Әлем • 21 Мамыр, 2018

Басқа басылымдардан: Қытай мен ЕАЭО келісімге келді

243 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Басқа басылымдардан: Қытай мен ЕАЭО келісімге келді

Қытай мен ЕАЭО келісімге келді

Қытай мен Еуразиялық экономи­калық одақ сауда-экономикалық әріптестік орнату жөнінде ортақ мәміле жасады. Xinhua агенттігінің хабарлауынша, бұл – екі тарап арасында жасалған кең көлемдегі тұңғыш келісім.

Құжатқа Қытайдың коммерция министрінің орынбасары Фу Цзыин, Еуразиялық экономикалық ко­мис­сия­ның басқарма төрағасы Тиг­ран Саргсян және ЕАЭО мүше­лері қол қойды. Оған Астана эко­номикалық форумы аясында қол жеткізілді.

Келісім кедендік әріптес­тік, сау­да байланысы, зият­керлік меншік құқығы, сала­лық серіктестік секілді 13 бағытқа арналған. Сондай-ақ құ­жатта электронды коммер­ция тә­різді жаңа салалар қам­тылған.

Бұдан бөлек, Қытай мен ЕАЭО кедендік бақылау үде­ріс­терін жеңіл­детуді, тауарға салынатын салықты азайтуға қол жеткізіп, әріптестік орната отырып, ақпарат алмасу жөнінде уағдаласты. Бұл келісім 2019 жылдың басынан іске қосылмақ.

Xinhua агенттігінің пайымдауынша, құжат «Бір белдеу – бір жол» бас­тамасы аясында жүзеге асырылатын маңызды қадам. Келісімге сәйкес, екі тарап арасындағы әріптестік ны­ғайып, сауда-экономикалық байланыс күшейіп, тауар айналымы ар­тады.

Агенттіктің мәліметтеріне сүйен­сек, тауарға салынатын қосымша са­лық­тардың жойылуы индустриялық даму мен сауда-экономикалық қаты­насты күшейтетін қолайлы орта қа­лып­тастырады.

Жаһандық мәселелерді талқылайтын жиын

Қазақстанда Астана эконо­микалық форумы өтті. Үш күнге созылған сам­­мит­те саясаткерлер, ғалым­дар мен сарапшылар әлем­дік трендтерге ілесу, оның әлем мен Қазақстанға әсе­рі туралы көкейкесті мәселе­лерді тал­қылады. «Қа­зақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана экономи­калық форумының ашылу салтанатында «Әлем тең­­дес­сіз жылдамдықпен өзгеріп, тағы да жолайрыққа тап келді. Адамзат қай ба­ғытқа бұрылуды күтіп отыр: дамудың дәуірі ме, әлде құр­дымға кету ме», деді.  Жиынға келген бес жүзге жуық ғалым мен саясаткер, эко­номист пен басқа сала өкіл­дері жүзге жуық панельді сес­сия мен дөңгелек үстелге қа­тысты», деп хабарлады EFE агенттігі.

Агенттік форум жұмысына әлемге әйгілі бірқатар тұл­ға­лардың келгеніне де тоқ­талған. Атап өтер болсақ, ауқым­ды жаһандық шараға Apple компаниясының не­гізін салушылардың бірі Стив Возняк, Францияның бұрын­ғы президенті Франсуа Олланд, БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы Пан Ги Мун, атақты физик Митио Каку қатысты, делінген агенттіктің жарияланымында.

Иранмен мәміле жасасты

Еуразиялық экономика­лық одақ пен Иран Астанада экономикалық форум аясында екіжақты импорт және экспорт тарифын жоюға мүм­кіндік беретін еркін сауда аймағын құру туралы келісім жасасты. Latin American Herald Tribune газетінің ақ­пара­тына сүйенсек, құжаттың қызмет ету мер­зімі – үш жыл. «Иран тарапы алып эко­номикалық ұйымның әріп­тесі болды. Келісім бүкіл аймаққа жемісті болмақ», деді Иранның өнеркәсіп және сау­да министрі Мохаммад Ша­риат­мадари.

Ресей, Қазақстан, Бела­русь, Ар­мения және Қыр­ғыз­станнан құрылған Еуразия­лық экономикалық одақ бұ­­ған дейін Вьетнам және Қы­тай секілді мемлекеттермен еркін сауда жөнінде келісім жа­сас­қан болатын», деп ха­бар­лады Latin American Herald Tribune.

Басылымның хабарлауынша, Ша­риат­мадари жылына 20 миллиард долларға жуық экспорт шығаратын Иран мемлекеті ЕАЭО үшін тиімді әріп­тес екенін мәлімдеген. Ми­нистр құжаттың тараптар арасындағы сауда байланысын нығайтып, экономиканы тұрақтандыруға көмектесетініне сенім білдір­ген.

Еуразиялық экономика­лық ко­мис­­сияның басқарма төрағасы Тиг­ран Саргсян да Иран мен ЕАЭО ара­­сындағы келісімнің маңызы зор еке­нін айтып отыр. Оның пікірінше, бұл – экономикалық қа­рым-қатынас ор­натуға бағыт­талған алғашқы қадам. «Иран нарығы өте үлкен жә­не тез да­мып келеді. Сон­дықтан біздегі биз­нес көш­басшылары аталған елге қызығушылық танытып отыр», деді Т.Саргсян.

Latin American Herald Tribune басылымы сауда келі­сімі Иран үшін тағдыр­шешті сәтке тура келгенін хабарлады. Естеріңізде болса, осыдан бір апта бұрын АҚШ тарапы Иран мен ядролық державалар арасындағы келісімнен шығатынын мәлімдеген болатын. Сондай-ақ Иранға салынатын санкцияны күшей­тетінін жеткізді.

Шолуды дайындаған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»