Аймақтар • 20 Мамыр, 2018

ҚарМУ-да «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысын талқылады

400 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның хатшысы, Президент Əкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева арнайы сапармен Қарағандыға келіп, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-да «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысын талқылаған жиын өткізді. 

ҚарМУ-да «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысын талқылады

Алқалы басқосуға «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ф.Қуанғанов, Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы А.Өрсариев, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ж.Әбішев, Қарағанды облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Е.Аймағамбетов, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша аймақтық сараптамалық кеңес мүшелері мен ҚарМУ-дың профессор-оқытушылар құрамы, магистранттары мен студенттері қатысты.

Лауазымды қонақтар оқу орнындағы «Тұлғатану» орталығының жұмысымен танысты. Аида Балаева болашақ мамандарды оқыту мен тәрбиелеуде ауқымды жұмыстар атқарып келе жетқан ҚарМУ ұжымына ризашылығын білдірді.

– Жаңа тарихи кезеңге аяқ басқанда қабылданған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – мемлекет келешегінің айқын жоспарланған бағыты. Қоғамдық сананы жаңғыртып, жарқын болашаққа жету мүмкіндігіне біз үлкен жауапкершілікті сезіну арқылы ғана ие боламыз, – деді Аида Ғалымқызы өз сөзінде.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы сананы жаңғыртып, бәсекеге қабілеттілікті дамытумен қатар, озық отыз елдің қатарына қосылу мақсатындағы шараларды жүзеге асыруды көздейді. Бағдарламаның маңыздылығы мен қажеттілігін халыққа жеткізе білу керек.

Кездесу барысында, сонымен қатар, латын графикасына көшуге, «100 жаңа кітап», «100 жаңа есім», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобаларына қатысты мәселелер талқыланды.

Кездесуді қорытындылай келе, А.Балаева «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы жобалар бойынша университет ұжымына нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, осы жылдың тамыз айына дейін бағдарламаның барлық бағыттары бойынша нақты жобалар ұсынып, оларды жүзеге асыру жолдарын көрсетуге ұсыныс жасады.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ