Аймақтар • 22 Мамыр, 2018

Солтүстік Қазақстанда жазғы ат жарысы маусымы ашылды

528 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылжар ауданында орналасқан «Құлагер» ипподромында жазғы ат жарысы маусымы ашылып, желмен жарысқан, ауыздығымен алысқан 60 сәйгүліктің шабысы бәйге десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлердің делебесін қоздырды.

Солтүстік Қазақстанда жазғы ат жарысы маусымы ашылды

Спорттық шараның ашулы салтанатында сөйлеген сөзінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров жиналған қауымды дүбірлі сайыстың басталуымен құттықтап, спортты серік етуге, саламатты өмір сүруге шақырды. Ұлттық спорт түрлері бойынша «Тұлпар», «Қызылжар арландары»  спорт клубтарының жұмыс істейтінін атап өтті.

Жұртшылық қысқа қашықтықтағы майда жорға, құнан, ұшқыр, топ және аламан бәйгелерді қызыға тамашалады. Құнан бәйгеде Қызылжар ауданының «Адате» есімді жүйрігі сөреге бірінші болып келді. Жорға жарыста да қызылжарлықтардың мерейі үстем болды.

Жарыстың көрігін аламан бәйге қыздырды. Ғ. Мүсірепов ауданының намысын қорғаған Мансұр Жастеленов «Василек» тұлпарымен алдына қара салмады.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»