21 Мамыр, 2018

«Жасыл болашақпен» – жарқын болашаққа

718 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде ХІ мәрте ұйымдастырылған Астана экономикалық форумы аясында елордамыздағы Райымбек батыр атындағы №50 қазғарыш мектеп-лицейінде Қазақстан экологиялық ұйымдарының қауымдастығы «Expo & Women» Халық­аралық ұйымымен бірге «Жасыл болашақ» экологиялық акциясына қатысты.

«Жасыл болашақпен» – жарқын болашаққа

Акцияның негізгі мақсаты аталған форум­ды насихаттау, сондай-ақ халық­ара­лық «Жасыл технологиялар» орта­лы­ғының жұмысын жандандырып, ондағы инвестициялық жобалардың азаматтық сектормен, бизнес және әлеуметтік нысандармен ынтымақтастығын көрсету. Іс-шараға №50 мектеп-лицейінің оқушы­лары, форум қонақтары, Қазақстанның эколо­гиялық қоғам қайраткерлері, серіктестер қатысты.

Акцияның арнайы қонағы ғарышкер Андриана Марайс болды. Естіп білгеніміз­дей, Астана экономикалық фору­мына кел­ген кванттық биология саласының 35 жас­тағы ғалымы А.Марайс – 2024 жылы Марсқа ұшуды жоспарлаған оңтүстік­африкалық азаматша. Ол әлемдегі 100 адамның бірі, Қызыл планетаға бару және сол жерде адамдық колония құру үшін «One Mars» жобасының қысқа тізіміне кірген бірегей тұлға ретінде қазғарыш мектебінің оқушыларына өте танымал. Акция басталғанға дейін 5-сыныптан Морзе алфавитін оқып, ғарыш сала­сының негізін үйреніп жатқан, жас­тайы­­нан ғарышкер болуды арман­даған жеткін­шек­тердің сан алуан сауалдарына жауап берді. Кездесу барысында Адриана Марайс Марсқа біржола кетпекші екендігін мәлімдеді. «Егер жолым болып жатса, қызыл ғаламшарда өмірімнің соңына дейін тұрақтап қалуға ниеттімін. Марста алғашқылардың бірі болып, тіршілік етуді армандаймын», дейді ол.

Әңгіме арасында Марайс ханым Марсқа Байқоңырдан ұшу ойында барын жеткізді. Ол үшін Қазақстанға тағы да сапар шегіп, біздегі ғарыш айлағын жіті зерттеп-зерделемекші екендігін айтты.

– Осы келгенімде Астанаға, жалпы Қазақстанға ғашық болдым. Байқоңырды бұрыннан білетінмін. Енді сол жаққа барғым келеді. Сіздерден бір емес, үш бірдей ғарышкер шыққан. Сондықтан, мүмкіндік болса, Марсқа Байқоңырдан ұшу ойымда бар. Қызыл планетаны зерттеп жүргеніме біраз болды. Онда мұз бар екені анықталды. Яғни су болса, тіршілік бар деген сөз. Сондықтан Марсқа біржола кетіп, сонда өмір сүруді көздеймін», – деді батыр қыз А.Марайс.

Райымбек батыр атындағы мектеп физика-математика бағытына негізделген. Оқушыларға ғарыш әлемі мұнда барынша тереңдетіліп оқытылады. Және бір ерекшелігі – оқу ордасында «жасыл экономика» саясаты сәтті жүзеге асырылған. Мектеп жылуды күннен алады. Арнайы қондырғылар орнатылған. Сондықтан тек Адриана Марайс емес, форумға келген өзге де меймандар осы білім ошағына арнайы ат басын бұрып, мұндағы «жасыл технологиялар» аясындағы тың жетістіктермен танысты.

– Елімізге келген біздің құрметті қонақ­тары­мыз Қазақстандағы осы бағдар­ламаны өте дұрыс дейді. Өйткені «жасыл экономиканы» халыққа тарату үшін оны көрсету керек. Біздің осындай «жасыл технология» бойынша атқары­лып жатқан жұмыстарымызға олар қазір өздерінің жоғары бағасын беріп отыр», дейді «Жасыл технологиялар» мен инвестициялық жобалар орталығы» басқарма төрағасының орынбасары Салтанат Рақымбекова.

Көрмемен танысқан соң меймандар мектеп алдына көшеттер отырғызды. Мектеп директоры Роза Болатаеваның айтуынша ол жер енді «жасыл технологиялар» халықаралық орталығы аллеясы деп аталмақ. «Ағаш егу – әрбір адамның экологиялық мәселеге әлемдік деңгейде атсалысуы деген сөз. Оның басы-қасында жүрген «Жасыл экономика» және G-Global Коалициясымен әлеуметтік серіктес ретінде жұмыс атқарып келеміз. Біздің оқушылар «Жасыл болашақ» атты жобаны қорғап, осы серіктестер арқылы оны әрі қарай іске асыруды жоспарлауда. Болашақта «Жасыл болашақ» жобасымен мектеп ауласында жылыжай орнатуды көздеп отырмыз», дейді Роза Әбіләкімқызы.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»