Қазақстан • 20 Мамыр, 2018

Хорватия Астанада дипломатиялық өкілдік ашпақ

185 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко елордаға XI Астана экономикалық форумына қатысу үшін делегациямен келген Хорватия мемлекетінің экономика министрінің орынбасары Наташа Жигманмен келіссөздер жүргізді, - деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Хорватия Астанада дипломатиялық өкілдік ашпақ

Тараптар кеше Қазақстан мен Хорватия үкіметінің арасында қол қойылған өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар мен энергетика саласындағы өзара әрекеттестікті арттыруға арналған экономикалық ынтымақтастық жөніндегі келісімге қолдау білдірді. Құжатқа Астана экономикалық форумы аясында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов және Қазақстандағы елшілік қызметін қоса атқаратын Хорватияның Ресей Федерациясындағы елшісі Тончи Станичич қол қойды.

Келісім екі жақтың да мүддесін ескеретін шешімдерді қабылдаудың тиімді механизмі болып табылатын Қазақстан-Хорват Үкіметаралық комиссиясын құруға негіз болады. Кездесу барысында тараптар көлік логистикасы және туризм салаларындағы ынтымақтастық әлеуетін талқылады. Сондай-ақ, өзара сауда көлемі 2017 жылдың қорытындысы бойынша, 316 миллион АҚШ долларын құрағаны атап өтілді. Бұл алдынғы жылдың көрсеткішінен  8 есе жоғары.

Хорватияның статистикалық мәліметтері бойынша, бұл елге 2017 жылы 3 мыңнан астам қазақстандық турист барған. Кездесуге қатысқан Т.Станичин хорват үкіметінің осы жылы күзде Астана қаласында дипломатиялық өкілдік ашуға ниетті екенін растады. "Хорватия елшілігін ашу - ел билігінің Қазақстанмен байланысын нығайтудағы саяси ынтасының бар екенін көрсетеді. Бұл әрекет екіжақты ынтымақтастықтың одан ары дамып, тереңдеуіне ықпал етеді", - деп бөлісті Р.Василенко.