Аймақтар • 21 Мамыр, 2018

Солтүстік Қазақстанда қазақ күресінен біріншілік өтті

496 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Петропавлдағы спорт сарайында қазақ күресінен ішкі істер министрлігінің біріншілігі өтті.

Солтүстік Қазақстанда қазақ күресінен біріншілік өтті

Республикалық деңгейде алғаш рет ұйымдастырылған жарыстың ашылу салтанатында сөйлеген сөздерінде «Динамо» дене шынықтыру спорт қоғамы төрағасының орынбасары  Асқар Омарқұлов, қазақ күресі  федерациясы президентінің бірінші орынбасары , «Қазақстан барысы» турнирін ұйымдастырушы Арман Шораев, облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев спорттық шараның негізгі мақсаты күштік құрылымдар арасында қазақ күресін жандандыру,  жастарға үлгі ету, саламатты өмір салтын насихаттау болып табылатынын атап көрсетті.

Байрақты бәсекеге еліміздің барлық өңірлерінен, Алматы, Астана қалаларынан 48 балуан сайдың тасындай іріктеліп келіп, екі күн бойы боз кілемнің шаңын қақты. 80, 90 және  90 килодан жоғары салмақтар бойынша небір айла-тәсілдер қолданып, бірде жеңіп, бірде жауырыны жер иіскеген күш иелерін қолдаушы жанкүйерлер қатары қалың болды.

Жарыс қорытындысында солтүстікқазақстандық  Батырхан Қайырбек /80 кг./, жамбылдық Бегімхан Әділбеков /90 кг./ жеңімпаз атанды. 90 килодан жоғары салмақта  Алматы облысының намысын қорғаған Александр Касачев те қарсылас шақ келтірмеді. Оған бас жүлде-Ішкі істер министрі  Қалмұханбет Қасымов атындағы кубок салтанатты түрде тапсырылды.  Жалпыкомандалық есепте алаң иелері топ жарды. Екінші, үшінші орындарды Маңғыстау облысы мен Ұлттық гвардия командалары иеленді.

Шара барысында ұлттық спорттың дамуына зор үлес қосып жүрген  Петропавл қаласының құрметті азаматы Бауыржан Құлжанов «Динамо» қоғамының алдын медалімен марапатталды.

Өмір Есқали,

«Егемен Қазақстан»

 Солтүстік Қазақстан облысы