Аймақтар • 22 Мамыр, 2018

Қостанайда лагерьлерді жөндеуге 377 млн теңге қажет

358 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл Қостанай облысында балалар 14 жазғы лагерьде демалады. Олардың 10-ы мемлекеттік, төртеуі жеке меншік лагерь. 

Қостанайда лагерьлерді жөндеуге 377 млн теңге қажет

Облыстық Білім басқармасының басшысы Бәтима Дауымованың айтуынша, қазір лагерьлер балаларды қабылдауға шұғыл дайындық үстінде. Лагерьлерді сырлау, тазалау, ауыз суын, тамақ дайындау кешенін тексеру секілді жұмыстар атқарылып жатыр. Қостанайдағы «Мерей», Арқалықтағы «Строитель» жеке меншік лагерьлері мен интернат ұйымдары базасындағы лагерьлер балаларды қабылдауға дайын тұр. Сала басшысы сонымен қатар Жітіқара және Лисаков қалалары мен Қарабалық, Әулиекөл аудандарындағы төрт демалыс лагеріне күрделі жөндеу жұмыстары керектігін айтты. Жітіқара мен Лисаковтағы лагерьлердің жобалық-сметалық құжаттары дайын екендігі де айтылды.

Алайда, қайта жөндеуге кететін қаржы көлемі облыс әкімі Архимед Мұхамбетовті қанағаттандырмады. Лисаков қаласы демалыс лагерін жөндеуге 377 миллион теңге бюджет қаржысын бөлмек.

«Мұндай қаржыға 200 орындық бала бақша салуға болады. Ол жыл он екі ай жұмыс істейді, ал айналдырған 3 айға жетер-жетпес уақыт жұмыс істейтін лагерь үшін осынша қаржыны шығын етуге бола ма? Құрылысты барынша арзандатыңдар. Сметалық-жобалық құжат қайта қаралсын», деді Архимед Бегежанұлы.

Лагерьді жөндеуге бөлінген қаржының 50 пайызы оның фасадын жасауға есептелген. Субұрқақ салу жоспарланған. Бірақ өңір басшысы мұның барлығын да арзандатуға болатынын қайталап ескертті. Құжат қайта қаралатын болды.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

Қостанай