипертонияға шалдыққандардың тек 27 пайызы ғана қабылдайтындығын алға тартады. Олардың ішінде 22 пайызы ғана мақсатты көрсеткішке қол жеткізіп, қан қысымын ретеп отырады екен.

Осы ретте қан қысымының деңгейі және жүрек-қантамыр жүйесіндегі аурулар арасында өзара байланыс бар екендігі дәледенген, ал бұл жағдайдың адам қазасына әкелетіні де сирек емес. Күретамыр гипертензиясына әкелетін факторларға генетикалық бейімділік, қант диабеті, яғни сусамыр, семіздік, бүйрек аурулары, ас тұзын, ішімдікті шектен тыс тұтыну, шылым шегу, күйзеліс, аз қимылдау жатады. Осындай факторлардың ортақ әсерімен күретамыр гипертензиясы дамиды. Жоғары қан қысымын емдемесе немесе оған мән бермесе, оның салдары не инфракт, не ми инсульты, не бүйрек қызметінің жетіспеушілігіне әкелуі мүмкін. Күретамыр гипертензиясының  «білдірмей жан алғыш» деген атқа ие болғаны да осымен байланысты.

Жедел скринингтер кезінде гипертонияға шалдыққан адамдарды ғана емес, сонымен бірге, оның күрделі ауру екендігі, оны дер кезінде емдемесе соңғы қайғымен аяқталатыны туралы мәлімет беріліп, әрбір адам өз қан қысымын бақылап жүруі үшін қажетті дағдылар үйретіліп, қан қысымы тегін өлшенді. Сонымен бірге, профилактикалық шараларды қабылдау, салауатты өмір салтын ұстану және дұрыс тамақтанудың маңыздылығы жөнінде жұртшылықтың пікірін қалыптастыруға жағдай жасалды.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

 АЛМАТЫ