Аймақтар • 21 Мамыр, 2018

Семейде журналист, жазушы Дәулет Сейсенұлының «Жәнібек ән салады...» пъесасы сахналанды

516 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Семейдегі Абай театрында  Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, ұзақ жылдар республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Семей қаласындағы меншікті тілшісі қызметін атқарған Дәулет Сейсенұлының «Жәнібек ән салады...» драмасы сахналанды. Шығарма  әнші, жазушы, қазақ КСР-нің еңбек сіңірген артисі Жәнібек Кәрменовтың өміріне арналған. 

Семейде журналист, жазушы Дәулет Сейсенұлының «Жәнібек ән салады...» пъесасы сахналанды

Жастайынан ұлы Абайдың өлеңдерін оқып, сусындап өскен Жәнібек Кәрменов мектептегі ұстазы Кәмен Оразалинмен ой бөлісіп, сыр шерте, толғана сөйледі. Қойылымның ерекшелігі де осында. Содан кейін шырқата ән салады. Шәкіртінің ерекшелігін байқаған Кәмен ұстаз оған қолдау көрсетіп, Жәнібекті елге еңбегі сіңген танымал жандармен таныстырады. Сөйтіп олар Қарауылда оқып жүрген талапты жас Жәнібекті ару қала, сол кездегі астана Алматы қаласына ала кетеді. Жәнібектің өнердегі өмір жолы басталады.

- «Жәнібек ән салады...» қойылымын дайындау барысында байқағанымыз, Дәулет Сейсенұлының басты мақсаты әншілік дарынымен танылған Жәнібек Кәрменовтың өнер саласына қосқан үлкен үлесін дәріптеп,бүгінгі ұрпаққа тарих қылып қалдыру екен,-деді ҚР Мәдениет қайраткері, Абай театрының директоры Бауыржан Төлеков,- мұндағы әр кейіпкер көрермен есінде қалатыны хақ. Жазушы-журналист Дәулет Сейсенұлы ағамыз «Жұлдыздар сөнбейді» атты әңгімелер жинағының, «Қазақтың саны қанша», «Семей елі, Семей жері», «Шежірелі Шыңғыстау» атты деректі кітаптардың авторы екендігін білеміз.

«Шәкәрім» атты ғұмырбаяндық кітабы көпшіліктің көңілінен шықты. Ұзақ жыл «Егемен Қазақстан» газетінде жұмыс істеп, енді театр саласында ден қоюы, әрі досы, әрі халықтың сүйікті әншісі Жәнібек Кәрменовты қайта тірілткендей ғып, бейнесін де сомдағаны да семейліктердің көңілінен шығып жатыр.

Абай театрындағы әдеби бөлім меңгерушісі, ақын Мерей Қарттың айтуынша, ел ауызында «Жәнібек ән салады, Ақселеу тамсанады» деген сөз жатталып қалған. Дегенмен Жәнібектің бүкіл ғұмырын бір спектакльге сыйдырып шығу мүмкін емес. Десек те, Жәнібектің өмірінен бір естелік болса деп, театр басшылығы да осы қойылымға «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолдау көрсетті. Қойылымның режиссері Ербол Жуасбек, Жәнібек ролінде Азамат Нұрғамыс, Кәмен ұстаз ролінде Мырзахан Сыдықовтар ойнады.

«Жәнібек ән салады..» қойылымы Қарауылдағы мектеп ауласында шуылдаған, әзіл-қалжыңдары жарасқан бір топ жастардың әңгімесінен басталады. Арасында әрине, қазақы домбырасымен Жәнібектің шоқтығы жанып тұр. Ол жазушы әрі ұстаз Кәмен Оразалинмен әңгімелесіп, ол кісінің ағалық ақылдарын тыңдайды. Жәнібек ара-арасында шабыты ұстап, құйқылжыта ән де салады.

- Алматыдан осы Семей жеріне «Жәнібек ән салады...» деген спектакльге келіп отырмыз,-деді жары Тұрар апай, - көзден кетсе де, көңілден кетпейді деген осы екен. Келесі жылы Жәнібек 70 жасқа толады. Сол мерейтойы алдында осы қойылым біздің халқымызға шашу, ақ жол болады деп ойлаймын. Дәулет Сейсенұлына көп рахмет! Театр ұжымына да ризашылығым шексіз.

Дәулет Сейсенұлы  Жәнібек туралы кітап та жазған екен. Астанада «Фолиант» баспасының «Нартұлға» сериясынан шығатын болыпты.

- Жәнібек Кәрменовпен бірге бір жылдың, бір айдың түлектеріміз. Ол аудан орталығы Қарауылда оқыды, мен Саржалда болдым, дегенмен біз өте ерте, 10-12 жасымызда таныстық,-деп есіне алды Дәулет Сейсенұлы, - пионерлер слеты деген болатын. Слетқа ұстазымыз Кәмен Оразалин келіп, іргетасын сонау бір заманда Мұхтар Әуезов қалаған «Абай ұрпақтары» деген қолжазба журналмен бәрімізді таныстырды. Сонда Роллан Сейсенбаев повесін оқыды, Жәнібек әңгімесін оқыды. Артынша ән салды. «Жәнібек ән салады...» демекші біз сол кезде-ақ, қаршадай баланың дауысына таңғалдық. Одан кейін Алматыда жолықтық. Аралас-құралас болдық.

Алматыға көшіп барғанда бірге жүрдік. 1992 жылы мен Семейге қайыра көшіп келгенде, маған айтты «Дәулет, артыңнан барамын. Семейіме қайтамын. Әншілікті толық меңгердім. Жазушылықпен айналысамын» деді. Өкінішке қарай,  сол жылы жол апатынан қайтыс болып кетті. Бірақ, оны халқы ұмытқан жоқ. Осы Семейде бір көшеге аты берілді. Абай ауданындағы саз мектебіне де аты берілді. Қарауылда ескерткіш орнатылды. Алматыда, Түркістанда да Жәнібектің көшесі бар. Бүгінгі шараны да осы Жәнібекке арналған құрмет деп есептеңіздер.

Бұл күні театрға көрермен көп жиналды. Семейдің зиялы қауымы, ардагер-ақсақалдар, дәстүрлі әнді, қазақ өнерін құрметтеушілер көз алдарында тағы бір мәрте жалт еткен, өнерімен жарқ еткен Жәнібекті көріп, қойылымды ерекше бір сағынышпен, қимастықпен тамашалап отырды.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА,

СЕМЕЙ